Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қылығы балдай – Балнұр қыз

Қылығы балдай – Балнұр қыз
ашық дереккөз
Қылығы балдай – Балнұр қыз
Осы күні кім көрінген «блогер» болып алды. Қаптаған іnsta-жұлдыздар оқырман жинап, жарнама арқылы пайда табуда. Бағдарлама ашқандары және бар. Өзіміз де «Мен блогермін» деп кеуде қағатын біраз адамды білеміз. Facebook, Instagram желісінде – жұлдыз. Оның көзқарасымен: «Айтқаным – ақиқат. Шенділердің бәрі – жаман». Сондай-ақ инстажелісін түрлі жарнамалармен толтырып қояды. Айдарымыздың бүгінгі кейіпкері, журналист Балнұр Бектұрғанова да блогер. Бірақ жоғарыда айтылғандарың қатарынан емес. Әлеуметтік желідегі жүргізетін бағыты басқа. Облыс тұрғындарына тәтті күлкісімен көтеріңкі көңіл күй сыйлап жүрген блогер қыз журналистика саласына ойламаған жерден келген. Жастайынан жазу-сызуға құмар, шешендетіп сөйлегенде кәдімгі тіл мамандарының өзін жолда қалдыратын ару қызды ата-анасы «осы қызым өскенде журналист болады-ау» деп ойлаған көрінеді. Оқуында озат, жаңа нәрсені тануға жаны құмар Балнұр жоғары сыныпқа көшкенде химия саласын, нақтырақ айтсақ «биотехнолог» мамандығын таңдап, барлығын таңғалдырады. Себебі кейіпкерімізді танитын жақындарының бәрі сөз саптауына қарап мұны болашақ журналист деп елестетіп жүреді. Тіпті ата-анасы «Қызым, бәлкім әлде де болса кеш болмай тұрып ойланып көрерсің», деп ақыл қосқан. Балнұр сонда да өз позициясында қалып Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіне «биотехнолог» мамандығы бойынша оқуға түседі. Білімге құштар жас талап мұнда да дарындылығымен, қырағылығымен көзге түсіп, қатарластарының алды болады. Шартарапты жаулаған коронавирус пандемиясы кезінде оқуы онлайн режиміне ауысуына байланысты туған өңіріне қайта оралады. Кішкентайынан бос қарап жатуды ұнатпайтын Балнұр бірде «Jambyl» телеаранасы журналистер арасында кастинг ұйымдастырып жатқанын құлағы шалып қалады. Бұл кезде кейіпкеріміз 4-курс студенті. Дипломдық жұмысы өз алдына қарбаласы көп шешуші уақыт. Сонда да «Журналистикадан хабарым жоқ, мамандығым басқа, мені ала қояр деймісің? Дегенмен көре салайын», деп көп нәрседен үміттенбей іріктеуге қатысып көреді. Қызығы да сол, жүздеген үміткердің арасынан ақтық сынға сүрінбей өткен он тоғыз үміткердің арасында Балнұрдың да есімі аталады. Екінші кезеңнің талабына сәйкес кастингке қатысушыларға мақала жазу тапсырылады. Сөз байлығы жақсы, тілі орамды болғанымен мектеп кезіндегі эссе, шығармаларды қоспағанда бұрын-соңды мақала жазып көрмеген қыз аздап қобалжиды. Пандемия кезеңі болғандықтан, ең өзекті тақырып қой деп коронавирус жайында қалам тербейді. Алғашқы мақаласы болса да, кәсіби журналистердің жазғанынан кем емес. Осылайша екінші кезеңде де қазылардың көзіне түскен жалынды жас «Jambyl» телеарнасының «Tangy time» хабарының жүргізушісі болып шыға келеді. «Бақ шаба ма, бап шаба ма» немесе «Қуған жетпейді, бұйырған кетпейді» деген осындай болар. Перзентінің журналист болуын қалаған ата-анасының тілеуі болар бәлкім. Қалай болғанда да соншама бұрын тәжірибесі жоқ, ғылым жолын қуып жүрген білімгердің «сен тұр, мен атайын» деген үміткерлердің ішінен суырылып шығуы бекер емес. «Мені алмайтын шығар. Солай болған күнде де жоғалтар ештеңем жоқ» деп ойлап жүрген Балнұр телеарнадан шақырту алғанда сенер-сенбесін білмей абдырап қалғандығын айтады. – Маған хабарласып кастингтен өткенімді айтып, жұмысқа шақырғанда қалай қабылдарымды білмей қалдым. Әрине, қатты қуанғаным айтпаса да түсінікті шығар. Бірақ соңғы курс болған соң дипломдық жұмысымды жазу керек дегендей. Ол жағы қалай болар екен, үлгеріп алып жүре аламын ба деген қорқыныш та болды. Әсіресе бұрын камера алдына шығып, бағдарлама жүргізіп көрмегенмін. Дайындық барысында іштей қобалжып, даусым дірілдеп шығып жатты. Оларды жеңбесең тағы қиын. Бәрі де экран арқылы көрерменге байқалып тұрады. Бірақ жетекшім Мөлдір Анарбаева мен режиссер аға-әпкелерімнің қолдауының арқасында уайымымды да, қорқынышымды да жеңдім. Бұл тұста микрофонның рөлі зор болды. Дірілдеп, сәл ауытқып бара жатсаң режиссер ағаның «Балнұр, жинал!» деген бір ауыз сөзінен өзіңе тез келесің. Мөлдір әпкенің «Жақсы әсер қалдыру үшін күлімдеп отырғаның жөн» деген ақылы есімде қалып қойғаны соншалық, ең алғашқы хабарымды жүргізгенде бір сағат бойы күліп отыра беріппін. Түсірілім аяқталған соң бір-ақ байқадым, езуім қатты ауырып қалыпты, – дейді кейіпкеріміз. Телеарна жұмысы жауапкершілікті талап етеді. Бұрынғы күн тәртібі 180 градусқа өзгерген. Таңғы бағдарламаға үлгеру үшін таңғы 5:00-де тұрады. Бір жақсысы, хабарыңды аяқтап, өзіңе жүктелген тапсырманы өткізіп қойсаң боссың. Балнұр сол бос уақытын дипломдық жұмысын жазуға арнайды. Сөйтіп қызметі мен оқуын қатар алып жүргенде жыл соңы таяп қалады. Маңызды кезең. Телеарнада да «Tangy time» хабарының кезекті маусымы аяқталады. Балнұр да дипломдық жұмысын қорғау үшін Көкшетауға аттанады. Оқу орнындағы кураторы, ұстаздары, группаластары бәрі де бұның телеарнаға жұмысқа тұрғанын біліп алған екен, шетінен келіп құттықтап жатты. Өзіне түскен тақырып аясында жыл бойы ізденген аруға бұл тапсырма да аса қиындық тудырмайды. Жыл бойы ізденіп, талпынып жазған жұмысы жоғары баға алып, өзі оқуын қызыл дипломмен тәмамдайды. Қанша уақыт ұйқы көрмей, жар құлағы жастыққа тимей дайындалғанда осылай еңбегі ақталғанын көргенде Балнұр қыз өзін ұстай алмай қуанғанынан жылап жіберіпті. Қандай да болсын саланың мықты маманы атану үшін ең әуелі тәжірибе керек екендігінің тағы бір дәлелі – біздің кейіпкеріміз. Өзі оқымаған мамандығы болса да, өмір мектебінен өтіп, тәжірибе жинап, үлкен-аға әпкелерінің қайрап-қамшылауымен шыңдалған қыздың алға қойған арман-мақсаты жетерлік. Ойда-жоқта журналистік жолға түскен Балнұрды көпшілік желі жұлдызы ретінде таниды. Әлеуметтік желіге 2015-16 жылы тіркелген ол осы уақытқа дейін парақшасына салған жазбаларының барлығын өткен күндердің белгісі, тарихи сәттері деп санайды. «Қайырлы таң» бағдарламасының жүргізушісі болып жүргенде тіркелген оқырмандарымен жақын жандардай болып кеткен. Таңертең эфирге шығып, оқырмандарын оятып, жақсы күн тілеп «Қайырлы таңды» ұмытпай көріңіздер» дегеніне қарап, Балнұрды әлеуметтік желінің «Қайырлы таңы» атап кеткен. Әлеуметтік желіні күнделікті қолданып, желі белсендісі атанса да кейіпкеріміз өзін асып-тасқан керемет блогермін деп есептемейді. – Қазір екінің бірі өздерін блогер санайды. Бірақ мен не ішіп, не жегенінің бәрін тізіп отыратындардың қатарынан емеспін. Өзімді іздейтін, ерекше жазба күтетін аудиторияма тек қажетті, пайдалы дүниелерді ұсынғым келеді. Оқырмандарымның басым көпшілігі – қыз-келіншектер. Сондықтан да өзімнің істеп жүрген жұмыстарым, өмірім, осы уақыт аралығында жинақтаған тәжірибем арқылы нәзікжандыларға ерінбей еңбек ететін жандарға мүмкіндік көп екендігін жеткізгім келеді. Біздің қоғам «қыз баласына білім аса қажет емес» деген ойдан әлі арыла алмай келеді. Әрине, қарсы шығар ойым жоқ, қыз баласының ең әуелгі миссиясы – аяулы жар атанып, өмірге сәби әкелу. Бірақ ерлермен қатар еңбек етіп, мемлекеттік мекемелерде жауапты қызметтер атқарып жүрсе оның несі айып. Мен қыз-келіншектерге осыны жеткізгім келеді. Оларды ынталдандырып, мотивация беру арқылы бір жанға болса да пайдам тиіп жатса еңбегімнің зая кетпегені. Өзім оқырмандарыма позитивті көңіл күй, күлкі сыйлауға тырысамын. Көптеген жазылушыларым «Сіздің парақшаңызға кірсем, бір серпіліп қаламын. Көңіл күйім болмаған сәтте видеоларыңызды көремін» деген пікірлерді жиі жазып жатады. Менің салған қандай да бір дүниемнен оқырмандарым сәл жымиятын болса, бұл – мен үшін үлкен жетістік деп білемін, – дейі ол. Балнұрдың көп блогерсымақтардан айырмашылығы – гив ойнатып, оқырмандарын қаржы пирамидаларына алдандырып, обалына қалмайды. Блог жүргізудегі негізгі бағыты – қазақы контент. Жарнама мүлде жасамайды деуден де аулақпыз. Қазақы брендтегі киімдерді шығарып жүрген дизайнерлердің фотосессиясына қатысып, жарнамасын жасап береді. Мөлдір Анарбаеваның «Мұрагер» фотостудиясына, қазақы нақыштағы киімдерді насихаттап жүрген Жансая есімді жас дизайнердің фотосессиясына түсіп, жарнамалаған. Қазақы ою-өрнекті киімдердің заманауи бағытта өңделіп, ақырындап қайта қолданысқа еніп жатқандығына шын жүректен қуанады. Сол киімдерімен парақшасында да түрлі видеолар түсірген. Күлкісі әсем аруды қаламыздағы тіс емханалары жарнама жасауға шақырып тұрады. Өзіне жарасымды ерке қылығына қарап оқырмандары «қазақтың ару қызы» деп еркелетіп қояды. «Қазақы болмысын сақтаған ару» деген атақ мен үшін үлкен мәртебе дейді кейіпкеріміздің өзі. Жас та болса кейінгі буынның ашық, денесіне жабысып тұратын киім киіп жүрулерін құптамайды. Ешкімге ұқсамайтын, бітімі бөлек ару қыздың тағы бір ерекшілігі – көп киімін анасы қолдан тігіп береді. Кәсіби тігінші емес, ешқандай да тапсырыс қабылдамайды. Тек қызының жарқырап жүргенін қалайтын аналық мейірімі. Қазақылығын сақтаған қолаң шашты ару қыз, тәтті қылығымен, әдемі сөйлей білу өнерімен көпшілікке сүйкімді. Бірде құрбыларының ұзату тойы деп, жұмыс деп, күйбең тірлікпен әлеуметтік желіге біршама уақытқа шықпай қалады. Сонда оқырмандары «Қайда жоғалып кеттіңіз. Бір жағдай болды ма деп уайымдап кеттік» деп қатты іздеген екен. Оқырмандарына осыншалықты бағалы екенін сонда біліп, іші жылып қалады. Ол ол ма, өмірінде үлкен қиындық болып, арты депрессияға дейіп апарады. Төзімі мен шыдамдылығы сыналған сол ауыр кезеңнен оқырмандарының демеуі, ыстық ықыласы мен жан жадыратар пікірлерінің арқасында аман өтеді. Бәлкім содан болар Балнұрға әлеуметтік желі де, ондағы оқырмандары да ерекше ыстық. Көкшетаудағы оқуын бітіріп, қолына қызыл дипломы тиісімен Жамбылға қайта келген ару телеарнаға оралуға асықпайды. Телеарнада жүргенде Тараз қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі орталығында жұмыс істеуге шақырту алған екен, оқу бітіріп келгенде ұсыныс қайта түседі. Алдында «Телеарнада кейде бос уақыт болады. Сол сәттерде оқуыммен айналыса аламын, ал ол жер ресми мемлекеттік мекеме, жауапкершілік те екі есе. оқуыммен алып жүре алмаймын-ау» деген оймен бас тартқан. Екінші рет бір орында тұрып қалғаным жарамас деп санап, ұсынысты қабылдайды. Қазір Балнұр қалалық әкімдіктің медиа орталығында қызмет етіп жүр. Телеарнадағы ұжымға, оның атмосферасына, достарына үйреніп кеткен қыз жаңа орынға сіңіп кете аламын ба деп қорқақтап барады. Бірақ онысы бекер екен. Қазір осы ұжымның «ерке қызы» атанған. Әлеуметтік желідегі оқырмандарына да, ұжымы мен жақындары «тәтті ару» деп еркелететін Балнұрдың негізгі принципі қандай жағдайда да адам адамдығын жоғалтпауы керек. Әрдайын күлімдеп жүретін ару, айналасына жағымсыз энергия шашып жүретін адамдарды ұнатпайды. Өмір әркімді әрқалай сынайды. Бәрінің басынан қиындықтар өтеді. Солай болды екен деп өмірден түңіліп, айналаға жеккөрушілікпен қараған дұрыс емес деп санайды. Тіпті желіде де жағымсыз пікір қалдырып жататындарды түсіне алмайтынын жасырмады. Әсем күлкісімен айналасына нұр сыйлайтын қылығы балдай Балнұр қыздың біз көрсеткіміз келген болмысы осындай.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар