Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ҚАЗАҚТЫҢ ТӨЛҚҰЖАТЫНА АЙНАЛҒАН БАС ҚАЛА

ҚАЗАҚТЫҢ ТӨЛҚҰЖАТЫНА АЙНАЛҒАН БАС ҚАЛА
ашық дереккөз
ҚАЗАҚТЫҢ ТӨЛҚҰЖАТЫНА АЙНАЛҒАН БАС ҚАЛА
Кешегі күркіреп, күн астына жортқан Күлтегіндер мен садағын сағымға ілген Сақтардың ұрпақтары орта Азияның кіндігінде дәл бүгінгідей күн кешер деп кім ойлаған десеңізші?! Иә, уақыттан ұлы ештеңе жоқ. Бүгінгі күніміздің өзі ертең тарихқа айналады. Қазақ даласында Сауран, Сығанақ, Отырар, Түркістан, Сарайшық деген сияқты қалалар болғанымен, арнаулы астана салдырған хандар жоқ. Қазақты отырықшылыққа ойыстырып, Еуропа үлгісінде қала тұрғызуды армандаған Жәңгір хан, Ақсақ темір сияқты санаулы тұлғалар ғана бар. Ал өз алдына қазақтың нағыз заманауи астанасын салғызған адам ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Атағы алты құрлыққа жайылған кез Шын мәнінде кешегі Абылай хан аң аулап, құс салып, сайран құрған Сарыарқаның төсінде шаңырағына құс ұялаған шаһар тұрғызу – бүгінгі қазақтың арманының орындалғаны. Осы бір арқаның төсінде, Қараөткелдің жағасында 1832 жылы Ақмола бекінісі салынған болатын. 1863 жылы 16 шілдеде Ақмола қаласы аймақтық қала болып ресми түрде бекітілсе, 1960 жылдың желтоқсанында Ақмола Қазақстанның барлық тың игеретін облыстарының орталығы болып жарияланды. Сөйтіп қала 1961 жылға дейін Ақмола, 1961 жылдан 1992 жылға дейін Целиноград, 1992 жылдан 1998 жылға дейін Ақмола деп аталып келді де, 1998 жылы атын тағы ауыстырды. Бұл тарихи өзгеріс Тұңғыш Президентіміздің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілуінен басталды. Сөйтіп алты алаштың арманын тоғыстырған астананың халықаралық тұсаукесері сол жылы 10 маусымда өткен болатын. Ал одан бір жылдан кейін ЮНЕСКО шешімі бойынша Астанамыз «Бейбітшілік қаласы» атағын алды. Содан бері күннен-күнге төрт ауданнан тұратын астанамыздың төрт құбыласы теңесіп келеді. Астананың атағын аспандатқан – 2017 жылы өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі. Ерке Есілдің сол жағына орналасқан көрменің архитектуралық символына айналған орталық нысан «Нұр әлем» деп аталды. Ал диаметрі 80 метр болса, биіктігі – 100 метр алып шар тәрізді ғимарат – әлемдегі ең үлкен сфера екенін біреуі білсе, біреуі білмейді. Оның сегіз қабаттан тұратын нысанның әр қабаты ғарыш, күн, биомасса, жел, су және кинетикалық энергияға арналған. Ал сегізінші қабат «Астана – болашақтың қаласы – 2050» экспозициясына арналған. Сол сияқты ұлттық павильонымыз да әлем халықтарын өзіне таңғалдырған болатын. Бұл біздің жаңа қаламыздың келбетін айшықтап, тарихи орнын бекітуде үлкен рол атқарған көрме болды. Астананы ауыстыру идеясы Елбасының елорданы көшіруінің де түпкі идеясы ұлтты ұйыстыру болса, оның ар жағында небір тарихи оқиғалар мен жұмбақ сырлар жатыр. Шын мәнінде Сарыарқаның осы бір мидай жазық, арқа жағын жел сойған, етек жағын сел шайған далада заманауи, нағыз осы заманғы қазақ мәдениетінің көрінісі тапқан қала салу біздің ғасырлар бойы аңсаған арманымыз еді. Ата-бабаларымыздың аманатына қиянат жасалмағаны, біздің ең ұлы жетістігіміз болып қалды. Бұған дейін қазақтың небір тарихи қалалары жер бетінен жоқ болып кеткені де бәрімізге аян. Дәл сондай қаланың бірі Бозоқ қаласы. Құрылымы 3 бөліктен тұратын бұл қала солтүстіктен оңтүстікке қарай Есіл – Нұра – Қорғалжын – Сарысу – Сырдария бағытындағы, шығыстан батысқа қарай Моңғолия – Алтай – Хазария – Болгария – Русь бағытындағы керуен жолдардың түйіскен жерінде орналасқан. Бұл қаланың орнын 1998 жылы ғалымдарымыз анықтаған. Содан Бозоқ қаласы VІІІ-ХVІІІ ғасырларда өмір сүрген деген тұжырым жасалған. Ол Қыпшақтардың астанасы болған. Түркілік дүние танымда «боз» сөзі «боз дала», «ақ селеулі құтты қоныс» деген мағына береді. Тіпті кей жазба деректерде Бозоқ қаласы тұрған жерді Қыпшақтар, Оғыздар да жайлаған дейді. Ежелгі және ортағасырлық мемлекеттердің әкімшілік құрылымы: шығыс иелік – бұзық, батыс – үшік, орталық – орда деп аталып бөлінген. Сондай-ақ «Бұзұқты» деген көл де болған деседі. Соған байланысты ғалымдар мен зерттеушілер «бозоқ» сөзінің этимологиясына қарап, археологиялық ескерткішті – Бозоқ қалашығы деп атаған. Ал оның мағынасына келсек, түркіше «оғыз» термині «бұзық» – енуші, бұзушы оқ немесе «Боз оқ» дейтін болсақ – боз түсті оқ дегенді де білдіреді. Ол және де түркі сөзінің этимологиясы бойынша «боз» бірқатар ауыспалы семантикалық мағына береді, олардың ішінде: өңделмеген жер, тың, жусан деген мағынаны да білдіреді. Сондай-ақ қазба жұмыстарына сәйкес, археологиялық деректерге жүгінер болсақ ондағы табылған ағаш үйлер мен киіз үйлер және діни храмдардың барлығы бұл қаланың түркілік екенін дәлелдейді. Мінеки, он екі ғасырдан кейін сол қаланың орнында тұрғызылған қазақтың елордасы бүкіл елді аузына қаратып тұр. Қаланың көркін ашқан құрылыстар Қай қала болса да адамды өзіне баурап алатын құрылыстарымен ерекшеленіп тұрады. Дәл сол сияқты біздің астанамызда орналасқан көркі көз тартатын орындар аз емес. Әрине, астана десе бірінші елдің ойына 97 метр биіктігі бар «Бәйтерек» түседі. Онда барған адамдардың барлығы сол «Бәйтеректің» басына шығып суретке түспей өзін Нұр-Сұлтан қаласында жүргендей сезінбейтіні анық. Бәйтерек қазақ халқының наным сенімінде бақытқа жетелейтін мәуелі ағаш. Ол киелі ұғым саналады. Бүгінгі қазақтың елордасында орналасқан бұл «Бәйтерек» соның типтік нұсқасы. Ол үш әлемнен құрылған мұнара. Яғни жер асты, жер беті және аспан. Оған шыққан адам қаланың барлық тұсына көз жүгірте алады. Ең төбесіндегі зал ортасында әлемдік діндердің өкілдері қол қойған 17 жапырақты ағаш глобус және қазақ елінің бейбітшілік нышанына айналған «Аялы алақан» таңбасы орналасқан. Кешеннің үстіңгі жағында орналасқан бұл алып шардың диаметрі – 22 метр, салмағы – 300 тонна. Ол «хамелеон» әйнектерінен жасалған. Күн сәулесінің түсуіне байланысты шардың түсі өзгеріп тұрады. Хан Шатыр Қазақтың тарихи дүниетанымы мен түсініктеріне сәйкес құрылыстары салынған елордада бір жағына қисайып тұрған «Хан Шатыр» сауда және ойын-сауық орталығы адамды өзіне атымен де тұрған бейнесімен де тартады. Ал қазақтың бұрынғы хандары ұзақ жорықтарға шыққанда межелі жерге жетпей ордасын тікпеген. Жол-жөнекей тоқтағанда шатыр тігіп, уақытша отыратын болған. Міне, сол уақытша қонысты хан шатыр деп атаған. Ал осы бір тарихи атауды қайта жандандырып, өмірдің өзі көшпелі екенін философиялық тұрғыда бейнелеп тұрған заманауи құрылыс «Хан шатырдың» тұрғызылуы да тегіннен тегін емес. Сырты тұтас әйнектен тұратын бұл кешеннің биіктігі 200 метр және алты қабатты. Ол әлемдегі шатыр форматындағы құрылыстардың ең үлкені. Ол бір шатырдың астына әлем деңгейіндегі ойын-сауық және сауда-саттық нысандарын біріктірген алғашқы лайфстайл-орталық. Оның сәулетшісі Лондон қаласындағы атақты Mіllennіum Brіdge ғимаратын, Пекиндегі әлемдегі ең ірі әуежай құрылысын жобалаған ағылшын сәулетшісі Норман Фостер. Пирамида Еңселі елорданың тағы бір көз тартатын құрылысы ол – пирамида үлгісіндегі Бейбітшілік және келісім сарайы. Пирамида көрсек немесе атын естісек біздің ойымызға бірден Египет түседі. Әрине, әлемнің жеті кереметінің бірі болған пирамида адамды өзіне тартпай қоймайды. Бірақ сол ежелгі мысырлық пирамидалардың құрылысын кімдер және қалай салғаны әлі жұмбақ. Тіпті кей деректерде оны да біздің ата-бабамыз салған деген де түсінік бар. Топырағын сүтпен илеп салыпты деген аңыздар да жоқ емес. Бұл енді басқа әңгіме. Ал енді өзіміздің елордамыздағы пирамидаға оралсақ, оның Бейбітшілік және келісім сарайы аталуында да үлкен сыр бар. Ол топырақтан үйілген жасанды төбешіктің үстіне салынған. Биіктігі 62 метрді құрайтын бұл құрылыстың бірінші қабатында мың жарым адам сиятындай опера залы бар. Қазақта бесік қасиетті дүние саналады. Ал пирамиданың төбесіндегі мәжіліс залы «Бесік» деп аталады. Бұл адамзат татулықпен бейбітшілікте тербетілсін деген мағананы білдіреді. Сондықтан онда түрлі саяси шаралар, конгресстер мен съездер ұйымдастырылып тұрады. Сондай-ақ көрме залдары, конференц-зал, қысқы бақ сияқты залдары көздің жауын алады. Тағы бір ерекшелігі дүниенің өзі ақ пен қарадан тұрғандай, пирамиданың іші жарық және қараңғы бөліктерге бөлінген. Үшінші қабаттан төмен жер асты әлемін бейнелеп ол ылғи да күңгіріт болып тұрады. Ал одан жоғары қабаты жерді бейнелегендіктен мұнда жарық көп. Сонымен қатар пирамиданың ұшар басына апаратын баспалдақтар да бір-бірімен түйіспейді. Онда керісінше өсімдіктер әлемі орналасқан. Мәңгі көгеріп, көктеп тұрайық деген мағананы аңғартады. Жалпы, ғимараттың биіктігі 75 метрді құрайды. Бұл сарайда әр үш жыл сайын дүниедегі әлемдік және дәстүрлі діндердің лидерлері кездесу өткізіп тұрады. Қысқасын айтқанда, бұл нағыз қазақы әлемнің бір бөлігі деуге болады. Бұл құрылыстардан бөлек, астанада әлемнің түрлі мемлекеттерінің символдық құрылыс нысандары салынған. Әзірет Сұлтан мешіті, «Алау» мұз айдыны, «Барыс арена» «Абу-Даби Плаза Астана» кешендері мен 30 мың орындық жабық «Астана арена» стадионы, 3500 орындық киноконцерт залы сынды елорданың ажарын ашатын сәулетті құрылыстары тағы бар. Тіпті ЮНЕСКО шешімімен 1998 жылы біздің елордамыз «Бейбітшілік қаласы» деген атауға сай деп танылып, медальмен марапатталған. Міне, бір сөзбен айтқанда бұл нағыз қазақтың астанасы, қазақтың өз қолымен тұрғызған бірден-бір қаласы. 2019 жылы 23 наурыздағы Қазақстан Республикасының екінші Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Астана қаласының аты экс-президенттің еңбегінің құрметіне – Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта аталды.

Шапағат ӘБДІР

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар