Қысқа-Нұсқа
Еурокомиссия төрағасының мәлімдемесі
Әлеуметтік желілерде Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйеннің сөзінен үзінді тарады. Оның айтуынша, Жер тез артып келе жатқан халық санын көтере алмайды, планетадағы адамдар санын азайту керек. Бұл рас па? Анықтайық.
Таралған видео үзінді Урсула фон дер Ляйеннің 2023 жылдың мамырында өткен «Өсуден тыс» форумында сөйлеген сөзінен алынған. Ол 1972 жылы Массачусетс технологиялық университетінің мамандары мен «Рим клубы» халықаралық ұйымының мүшелері жариялаған «Өсу шегі» мақаласы туралы айтқан. Атап айтқанда, Урсула фон дер Ляйен мақала авторлары пайдалы қазбалар мен ауылшаруашылық жүргізу аумақтарының тапшылығына байланысты халық санының өсуін тоқтату үшін шаралар қабылдауға шақырады деген.
Желіде халықты азайту Урсула фон дер Ляйеннің бастамасы екенін көрсетететін дәл осы үзінді тарады. Бұл олай емес. Жердегі адамдар санының өсуін шектеу қажеттілігі туралы айта отырып, ол «өсу шегі» есебінің мәнін сипаттаған. Осыдан кейін ол халықты шектеу емес, пайдалы қазбаларды жағудан жаңартылатын және «жасыл» энергия көздеріне көшу әлдеқайда орынды деген жеке пікірін білдірді. Оның ойынша, бұл экономика мен қоғамды дамыту тұрғысынан әлдеқайда тиімді болады.
Сонымен қатар Урсула фон дер Ляйен Еуропаны әлемнің алғашқы климаттық бейтарап бөлігіне айналдыруға бағытталған «Еуропалық жасыл курс» жобасын таныстырды. Жобада жаңа жұмыс орындарын құру, экономиканы дамыту және Еуропалық одақ азаматтарының әл-ауқатын арттыру бойынша шаралар қарастырылған.
Яғни таралған видеода Еуропалық комиссияның төрағасы ескі баяндаманы келтіріп, ондағы тезистермен келіспейтінін өз сөзінде айтқан. Ол халықтың санын азайтуға шақырған жоқ және мұндай идеяларды қолдамаған.
Нұрлан Сабуров «таратқан» фейк жарнама
«Facebook»-те танымал әзілкеш және киноактер Нұрлан Сабуровтың Қазақстанда жақында ғана пайда болған және көп ақша табуға мүмкіндік беретін онлайн-ойынхана қосымшасын жарнамалаған видеосы жарияланды. Бұл – фейк.
Ойынхана туралы видеодағы дыбыс жалған. Бұл әдіс танымал адамдардың бейнежазбаларын немесе телебағдарламалардың үзінділерін қолдана отырып, ақша табудың күмәнді немесе алаяқтық тәсілдерді жарнамалау үшін бұрыннан қолданылып келеді. Мысалы, осы жылдың сәуір айында «Atameken Business» телеарнасының жаңалықтар шығарылымынан алынған үзінді тарады, онда жүргізуші зейнеткерлер мен аз қамтылғандарға арналған арнайы жәрдемақы туралы айтады. Алаяқтардың басты мақсаты пайдаланушыларды фишингтік сайтқа тарту болған.
Бұл жолы Нұрлан Сабуровтың кәсіпкер және блогер Александр Соколовскиймен әңгімесі негізге алынған. Сұхбат 2023 жылдың 3 қазанында шыққан. Стендапер танымал болудың теріс жағы, отбасы туралы айтып, болашаққа жоспарларымен бөлісті. Сабуров екі сағатқа жуық уақытқа созылған сұхбатында онлайн-ойынхана туралы ештеңе айтпайды. Кездесудің жазбасын Александр Соколовскийдің «YouTube» арнасынан көруге болады.
Нұрлан Сабуровтың атынан ұсынылған онлайн-ойынхананың жарнамасы – пайдаланушыларды алдау.
Британдық телеарналардағы біртүрлі ролик
Әлеуметтік желілерде Ұлыбританияның басты телеарналарының бірінде көрсетілген жарнамалық ролик талқылануда. Бұл адам етін жеуді насихаттайтын деректі фильмнің аңдатпасы. Кейбір қолданушылар мұны «каннибализмге дайындық» деп санайды. Таралған роликтің не туралы екенін анықтайық.
Видеода «mockumentary» жазуы бірден көзге түседі. Ол екі сөзден құралған mock – пародия, мазақ, және documentary – деректі фильм. Яғни сөзбе-сөз аударғанда «mokumentary сөзі «деректі фильмге пародия» деп аударылады. Яғни онда көрсетілген жайттар шын болмауы мүмкін.
Адам етін жеу туралы фильм осы жылдың 24 шілдесінде эфирге шығып, көп шу шығарды. Алайда оның авторлары көрсетілгеннің бәрі әзіл деп бірден айтты. «Псевдо деректі фильмнің» сценарийін комедия жазушысы Мэтт Эдмондс жазған, ал фильмде көрсетілген адам етін шығаратын фабрика жалған. Фильмде донор ретінде көрсетілген адамдар – жалдамалы актерлер.
BBC порталының хабарлауынша, фильмде «донорлар» ақша үшін өз етінің бір бөлігін беруге дайын екендігіне басты назар аударылған. Осылайша кинорежиссерлер Ұлыбританиядағы экономикалық жағдайды және бағаның, соның ішінде азық-түлік тауарларының қарқынды қымбаттауын көрсетпек болған.
Қорыта айтқанда, британдық телеэфирде адам етін жеу жөнінде жарнама көрсетілмеген. Бұл фильм – елдегі әлеуметтік және экономикалық мәселелерге назар аудартуға бағытталған өте қатал сатира.
Жасұлан Сейілханов
Келесі мақала
Отбасыңа мейір төккенің, Отанға қызмет еткенің
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- авторAR-AY
- 6 желтоқсан, 2024