Ербол Мырзабосынов Сурдлимпиада ұлттық құрамасына Мемлекеттік Туды табыс етті
- author AR-AY
- Бүгін, 14:33
- 1
Іс-шараға Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов және Ұлттық Сурдлимпиада комитетінің президенті Серік Сапиев қатысты.
Рәсім барысында министр Мемлекеттік Туды ұлттық құрамаға табыстап, спортшыларға сәттілік тіледі.
«Сурдлимпиада — елдің спорттық әлеуетін көрсететін маңызды дода. Сіздердің ерік-жігерлеріңіз бен табандылықтарыңыз көптеген адамға үлгі. Көк Туды биікте желбірететіндеріңізге сенемін», — деді Ербол Мырзабосынов.
Сонымен қатар министр спортшылардың сапалы дайындалуы үшін елімізде жаңа инфрақұрылым салу және жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. 2029 жылға дейін 113 жаңа спорт нысанын салу және 26 нысанды жаңарту жоспарланған. Сондай-ақ өңірлерде «100 жылдам салынатын спорт нысаны» жобасы табысты іске асуда.

Мемлекеттік Туды табыс ету құрметі сурдо дзюдодан Қазақстанның спорт шеберлері, өткен Сурдлимпиада ойындарының жүлдегерлері Айдос Түгелбаев пен Анна Крамороваға берілді.
«Бұл – үлкен жауапкершілік және зор мәртебе. Біз ел намысы үшін бар күшімізді саламыз», – деді Айдос Түгелбаев.
Айта кетсек, XXV жазғы Сурдлимпиада ойындары 15–26 қараша аралығында Жапонияның астанасы Токио қаласында өтеді. Байрақты додада 80 елден шамамен 3 000 спортшы 21 спорт түрінен бақ сынап, 223 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстаннан 78 спортшы 8 спорт түрінен қатысады: жеңіл атлетика, еркін және грек-рим күресі, бадминтон, үстел теннисі, жүзу, дзюдо және таеквондо.
Ұқсас жаңалықтар
Жыл басынан бері Қазақстан кітапханаларына 37 миллион оқырман келген
- авторAR-AY
- 6 қараша, 2025


