Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

баянды бастама аясында үйлі БОЛДЫМ

баянды бастама аясында  үйлі БОЛДЫМ
ашық дереккөз
баянды бастама аясында үйлі БОЛДЫМ
«Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» демекші, кісі есігін сағаламай, өз шаңырағында көсіліп жатуды кім армандамайды дейсіз. Өкінішке қарай, қымбатшылық қос бүйірден қысып тұрған қазіргі заманда баспаналы болу да оңай емес. Дегенмен халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар талайдың алыс болып көрінген арманын жақындата түсті. Алысқа бармай-ақ бір тұрғыны ретінде Қаратау қаласында атқарылып жатқан жұмыстарды айтар болсам, көз сүйсініп, көңіл марқаяды. Жыл санап қаламызда қоныстой көбейіп келеді. Бұрын аудан орталығында қаңырап бос тұрған көпқабатты тұрғын үйлер көп болатын. Сұрқы қашқан үйлерді көргенде жүрегіміз сыздайтын. Кейінгі жылдарда ұзақ уақыт қараусыз қалған тұрғын үйлер қайта жөндеуден өтіп, халыққа пайдалануға беріле бастады. Осылайша шағын қалада үміт оты жылт еткен. Жақсылықтан үмітті жұрт Қаратауға қарай жөңкіле көшпесе де, «бақытты» өмір іздеп сыртқа кететіндердің саны азайды. Мерекелерде жөндеуден өткен тұрғын үйлер пайдалануға беріліп, салтанатты іс-шара өтіп жатқанда сырттай қызығып қарап тұрушы едім. Қуаныштан жүзі бал-бұл жанған тұрғындардың орнында мен де болсам деп армандайтынмын. Арман мен қиял жетегінде жүргенде бір күні үйге Қаратау қаласының әкімі Дархан Баймбетов келе қалды. Амандық-саулықтан кейін Дархан Тобашұлы көп созбастан сөздің турасына көшіп: «Сіздердің 6 ұл-қыздарыңыз бар екен. Яғни көпбалалы отбасысыздар. Отағасының тұрақты жұмысы да жоқ. Ал сіздің тапқан азын-аулақ табысыңыз 8 адамды асырауға жетпейді. Сондықтан да біз сіздің тозығы жеткен үйіңізді «Асарлатып үй салу» жобасы аясында толығымен қайта жөндеуден өткізіп берсек деп отырмыз», дегенде сенер-сенбесімді білмей, қуанғаннан төбем көкке жеткендей болды. Көп ұзамай-ақ керекті құрылыс материалдарын аулаға түсіріп, құрылысшы жігіттер іске кірісіп кетті. Шын ниетпен қолға алып, бірлігі жараса жұмыс атқарған құрылысшылар қарасаң көз тоймайтындай етіп заманауи үлгіде жаңа үй салып берді. Осы орайда «Асарлатып үй салу» жобасының бастамашыларына, құрылыс жұмыстары толық аяқталғанға дейін басы-қасында жүрген Қаратау қаласының әкімі Дархан Тобашұлына, құрылысшыларға, халыққа, демеушілерге риясыз алғысымды білдіргім келеді. Сөз соңын мына өлең жолдарымен түйіндеуді жөн көрдім. Қадірлейді халқым жақсы істі сүйгенді, Жанұямыз бұл күнде тамаша бір күйге енді. Тозып кеткен үйімді қайта салып басшылар, Даңғарадай тамаша, заманауи үй берді. Көпшілікке бітпес іс әсте, сірә, қалған ба? Жас жігіт пен жас қыздар құлшынып бір тұрғанда. Алғысымыз таусылмас, басымызды иеміз, Басшысына ауданның –Жүнісбеков Нұрболға. Отырушы ек бәріміз ұядай бір тар тамда, Ауыр жүк те қалмады енді менің арқамда. Қаламыздың басшысы көп жүгіріп, іс бітті, Нұры жаусын Алланың Баймбетов Дарханға. Айналайын халқымнан, айналайын салтыңнан, Өзгермеші ешқашан мейірбанды қалпыңнан. Рақмет сізге, ағалар, оңға бассын істерің, Үлгі алсын жас ұрпақ, келе жатқан артыңнан! Жанар БЕКБОСЫНОВА, Байзатов көшесі, №20 үйдің тұрғыны, көпбалалы ана, Қаратау қаласы
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар