Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ҚЫЗ ТӘРБИЕСІ – ҰЛТ ТӘРБИЕСІ

ҚЫЗ ТӘРБИЕСІ – ҰЛТ ТӘРБИЕСІ
ашық дереккөз
ҚЫЗ ТӘРБИЕСІ – ҰЛТ ТӘРБИЕСІ
«Қыз» қасиетті сөз. Қасиетті болатыны бүкіл адамзат қыздан тарайды: қыз келін болады, келін анаға айналады, ал ана әже деген зор дәрежеге жетеді. Осы үшеуі арқылы ұрпақ өсіріп, ұлт қатарын көбейтеді. Қыз абыройы – болашақ отбасының, босағаның беріктігіне қатысты мәселе. Ата-бабамыз «Қыздың жолы жіңішке» деп, оның абыройын сақтауын қатаң қадағалап отырған. Қыз баланың абыройы оның ақыл-парасатына, инабаттылығына, махаббатты жоғары бағалауына байланысты. Ал әке-шеше, туған-туысқан, бауыр өз қыздарының абыройлы болуына ерекше мән беріп, қадағалайды, әсіресе қыз тәрбиесіне анасы жауапты. Қыздың намысы мен ары, адамгершілігі оның оқуға, қоғамдық пайдалы істерге, отбасына, құрбы-құрдастары мен ұжымға қарым-қатынасына байланысты. Әрбір қыз балаға ата-анасын, ұстазын сыйлап, қадірлей білуді үйретсе, болашақта одан елін, жерін, халқын сүйетін, өз шаңырағын ардақтайтын, балаларын жанындай жақсы көретін қамқор ана, қайратты жан, нәзік ару шығары сөзсіз. Қыз баланың бойына сыпайылық, мейірбандық, адалдық, сезімталдық және еңбекқорлық сияқты қасиеттерді кішкентайынан бастап дарытуды халқымыз өте ежелден қолға алған. Қазақ қызы туралы елімізге белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева «Өмірде қыз болу бар да, нағыз қазақ қызы болу мүлдем бөлек» деп пікір айтқан екен. Сол тәрізді ата-дәстүр, салт-сананы берік ұстанып өскен қазақ қызы қай ортада болсын, өзінің ерекше болмысымен көзге түсетіні анық. Меніңше, қазақ қызының бойындағы асыл қасиеттерімен бірге сыр-сымбаты да өзге ұлттан дараланып тұруы тиіс. Өйткені қазақ халқы алдымен ар-ұятты, намысты қашанда басты орынға қоя білген. Иә, ұлтымыздың ар-ожданы, келбеті болып саналатын қыз балалардың орны қашанда жоғары. Өкінішке қарай, бүгінде «Қызға қырық үйден тыйым» деген сан ғасырлардан мирас болып келген тамаша тәрбие тетігі істен шығып қалғандай әсер бар. Қазіргі таңда қоғамда кейбір тәнін жалаңаштаған ұятсыз сылқымдардың, ардан безген «түнгі көбелектердің», өз баласын оп-оңай өлімге қиған безбүйрек бикештердің кесірінен бүтін «Қазақ қызы» деген ғажап атқа дақ түсіп тұрғаны қынжылтады-ақ. Одан қала берді, күнделікті әлеуметтік желілерде жарыса жазатын қазақ қыздарының шетелдік азаматқа тұрмысқа шығуы үлкен проблемалы мәселеге айналып отырғаны да жасырын емес. Расында, бұл дабыл қағатын ұлттық мәселе. Қазақ отбасында әрдайым: «Әдепті бол, тәрбиесіздік етпе, көргенсіз болма» деген сияқты сөздерді балаларының құлағына құйып, өз баласын мейірімділікке, имандылыққа баулып өсірген ғой. Ұлттық салт-дәстүрімізді білу, оның астарын түсініп, атадан балаға мирас ету қазіргі таңда әсіресе қазақ қыздары үшін ауадай қажет. «Қыз тәрбиелей отырып – ұлтты тәрбиелейміз» деген қанатты сөздің өзі қыз бала тәрбиесінің қаншалықты маңызды екенін білдіреді. Қыздың бойындағы ізеттілік, көргенділік нәресте кезінен ана сүтімен бойына сіңеді. Қатты күлмеу, айқайлап сөйлемеу, үлкеннің жолын кеспеу, ыдыс-аяқты сылдырлатпау, алдымен кіріп, артымен шығу, есікті теуіп ашпау, босағаны кермеу, үлкендерден жоғары отырмау тәрізді, тіпті қыз баланың отырысына, жүрісіне, киім киісіне, дауыс ырғағына дейін мән берілген. Ал қазір ше? Қазіргі қоғамда ата-ана қаншалықты үйдегі қыз баланың тәрбиесіне көңіл бөледі? Қыз баласын еркелетіп өсіру керек деп, бетін қақпай тым шолжаң қылып жіберген отбасылар да бар. Мұны да кеш болмай тұрып ақылға салып ойланғанымыз жөн. Әрбір қыз балаға ата-анасын, туыстарын, ұстаздарын сыйлап, қадірлей білуді үйретсе, болашақта одан елін, жерін, халқын сүйетін, өз шаңырағын ардақтайтын, балаларын жақсы көретін қамқор ана, қайратты жан, нәзік ару шығатыны сөзсіз. Қыз баланың жақсы болып өсуіне оның өскен ортасының, бірге жүрген құрбы-құрдастарының, дос-жарандарының да әсері күшті. Қазақтың «Қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол», «Қызға қырық үйден тыйым» деген нақыл сөздері сол өмір тәжірибесінен алынған. Сонымен қазіргі заманғы қыздардың бойынан ақылдылық, инабаттылық, сымбаттылық, көріктілік және де іскерлік қасиеттері де табылуға тиіс. Дана халқымыз «Өнерсіз қыздан без, өнегесіз ұлдан без» десе, данышпан Абай атамыз «Ары бар, ақылы бар, ұяты бар, Ата-ананың қызынан қапы қалма» деген екен. «Қыз өссе – елдің көркі», дегендей елдің сәні, көркі қыздардың шырайланатыны шындық. Халқымыздың қыз балаға деген құрметі ежелден ерекше болған. «Қызды төрге отырғыз, төреңдей күт» дейтін халық қыздарын бақыт құсына балап, әлпештеп, аялаған. Қыз баланың тәрбиесі ата-анаға да үлкен сын. Қыз баланың әдептілігі сөйлеген сөзінен, істеген ісінен, мінез-құлқынан, әртүрлі жағдайда өзін-өзі ұстай білуінен, жолдас-жораларымен және жай былайша адамдармен арақатынасынан, жалпы барлық жүріс-тұрысынан көрініп тұрады. Қыз баланың әдепсіздігі оның бақытты болуына, өсіп өнуіне үлкен нұқсан келтіреді. Қыз баланың шашын қырқуы, кісінің бетіне тіке қарау, ер адамның алдын бұлаңдап кесіп өтуі, қыдырымпаз, сауықшыл болуы үлкен мін болып саналады. Сондықтан «қызға қырық үйден тыйым» деп, қыздарға қырағы қарайды. Қызды жанының нәзік сезімталдығы, үй тірлігіне жақындығы, ертеңгі ана болу ерекшелігі тәрбиеде ұл балаға қарағанда біраз өзгеше қарым-қатынасты қажет ететіні анық. Сондықтан қыз ибасы, қыз әдебі дегенге жеңіл-желпі қарауға мүлдем болмайды. Қыз баланың тым әлем-жәлем киініп, көзге түсуге тырысуы, орынсыз боянып-сылануы ерсі. Сонымен қатар өзінің сырт пішініне, киім сәніне немқұрайлы, салғырт қарауы да келіспейді. Бұл оның тәрбиесінің жетімсіздігі, төмендігі. Қазақтың батыл қыздары, ақын қыздары, ақылды қыздары ұлтты тәрбиеледі. Қазіргі заман қыз бала тәрбиесіне ерекше мән беруді қажет етеді. Себебі қыз баланы тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу деген сөз. Отбасы – қоғамның бір бөлшегі. Ал отбасының алтын қазығы – әйел адам. Бесігінде жақсы тәрбие алған, үлгі-өнеге көрген қыз бала бойжеткенде сол әдетін сақтайды.Қазіргі заман қыз бала тәрбиесіне ерекше мән беруді қажет етеді. Себебі қыз баланы тәрбиелеу деген сөз – ұлтты тәрбиелеу деген сөз. Отбасы – қоғамның бір бөлшегі. Ал отбасының алтын қазығы – әйел адам. Бесігінде жақсы тәрбие алған, үлгі-өнеге көрген қыз бала бойжеткенде де сол әдетін сақтайды. Қорыта келгенде, қыз баланың тәрбиесін үлкен жауапкершілікке алуымыз керек. Демек болашақ жас ұрпақты адамгершілігі мол, иманды, өнегелі, өнерлі етіп тәрбиелеу – қазіргі отбасына үлкен міндет. Сонымен қазақ отбасында тәрбиенің негізі – ұлттық салт-дәстүрлер. Алдымызда өз ұлтының намысын бәрінен жоғары қоя білетін, елінің сөзін сөйлейтін жас ұрпақты баулу, тәрбиелеу міндеті тұр.

Маржан БЕКЕТОВА, М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ІІІ курс студенті

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар