Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қажетті құжаттар саны азайды

Қажетті құжаттар саны азайды
ашық дереккөз
Қажетті құжаттар саны азайды
Үкіметте ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен цифрландыру мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға қатысушылар Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрына (ЖБМК) қатысты мәселелерді талқылады. Ол бос жер телімдерін жедел әрі ашық түрде бөлуді, сондай-ақ республиканың жер қоры туралы ақпаратқа азаматтардың толық қол жеткізуін қамтамасыз етуге арналған. Жаңа тәсілге сәйкес, таңдау, өтінім беру мен тіркеуден бастап жер телімдерін берудің бүкіл процесі электронды форматқа көшірілді. Барлық бизнес-процестер толығымен қайта қаралды. Қажетті қадамдар саны бірнеше есеге азайтылды, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі шамамен 1 жылдан 30 күнге дейін қысқарды. Талдау нәтижесінде әкімдіктер жүктеген цифрлық деректердің барлығы талапқа сай емес екені анықталды. Атап айтқанда, қолданыстағы Бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына (ЕЖЖ) түзету енгізу қажет. Сонымен қатар платформада өтінімдерді уақытылы қарамау және негізсіз бас тарту фактілері анықталды. Премьер-Министр 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап тиісті мемлекеттік қызметтерді тек цифрлық форматта сапалы түрде көрсету үшін барлық кемшіліктерді қысқа мерзімде жою керектігін атап өтті. Әлихан Смайылов: «Цифрландырудың өзі дәл осы сыбайлас жемқорлықты азайтуға және қате деректер көлемін қысқартуға, сәйкес келмейтін координаттар бойынша жер телімдерін беру фактілерін жоюға бағытталған. Бұл мәселелердің барлығы цифрландыру нәтижесінде шешілуі тиіс», деді. Үкімет басшысы аталған бағыттағы жұмысты күшейту қажеттігін айтты. Мәселен, табиғи монополистердің өтінімдерді уақытылы қарамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылуы тиіс. Сонымен қатар уәкілетті мемлекеттік органдар электрондық түрде қызмет көрсету шеңберінде шығыс құжаттарының нысандарын бекітуі, Сауда-саттықты өткізу қағидаларына және басқа да нормативтік-құқықтық құжаттарға қажетті өзгерістер енгізуі тиіс. Премьер-Министр инвестициялық штаб шеңберінде әр өңірдегі жұмыс қадағаланатынын баса айтты. «Біз әр өңірдегі жағдайды жан-жақты қараймыз. Егер жаңа жылдан бастап адамдарға рұқсат беру тұрып қалатын болса, өңірлердегі тиісті жауапты тұлғаларды жұмыстан босатуға дейін жауапқа тартамыз. Біз аталған мемлекеттік қызметті ашық қылып, цифрландырғымыз келеді, ал Бас жоспарлар мен ЕЖЖ қазіргі мәліметтерге сәйкес келмейді. Сондықтан көп жағдайда автоматты түрде рұқсат берілмей жатады. Бірақ біз кері шегінбейтінімізді ерекше атап өткім келеді. Бәрібір алға жүреміз. Бұл процесті тежейтіндерді жұмыстан шығарамыз. Олардың орнына өз қызметін лайықты атқаруға бел буған адамдарды қою керек», деді Әлихан Смайылов. Primeminister.kz
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар