СУ ТАПШЫ БОЛСА, ЕГІНГЕ ОБАЛ
Жердің төсін емген диқандар еңбегінің жемісін төккен теріне қарай көретіні белгілі. Көктем шыға алқапты бетке алып, ала жаздай кетпенін иығына асынып, арық жағалаған шаруа үшін қара күзге дейін тыным болмайтыны ақиқат. Қазір ақ егіске орақ түскен сәт. Мұндай қызу науқан шаруаның сылбыр қимылдағанын күтпейді. Бітік шыққан ақ егісті шашпай-төкпей жинап алу, еселі еңбектің маңдай терін қырманға тау-тау болып үйілген қызыл дәнмен өлшеу, оны ақтап қамбаға жөнелту шаруа диқан атаулының жылдағы күйбең тірлігі.
Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы Тұңғыш Жанұзақ: «Қара күз бен қыс-көктем жер баптап, дән сіңіріп, жаз тілеуі көктеген егіннің үстінде болған шаруалар бүгінде піскен егістікке орақ салғалы бір аптадан аса уақыт өтті» деп отыр. Оның айтуынша, бүгінгі күні аймақта 1 420 тонна өнім жиналып, әр гектардан алынған орташа өнім 18 центнерді құраған.
– Жалпы, биыл 153 855 гектарға бидай, 216 145 гектарға арпа егілсе, қазіргі уақытта осы арпа-бидайды қоса есептегенде 370 000 гектардың 790 гектары орылды. Теңіздей толқыған алқап басында 361 дала кемесі астық орып жатыр.
Алла берген ырзықты ысырапсыз жинап алудың маңызды шарты – шаруалардың қолында дизелдік отынның жеткілікті болуы. Осыған орай, биылғы жиын-терін жұмыстарына 10 725 тонна арзандатылған жанармай бөлінген болатын. Оны тарату үшін 15 оператор анықталып, шаруаларға литрі 194-200 теңгеден босатылуда.
Қазіргі таңда дәнді дақылдарды жинау барлық аудандарда жоспарлы түрде жүріп жатыр. Мұндағы басты мақсат – астықты төкпей-шашпай жинап алу, – дейді ол
Әзірге астықтың 180 гектарынан 558 тонна өнім жинаған Меркі ауданында түсім гектарына 31 центнерден айналса, Қордай ауданында гектарына өнім 20 центнерді құрапты. Бұл екі аудан облыстық деңгейден жоғары көрсеткішке қол жеткізген көрінеді. Ал Т.Рысқұлов ауданында түсім гектарына – 14,5 центнерден, Жамбыл ауданында – 14,3, Байзақ ауданында – 13 центнерден айналып жатқанға ұқсайды. Астық түсімінің әр өңірде әр қилы болуы жердің құнары мен егіннің шығымына байланысты белгілі. Десе де бұл көрсеткіштердің қазіргі уақытта орташа есеп екенін ескерсек, өсім көрсеткіші алдағы уақытта әрқалай құбылатыны белгілі.
Біз нақ осы шақта түсім жағынан жоғары көрсеткішке ие болып отырған аудандар ішінде Қордай ауданының жер емген біраз диқанына хабарластық. Соның ішінде Сарыбұлақ ауылдық округі, Қайнар ауылында орналасқан «Азиз» шаруа қожалығы – іргелі шаруашылықтың бірі. Қожалық төрағасы Ибраим Варшакидзенің айтуынша, иелігінде 3 мың гектар жер бар болса, оның 800-і суармалы. Егіс алқабының ішінде 2 мың гектар арпа-бидай болса, 100 гектары жүгері, жоңышқа – 200 гектар. И.Варшакидзе ауданда ағынсу тапшы екенін айтады.
– Жылда көктемнің ерте шығуы дала төсіндегі еңбек дүбірін уақытынан бұрын қыздыратын. Күн жылт еткен сәттен бастап диқан атаулы тыным таппай, ертеңнен қара кешке дейін егіс басында жүретін. Биыл көктем кеш шықты. Көктемгі жауынға өкпе жоқ. Уақытында жауын-шашынның мол түсуінің арқасында теңіздей толқыған астық алқаптарынан жиналуы тиіс дән биыл қырман көрігін қыздыратынына сенімдімін. Қазірдің өзінде орта есеппен гектарына 17-20 центнерден өнім алып жатырмыз. Науқанның басталғанына 1 аптадан асты. Ақ егіске түскен орақ әлі үш аптаға жалғасады. 1000 гектардан аса арпа-бидай орылды.
Дала төсінде жүгерісі, арпа-бидайы бар барлық суармалы алқапты күтіп-баптау және суарумен 12 сушы айналысса, оларға айлықақы беру жағын суарылған әр гектарға 10 мың теңге төлеу арқылы шешіп отырмыз. Жылда сушылармен осындай жолмен есеп айырысамыз.
Егінді шашпай-төкпей жинап алуда 12 механизатор еңбек етіп жатса, оның алтауы комбайн жүргізеді. Дәнді оратын, таситын жұмысшылардың еңбекақысы орта есеппен 200 мың теңгеден айналады. Негізінде механизаторларға осындай науқан уақытында пайыз мөлшерімен ақы төлеу дәстүрге айналған. Сонда олар науқандық жұмыста жоғары табыс табады.
Бізде жалғыз ғана бір мәселе бар. Көктемде жауын-шашын мол болып, арпа-бидай бітік шыққанымен, қыстай тауға қар түскен жоқ. Соның әсері ме екен, қазір ағынсу тапшылығы шындап сезіле бастады. Екі аптадан асты, Қордай жақтан келетін канал суы шылжырап, жүгері, жоңышқамызға су жетпей жатыр. Алдағы уақытта аудан атқа мінерлері осы мәселені шешіп бермесе, көпжылдық шөп пен дәндік жүгерінің күйіп кететін түрі бар, – дейді Ибраим Пашалиевич.
Шаруаның көтеріп отырған мәселесі өзекті. Тамырына тіршілік нәрі жетпесе, егін қурап кетіп, бар еңбек зая кететіні анық. Біз мәселенің анық-қанығын білмек болып, ағынсуға жауаптыларға хабарласып көрдік. Алайда «Қазсушар» республикалық мемлекеттік мекемесінің Қордай өндірістік бөлімшесінің басшысы Асқанат Қадыров ауданда ағынсу жеткілікті екенін, «Азиз» шаруа қожалығы өз иелігіндегі каналды тазаламай, ағынсу тапшылығын қолдан туындатып жатқанын сөз етті.
– Аталған шаруа қожалықтың иелігінде ұзындығы 19 шақырымды құрайтын «Блогавещенск» каналы бар. Осы канал арқылы қожалықтың 35 гектар жүгерісі су ішеді. Қалған егіс алқаптары басқа су жүйелері арқылы ылғалдандырылады. Шаруа иелігінде осы су жүйесін тазалауға құлықсыз және мемлекет меншігіне өткізгісі келмей отыр. Біз оған каналды тазалау қажеттігін айтқанбыз. Егер тазартуға мүмкіндігі болмаса мемлекет иелігіне қайтаруына болады. Сол кезде механикалық отряд оның қамысын орып, қара күзде табанын аршып, күл-қоқыс, шөп-шалам, тал-дарақтан арылтар еді. Мемлекет меншігіне өтпеген каналды механикалық отряд тазаласа, бұл заңсыздық болып есептеледі. И.Варшакидзе осыны білсе де каналмен судың арқырап ағыуына мүмкіндік бермей отыр. Салдарынан жылдар бойы тазаланбаған каналмен су жүрмей жатыр, – деді А.Қадыров.
«Сен саларда мен салар, атқа жемді кім салар?» деген бар қазақта. Суға жауапты маманның айтып отырғаны рас болса, біздің пайымымыз бойынша 19 шақырым канал суын тек осы шаруа ғана пайдаланып отырмаған болуы мүмкін. Ал каналдың тазаланбағанынан өзге шаруалар да зардап шекпеуі керек. Алқап басына ағынсу кедергісіз жетуі қажет. Сондықтан аудан басшылары мына мәселені күн тәртібіне шығарып, бір жолын қарастырмаса болмайды. Жалпы, кімде-кім жер, канал, су айдыны секілді көпке ортақ мүлікті тиімді пайдалана алмаса, оны кері қайтарып алатын заңды іске қосқан дұрыс. Сонда мәселе бұлай ушықпайды.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ
Келесі мақала