Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Отбасыңа мейір төккенің, Отанға қызмет еткенің

Отбасыңа мейір төккенің,  Отанға қызмет еткенің
ашық дереккөз
Отбасыңа мейір төккенің, Отанға қызмет еткенің
Қоғамда бір өзі тұтас бір отбасының тірегі болып, балаларының қолын ешкімге жайғызбай, өз жанұясын асырап отырған аналар аз емес. Міне, сондай үлгі боларлық ананың бірі – Күлжан Керменбаева. Ол ұзақ жылдар бойы теміржол колледжінде сабақ беріп, еңбек етіп келеді. Қаршадай кезінен қиыншылық пен ауыртпалықты көп көрген Күлжан Құрмантайқызы бүгінгі жастарды тынымсыз тер төгуге, білім алуға шақырады. – Мен небәрі 13 жасымда қара жұмысқа жегілдім. Анам қатты ауырды. Сол кісінің жағдайына қараймын деп өмірдің небір қиыншылығын көрсек те жасымадым. Қайта ерте есейдім. Сол кездері менің арманым анамның жазылып, тезірек ел қатарына қосылуы болды. Алайда ұзақ жылдар бойы төсек тартып жатып, қайтыс болды. Мен одан кейін өз күшіме сүйеніп оқуыма тура келді. Оның үстіне соңымнан келе жатқан іні-сіңлілеріме қарау да менің мойнымда болды. Сол жауапкершіліктің барлығын өз мойныма алып, бір жағынан бала болсам, енді бір жағынан, әпке ретінде бауырларымды есейттім. Қазіргі таңда жолдасым да, қыздарым да теміржол саласында қызмет етіп келе жатыр. Мен отбасында қыздарыма өзімнің ақыл-кеңесімді беріп, бастан өткен қиыншылықтарымды әңгімелеп беріп отырамын. Ондағы мақсатым – оларға сабақ болса екен деймін. Қазіргі жастар үшін барлық жағдай жасалған. Білім аламын десе кітап та, компьютер де қолжетімді. Сондықтан олар жаман ойдан аулақ болып, жастық шақтарында білім алуға барынша құлшынуы тиіс деп ойлаймын. Отбасылы болған кейбір жастар бастарына түскен аз қиыншылық үшін ажырасып, екі жаққа кетіп жатады. Бұл өте қате көзқарас. Өйткені қазіргі ауыртпалықты біздің кездегі тауқыметпен салыстыруға келмейді. Осыншама жағдай жасалған қоғамда жастар дұрыс білім ала алмай жүрсе, жұмыс таппай үйінде жатса, бұл өте ұят тірлік деп есептеймін. Оларды біз еңбекке баулуымыз керек. Өйткені қолы бос адам ойына неше түрлі жаман ақпараттарды жинап алады. Ал оның нәтижесі отбасылы болғанда ажырасуға, басына бірер қиыншылық түссе болды күйзеліске түсуге апарып соғады. Мұның барлығы да жастардың бойындағы жағымсыз әдеттер. Сондықтан олар көзі ашық, көкірегі ояу болуы үшін барынша өздерінің білімін жетілдіруге күш салуы керек. Сонда ғана біздің мемлекетіміздің болашағы жарқын болмақ, – дейді К. Керменбаева. «Отан отбасынан басталады» дегендей, Отанды сүюдің отбасынан басталатыны рас. Себебі отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Оның ержетіп, өсуі, бойындағы адамгершілік белгілері отбасында қалыптасады. Сондықтан да туған үйдің жылуы оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүретінін айтқан еңбекқор ана өзінің мамандығын мақтан тұтатынын және қолынан келетін іспен елге қызмет етіп жатқанын жеткізді. – «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген аталарымыздың сөзі бар. Сондықтан да әркім өзінің отбасына деген сүйіспеншілігін Отанға деген сезімім деп есептеуіне болады. Өйткені әркім өзінен бастау арқылы ғана бұл қоғамды өзгерте алады. Әрі Отанды сүю үшін жаһанға жар салудың немесе аттандап алаңға шығудың қажеті жоқ. Керісінше сіз өз отбасыңызға не жасап жатырсыз, сол сіздің Отанға қосып жатқан үлесіңіз болып есептелмек. Сондықтан да балаларыңызға дұрыс тәрбие бере алсаңыз да, өзіңіз дұрыс жолмен жүре алсаңыз да соның бәрі ұлтыңыз үшін жасалып жатқан жұмыс болмақ. Мен өзім теміржолшы отбасында дүниеге келдім. Анам Кұмшағал стансасында, әкем ПМС-57 теміржол мекемесінде еңбек етті. Ал солардың тәрбиесін көріп өскен мен 1976 жылы 8 жылдық мектепті бітіріп, №88 қалалық кәсіптік-техникалық училищесіне «Аспаздық» мамандығы бойынша оқуға түстім. 1979 жылы осы аталған оқу орнын бітіріп, Қостанай қаласындағы индустриалды-педагогикалық техникумға жолдама алып, 1983 жылы бітірдім. 1985 жылдан бастап өзім білім алған оқу ордасына өндірістік оқыту шебері қызметіне орналастым. Содан бері 34 жыл бойы көптеген шәкірт тәрбиелеп, оларға мамандықтың қыр-сырын үйретіп келемін. Ал 2004 жылы кәсіподақ төрайымы болып сайландым. Сондай-ақ «Қәсіподақтағы белсенді жұмысы үшін» төсбелгісімен, жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеудегі жетістіктерім үшін 2019 жылы «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталдым. Міне, мұның бәрі де менің жасап жатқан еңбегімнің еленгені деп түсінемін, – дейді ол. Кейіпкеріміздің жан жары Касымбек Керменбаев 37 жылдан бері «Қамқор Локомотив» депосында слесарь болып еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда қажырлы еңбектің жемісін көріп отырған отбасында үш қыз, бес немере өсіп-өнуде. Бүгінде қос қызы теміржол саласында жұмыс істеп жатыр. Міне, осындай қарапайым ғана қағидаларды сақтап, отбасын бақытқа, шаңырағын шаттыққа кенелтіп отырған аналарымыз аман болсын! Шапағат Әбдір
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Қысқа-Нұсқа
Алдыңғы мақала
Қысқа-Нұсқа

Ұқсас жаңалықтар