КӨЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУДЫҢ МАҢЫЗЫ ЗОР
ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев облысқа жұмыс сапарымен келіп, өңір халқымен кездесті. Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров пен салаға жауапты мамандар қатысты. Басқосуда жамбылдықтар салаға қатысты көкейкесті сауалдарын жолдап, ведомство басшысы тарапынан тұшымды жауап алды.
Министр кездесуді бірден халықтың сұрағына жауап беруден бастады. Кездесуде тұрғындар өңірдегі өзекті мәселелерді қозғады. Әсіресе жол сапасы, ақылы жолдың мәселесі, вокзалдардағы келеңсіздіктер бойынша шағымданды. Алдымен сөз алған құмшағалдық Тоқберген Орынбасар бір емес бірнеше мәселені көтерді. Біраз уақыттан бері «жыр» болып келе жатқан аспалы көпір салу, Құмшағал алқабындағы мал бағатын шаруалар үшін теміржолды кесіп өтерде ескертетін дабыл сигналын орнату, сонымен бірге теміржолдан арлы-берлі өтетін балалар үшін арнайы жол картасын жасау сынды мәселелерді ортаға салды.
Сауалды мұқият тыңдаған министр аспалы көпір мәселесінің осыған дейін де көтеріліп келе жатқанынан хабардар екенін айта келе, кез келген көпірді салу үшін алдымен оның техникалық негіздемесі, жобалық-сметалық құжаты дайындалып, қаржысы қарастырылатынын айтты. «Жалпы теміржол саласында аспалы көпір салуға қыруар қаржы жұмсалатындықтан бюджеттің жағдайына қарай қолға алынатын болады», деді министр.
Теміржолдың маңайында мал бағатын шаруалар жайылымға бару үшін теміржолды бірнеше рет кесіп өтеді. Заң бойынша магистраль бойынан дабыл орнатуға болмайды. Әрі шаруалар да жақын маңдағы көпірден өтуі тиіс. Бірақ көпірдің қашықта орналасқаны шаруаларды қинап тұр. Осы ретте Марат Қарабаев шаруаларға тиімді жағын қарастыру керек екенін тілге тиек етті.
Нұржан Сәбитұлы жауаптыларға мәселені шешудің жолдарын қарастыруды, халыққа қолайлы жағдай жасауды тапсырды. Тұрғындарды толғандырған тағы бір мәселе – көлік саласындағы жемқорлық. Қоғам белсендісі Исламбек Дастан саладағы сыбайластықтың жолын кесіп, болдырмау туралы мәселені көтерді. Сонымен бірге «FlyArystan» ұшағы ұшса деген ұсынысын жеткізді. Ол аталмыш әуе компаниясының жергілікті халық үшін бағасы да, қызметі де қолайлы екенін алға тартты. Сонымен бірге «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының сапасы нашар екенін, оны зерделейтін зерттеу орталығының жұмысын сынға алды.
– Қазақстанда республикалық және жергілікті жолдардың ұзындығы 95 мың шақырымды құрайды. Жол сапасына байланысты біздің жұмысымызға көп сын айтылады. Жұмыс ауқымы үлкен. Бөлініп жатқан қаражатқа бір жағын жасасаң, екінші жағы шығады. Сосын үшінші жағы шығады. Әрине сынды көтереміз. Біз қосымша қаржыландыру көзін қарастырып отырмыз. Келесі жылы республика бойынша барлық жолдарға күрделі жөндеу жұмысы жүруі мүмкін, – деді Марат Қарабаев тұрғындармен өткен кездесуде.
Күн тәртібіндегі басқа да мәселелерге де министр егжей-тегжейлі тоқталып, кейбір өтініштерді өз бақылауына алатынын мәлімдеді.
Бұдан кейін М.Қарабаев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Екікүндік іссапар барысында ведомство басшысы өңірдегі негізгі көлік инфрақұрылымының жағдайымен танысты, теміржол вокзалында, автовокзалда болып, Меркі-Бурылбайталды қайта құру жобасы бойынша кездесуге қатысты және Қордай ауданындағы шекаралық «Қордай», «Қарасу» өткізу пунктерінің жұмысын көрді.
Айжан ӨЗБЕКОВА
aizhan-uzbekova@mail.ru
Келесі мақала