Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жарасымды жанұяның жылуы

Жарасымды жанұяның жылуы
ашық дереккөз
Жарасымды жанұяның жылуы
«Бас құрап, бауырына қазан асу» деген ұғым қазақтың ұлттық санасында аса жоғары мәртебеге ие. Бүгін де бұл ұғым өз құндылығын жоймады. «Арманды дара қумаймыз, құстың қос қанатындаймыз» деп бір салада, бір жерде жұмыс істеп, үйде де, түзде де бірге өмір сүріп жатқан қаншама қос ғашық бар. Бүгін облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру саласында қызмет атқарып жүрген жас отбасыны әңгімемізге тілге тиек етпекпіз. Тараз қалалық №1 мамандан­дырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өртсөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау сержанты Шухрат Муртаев пен оның жұбайы аталған департаменттің күштер мен құралдарды жедел басқару орталығының өрт сөндіру байланысы орталығы пунктінің аға байланыс шебері Карина Карташова екеуі 2015 жылдың күзінде әлеуметтік желі арқылы танысқан. Ол кезде Шухрат азаматтық қорғау саласына жаңадан қадам басқан өрімдей жас болса, Карина қаладағы колледждердің бірінде білім алып жүрген студент еді. Міне, осындай жастықтың оты жалындап тұрғанда танысқан жастар бірін-бірі ұнатып, өмірлік серік болуға серттескен. Ол уақытта небәрі 20 жаста болған Шухрат еліміздің түрлі аумақтарына арнайы барып, апаттық-құтқару жұмыстарына да белсенді қатысып, тәжірибелі маман ретінде төселіп қалған. Ал бұл кезде оқуды өте жақсы үлгеріммен тәмамдаған Карина білімін одан әрі жетілдірмек ниетпен жоғары оқу орнына құжаттарын тапсырып, сонымен қатар жергілікті телеарналардың біріне тілші болып орналасқан. Алайда Каринаның арманы өрт сөндіру саласында қызмет ету болады. Сондай күндердің бірінде ол өрт сөндіру саласында жұмысқа орналастыру бойынша ұйымдастырылған байқауға бірнеше жыл қатарынан қатысып, ақырында іріктеуден өтеді. Сөйтіп, 2018 жылы азаматтық қорғау саласына қызметке орналасады. Содан бастап ол өрт сөндіру саласының әлеуметтік желідегі парақшасының жұмысын одан әрі жетілдіруге үлкен үлес қосады. Әрбір кезекшіліктен соң Карина «Instagram» желісіне өрт сөндірушілердің қауырт қызметі, сондай-ақ тұрғындарға төтенше жағдай орын алғанда қандай әрекеттер жасау қажеттігі жөнінде арнайы дайындалған бір минуттық бейнеролик салуды әдетке айналдыра бастайды. Міне, осылайша оның әлеуметтік желіге салған бейнеролигінің қаралым саны 100 000-нан асып жығылады. Осылайша парақшаға жазылушылар саны артып, олардың тарапынан сала қызметкерлерінің жұмысына деген жағымды пікірлер қалыптасады. Оның осындай тынымсыз еңбегін көрген Шухраттың оған деген махаббаты бұрынғыдан да үдей түседі. – Адамдардың бір-біріне ғашық болуы басқа да, ал шынайы бірін-бірі түсініп, бауыр басуы бөлек әңгіме ғой. Мен жұбайым Каринаға бір көргеннен ғашық болдым. Кейіннен ол біздің салаға ауысып келгеннен соң оған назарым ауа берді. Оның үстіне ол өз жұмысына өте ұқыпты жан болатын. Оның жұмысына деген ұқыптылығы мен адамға деген жылы көзқарасы мені өзіне ессіз байлап алды десем болады. Сондықтан да мен оны өзімнің өмірлік жарым ретінде бірден қабылдадым. Біз үйленгеннен кейін де бір-бірімізді түсіну аса қиындық тудыра қоймады. Оның жайдары мінезі мен отбасына деген жауапкершілігі арамыздағы махаббаттың отын маздата түсті, – дейді Шухрат Фархатұлы. Иә, бір салада жүріп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып қызмет жасау оңай емес. Мұндайда ерлі-зайыптылардың бір-бірін түсінуі шынымен де маңызды. Алайда жарасымды жұп бұл жағынан көп мәселе туындамағанын айтады. Оның үстіне Карина жолдасының жұмысы ауыр екенін біліп, оның істеріне әрдайым сәттілік тілеп отыратынын айтады. – Жолдасымның басынан талай қауіпті сәттер өтті. Оны тізбектеп жатудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Бастысы мұндай мамандық иелерінің тілеуін тілеу, өмірін бәске тігетін кезі аз болмайтынын ұғыну, осыны жан жүрегімен сезіну, қызметіне үлкен түсіністікпен қарау – әр әйел үшін парыз деп білемін. Біз қызмет пен отбасы мәселесін баяғыда-ақ жүйелеп, шешіп қойғанбыз. Мен оған қауіпті сапарға аттанып бара жатса да «қызметті таста, мамандығыңды ауыстыр» деп ешқашан айтқан емеспін. Себебі өзім де осы мамандықты сүйіп, осы салада еңбек етуді таңдадым. Сүйген мамандығыма келіп, сүйген жарымды табу да мен үшін берілген тағдырдың үлкен сыйы болды. Біздің жеке өміріміз бен қызметтегі көзқарасымыз біте қайнасып кеткен, – дейді К. Карташова. Олар өздерін өзге мамандықта мүлдем елестете алмайтындығын алғаш танысқанда-ақ түсініпті. Тіпті ол екеуі үйде отырып шүйіркелесе қалса, әрдайым әңгіме ауаны жұмыс төңірегіне барып тірелетінін айтады. Сондықтан да олар қазіргі таңда қызмет бабы бойынша бір-біріне айна іспетті. Әрдайым біріне-бірі сын көзбен қарап, бірінің кемшілігін бірі толтырып, жетістігіне бірге қуанып отыратындарын айтады. Осылайша арман-мақсаттары бір жерден табылған екі жас бүгінде таным-түсініктері жарасқан тату-тәтті отбасына айналып та үлгерді. Шынымен де өрт сөндірушінің жұмысы өте күрделі екендігі жасырын емес. Бұл мамандық адамның бойынан әрдайым батылдық пен жігерді, талқыға түспейтін үлкен жауапкершілікті талап етеді. Шухрат осының бәріне лайықты бола білді. Ол өзінің кәсіби жұмысы барысында басшылыққа және әріптестері арасында бірнеше рет көзге түскен жан. Мысалы, 2016 жылы Солтүстік Қазақстан облысында орын алған су басу оқиғасы кезінде Шухрат Фархатұлы белсенді әрекеті үшін аталмыш өңір әкімінің қолынан Алғыс хатпен марапатталған. 2018 жылы Тараз қаласындағы Талас өзенінің суы арнасынан тасып, бірнеше үйдің ауласын су шайғанда да Шухрат оқиға орнынан табылған болатын. Шақырту бойынша оқиға орнына келіп жеткен Тараз қалалық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің 10 адамнан құралған күштері ауладағы суды аулаққа сорып шығару жұмыстарымен қызу айналысады. Дәл осы сәтте су соратын мотопомпа істен шығып, құтқару­шылар қол қусырып, абдырап қалса керек. Дегенмен Шухрат істен шыққан мотопомпаны жөндеп, лезде ұжымды, сондай-ақ құтқару қызметін қысылтаяң сәттен шығарды. Көп ұзамай ауладағы су толығымен сыртқа сорғымен шығарылып, тұрғындарға төнген қауіп те сейілді. Бір жолы қыстыгүні Тараз қаласы, Сыпатай батыр көшесінің бойында орналасқан дәнекерлеу цехынан өрт шығып, оқиға орнына шығу кестесіне сәйкес Тараз қалалық №1 және №15 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің күштері келіп жетеді. Жүргізілген жедел барлау нәтижесінде цех ішінде газ баллонының бар екендігі және ол жарылса адам өміріне қауіп төндіріп, жақын маңда орналасқан қоймаға дейін жайылу қаупі туындайды. Дәл осы сәтте Шухрат ашық от көзінде қалып қойған, ыстықтан жарылуға шақ тұрған газ баллонын алып шығып, одан әрі әріптесі екеуі оттегі баллонын да оқшаулайды. Міне, осылайша Шухраттың кәсіби әрі батыл әрекетінің арқасында жарылыстың орын алуына жол берілмейді. 2019 жылдың 27 ақпанында таңғы сағат 6-лар шамасында 101 телефон нөміріне Тараз қаласының «Мыңбұлақ» ықшамауданындағы №62 тұрғын үйде жарылыс орын алғандығы жөнінде шақырту келіп түседі. Ал аталмыш оқиға орын алған күні Шухрат кезекшілікте болған. Өзге ұжымдастарымен бірге шұғыл түрде оқиға орнына аттанған олар 4 адамнан құралған іздестіру тобымен гидравликалық апаттық-құтқару құрылғысын пайдаланып, үйінді астынан зардап шеккен адамдарды іздестіру-құтқару жұмыстарымен айналысады. Ал олардың әрбір қимылы зардап шеккендердің өмірімен тығыз байланысты екендігі айтпаса да түсінікті. Әрбір сәттің қымбат екендігін жан-тәндерімен түйсінген олар аса бір шапшаңдықпен әрі сауатты әрекет ету арқылы бірнеше жанды үйінді астынан алып шығып, медицина қызметкерлеріне тапсырды. Олар мұнымен де тоқтап қалмай, одан әрі іздестіру-құтқару жұмыстарымен сағаттап айналысады. Үздіксіз іздестіру әрекетінің арқасында олар ес-түссіз жатқан тағы да 3 адамның денесін тауып, қауіпсіз жерге алып шығады. Осылайша Шухраттың тікелей қатысуымен 3 адам ажал аузынан аман қалады. Сондай-ақ Тараз қаласы, «Қарасу» ықшамауданындағы бес қабатты тұрғын үйде орын алған өрт оқиғасы кезінде де Шухрат белсенді әрекетімен көзге түседі. Бүгінде үнемі ашық-жарқын жүретін екі жас осылайша өз кәсіптеріне деген сүйіспеншілігін белсенді әрекеттері арқылы танытып келеді. Олардың ендігі мақсаты – жұртшылыққа өрт сөндіру қызметін жарқын әрі жаңа қырынан танытып, саланың одан әрі дамуына зор үлес қосу. Негізінде белгілі бір саладағы династия осындай мамандар арқылы қалыптасатыны белгілі. Біз де аталған жас отбасының болашақта өртсөндірушілер әулетіне ұласатынына сенімдіміз. Шапағат Әбдір
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар