Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Денсаулық туралы дақпырттар

Денсаулық туралы дақпырттар
ашық дереккөз
Денсаулық туралы дақпырттар
Жалпы адам баласы үшін денсаулықтан асқан байлық, одан асқан қымбат құндылық жоқ. Сондықтан кім болса да бір жерден денсаулыққа қатысты материал оқып, сайттардан контент көрсе имандай сенуге бейіл тұрады. Расында, тәннің саулығы бәрінен қымбат қой. Алайда әлгіндей ақпараттардың арасында адамның ойын сан-саққа жүгіртіп, сарсаңға салатын жалғанға жақын, ақиқаттан алыс ақпараттар да толып жүреді. Сол себепті жылт еткен жаңалықтың бәрін шындық деп есептемей, бір сәт оны қисынға келтіріп, өзге де ресми ақпараттармен, статистикамен салыстырып алған жөн. Ендеше төменде адам денсаулығына қатысты әлемдік, отандық желі жазбаларындағы жалған ақпараттарды бір саралап көрелік. Екпе алмаған адамда табиғи қорғаныс дами ма? Әлеуметтік желілерде қолданушылар вакцинацияға қарсы танымал тұлға Галина Червонскаяның сөзін талқылауда. Оның айтуынша, вакциналар зиянды және қауіпті, сондай-ақ бес жасқа дейін вакцинацияланбаған балаларда ауруларға төтеп беретін ерекше табиғи қорғаныш дамиды. Әрине, бұл олай емес. Түсіндіріп көрейік. 90-жылдары Галина Червонская вакцинацияға қарсы тұлға ретінде танылды. Мамандандырылған медициналық білімі бар екенін дәлелдемей, ол мыңдаған ата-ананы балаларды вакцинациялаудан бас тартуға көндіре алды. Ол ақылы дәрістер мен семинарлар өткізіп, белгілі бір төлем үшін телефон арқылы да кеңестер берген. 2000 жылдардың басында Червонскаяның танымалдылығы бәсеңдеді, бірақ COVID-19 пандемиясы кезінде оған деген жұрттың қызығушылығы артып, қайта таныла бастады. 2020 жылы Червонская жалған ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін «ВРАЛ құрметті академигі» сыйлығына ие болды. Оның бес жасқа дейін вакцинация­ланбаған балаларда ауруларға төтеп беретін ерекше қорғаныш дамиды деген пікірі өтірік. Бұл мәлімдеме шын деп бір секунд ойласақ, онда 1796 жылға дейін Эдвард Дженнер шешекке қарсы әлемдегі алғашқы вакцинаны ойлап тапқанға дейін барлық адамдарда аурудан ерекше қорғаныш болуға тиіс еді. Бірақ олай болмағаны анық. Жоғарыда аталған табиғи шешектен жыл сайын шамамен бес миллион адам қайтыс болған. Оның ішінде балалар да бар. Алайда шешекке қарсы вакцина жасалып, көптеген мемлекетте міндетті болып енгізілгеннен кейін бұл ауруды жұқтыру ықтималдығы азайды. Ал 1980 жылдан бастап ауру басылды деуге болады, өйткені сол кезден бері бірде-бір адам онымен ауырмаған. Бұл полиомиелитке де қатысты. Онымен көбінесе бес жасқа дейінгі балалар ауырады, сондықтан ересек балаларға егу нәтижесіз. Аурудың 200 жағдайының бірінде тыныс алу бұлшықеттерінің параличін тудыратын ауыр қайтымсыз процесс болуы мүмкін немесе науқас қайтыс болады. Полиомиелитке қарсы екпе әзірленгенге дейін балаларда полиомиелиттен қорғайтын табиғи механизм болмаған. Вакциналар әлемде осы аурумен сырқаттанушылықты 99 пайыздан астам төмендетуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ жыл сайын вакцинацияға қарсы адамдар санының артуына байла­нысты қызылша ауруының ошақтары тіркелуде. Бұл ретте науқастардың басым бөлігі – вакцинацияланбаған балалар. Бұл оларда табиғи қорғаныш дамымағанын көрсетеді. Вакцинация – бұл балаларға «шағын ауруларды» жұқтыру деген тұжырым ойдан шығарылған. «Шағын ауру» терминін Червонская енгізген. Оның вакцинацияға ешқандай қатысы жоқ. Екпеден адамға ауру жұқпайды, ол адам ауру жұқтырса да иммундық жүйеге патогендерді тануды және оларға аурулардың дамуына жол бермейтін антиденелер қалыптастыруды «үйретеді». Димексидтің диабетке қатысы «Instagram»-да димексид препаратының ғажайып қасиеттері туралы ақпарат тарады. Ол қатерлі ісік, қант диабеті, инсульт, деменция және ауыр инфекцияларды емдейді екен. Оны ішуге, көктамырға және бұлшықетке салуға және ингаляциялар жасауға болады. Бұл ұсыныстар жалған, сонымен қатар денсаулыққа қауіпті. Қатерлі ісік пен басқа ауруларды емдеудің халықтық әдістерін насихаттайтын аккаунтта димексид көптеген ауруларға панацея деп жазылған. Жоғарыда айтылғандардан басқа, ол шизофренияның өткір кезеңінде, өткір, соның ішінде алкогольдік психоздарда және аутизмде көмектеседі. Бұл препаратты қандай дозаларда немен араластырып ішу керек және оны қалай қолдану керектігі түсіндірілген. Диметилсульфоксидті (димексид, DMSO) 1866 жылы ресейлік химик Александр Зайцев синтездеген. Ғалымдар бұл химиялық зат қағаз өнеркәсібінде және ағаш өңдеу кезінде жанама өнім болып табылатынын анықтады. XIX ғасырда препарат туралы зерттеулер болған жоқ. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде димексидтің қолданылғаны белгілі. Ауруханаларда онымен жараларды, сынықтарды және жарақаттарды емдеген. 1958 жылы химиктер диметил­сульфоксидтің жақсы еріткіш қабілеті бар екенін анықтады. Екі жылдан кейін препараттың өнеркәсіптік өндірісі басталды. Сонымен қатар ғылыми зерттеу қолға алынды. 1963 жылы АҚШ-та димексидке алғашқы клиникалық зерттеу жүргізілді. Бүгінгі күні препарат қабынуға қарсы және анальгетик ретінде қолданылады. Димексидті қолдану жөніндегі нұсқаулықта тірек-қимыл аппаратының қабыну ауруларын кешенді емдеуге жарамды деп жазылған. Атап айтқанда, соғылған жерлерді, ревматоидты артритті, іріңді жараларды. Тері-пластикалық хирургияда қолданылады. Қолдану аясы – тек сырттай ғана, компрестер немесе тампондар үшін. Қарсы көрсетілімдер – инсульт, атеросклероз, стенокардия және глаукома. Димексидтің нұсқаулықта көрсетілмеген басқа ауруларды емдеуде дәрі ретінде тиімді екендігіне ғылыми дәлелдер жоқ. Америкалық қатерлі ісік қоғамы димексидтің қатерлі ісікті емдеудегі пайдасын растамайды. Дәрігерлер қатерлі ісік ауруы кезінде балама медицина өлімге әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Оның жақсы еритінін білгендіктен автомобиль әуесқойлары димексидті қозғалтқыш бөліктерін тазарту үшін пайдаланады. Алайда кірден басқа, ДМСО бояу мен резеңкені ерітіп жібереді. Сондықтан тазалаудың пайдасынан гөрі зияны көп болуы мүмкін. Жоғарыда айтылғандарды қорытын­дыласақ, димексидті ішуге де, инъекция салуға да, ингаляция жасауға да болмайды. Препараттың қатерлі ісік немесе қант диабетін емдейтініне ешқандай дәлел жоқ. Дүмшелерге сеніп, денсаулығыңызға қауіп төндірмеңіз. «Вакцинация балаларда аутизм тудырады» «Аутизмнің таралуы мен вакцинация арасында нақты өзара байланыс бар» – Қазнетте осындай мәлімдеме жасалған жарияланым тағы да шықты. Екпелер аутизм тудыратыны туралы қауесет 25 жылдан бері тарап келеді. Барлық елдердің фактчекерлері бұл ақпарат фейк деп хабарлауда. Аутизм спектрінің бұзылуының (ASD) себебі біреу ғана емес. Негізгі қауіп факторларының ішінде дәрігерлер генетикалық бейімділікті атап көрсетуде. Вакцинация аутизмнің пайда болуына әсер етпейді. Америкалық педиатрия академиясы осы тақырып бойынша ата-аналарға арналған арнайы зерттеулер тізімін дайындады. Қауесет қайдан шықты? 1998 жылы «The Lancet» беделді медициналық журналында британдық дәрігер Эндрю Уэйкфилд Англиядағы қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы стандартты MMR вакцинасын аутизммен байланыстырған зерттеу жариялады. Экспериментке барлығы 12 бала қатысты. Олардың ішінде тоғызының ата-анасы Уэйкфилдке балалардың мінез-құлқы мен сөйлеу бұзылыстары MMR екпесінен кейін пайда болғанын айтқан. Мақалада осы сөздерден басқа ешқандай дәлелді негіз келтірілмеген. Ал қорытынды біржақты болды – үш компонентті вакцина балалар үшін қауіпті. Кейіннен дәрігердің қаржылық қызығушылығы болғаны анықталды. 1996 жылы Уэйкфилд ағзада қызылша вирусының іздерін анықтауға мүмкіндік беретін экспресс-тестті патенттеді. Ол аутизммен ауыратын балаларды осы әдісімен тексермек болды. Егер тест нәтижесі оң болса, ата-аналар вакцина өндірушілерін бірден сотқа бере алар еді. Көптеген ғылыми зерттеулерден кейін Уэйкфилдтің мақаласы ғылыми тұрғыдан да, этика тұрғысынан да қате деп танылды. 12 жылдан кейін жарияланым журналдан алынып, Уэйкфилд алдағаны және алаяқтық жасағаны үшін лицензиясынан айырылды. Көптеген дәрігерлер мақаланы жалған деп атады. Денсаулық сақтау мамандарының айтуынша, Уэйкфилдтің қате тұжы­рымдары әлемде скептицизм мен вакцинациядан бас тарту толқынын тудырды. Осы уақыт ішінде қызылша ауруының ошақтары Еуропада, АҚШ-та және Аустралияда тіркелді. Билік кейде антиваксерлерге қатысты қатаң шаралар қабылдауға мәжбүр болады. Вакцинация міндетті болып табылады, ал кейбір елдерде одан бас тартқаны үшін айыппұл салынады. Биыл Қазақстанда қызылша ауруы өршіп тұр. Билік 6 қарашада 6 айдан бастап 10 ай 29 күнге дейінгі балаларға қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы қосымша иммундауды жүргізуде. Жастарды турбо қатерлі ісігі алаңдатады «Telegram»-да шыққан видеода доктор Уильям Макис турбо қатерлі ісік деп атаған жаңа аурудың жастардан анықталуына алаңдаушылық білдіреді. Қысқа уақыт ішінде адам бұл аурудан көз жұмады екен. Бұл дұрыс емес. Біріншіден, «турбо обыр» деген термин медицинада қолданылмайды. Бұл аурудың белгілері, себептері мен салдары жоқ. Турбо қатерлі ісік туралы алғашқы фейктердің тарағанына бір жылдай болды. Канадалық дәрігер Чарльз Хоффе COVID-19-ға қарсы вакциналар иммундық жүйеге зиян келтіреді, соның салдарынан өтпелі қатерлі ісік пайда болады деп мәлімдеді. Мысал ретінде ол өзінің 61 жастағы пациентін келтірген. Вакцинациядан кейін бір жыл өткен соң одан өкпе мен омыртқа қатерлі ісігі анықталған. Науқастың бұған дейін ісіктердің бар-жоғына тексерілген-тексерілмегені белгісіз. Британдық Колумбияның дәрігерлер мен хирургтар колледжі Хоффені жалған ақпарат таратты деп айыптады. Кейін ол жұмыстан шеттетілді. Хоффе ісін эпидемиолог Харви Риш жалғастырды. Йель Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің эпидемиология профессоры коронавирусқа қарсы екпе тез өршитін қатерлі ісікке серпін береді деп мәлімдеді. Дәрігерлер бұл мәлімдемені ақылға қонымсыз деп, дәлелдемелерді талап етті, бірақ ештеңе табылмады. Риш бұған дейін COVID-19-ды гидроксихлорохинмен емдеуге болады деген. Жүргізілген зерттеулер бұл тұжырымды толығымен жоққа шығарды. Жақында турбо обыр идеясын канадалық радиолог Уильям Макис насихаттай бастады. 2022 жылы оның сөздерін фактчекерлер жоққа шығарды. Ол 80 дәрігер COVID-19-ға қарсы егуден қайтыс болды деп айтты. Бұл мәлімдеме жалған деп танылды. Уильям Макистің жастар арасында турбо қатерлі ісік таралып жатқаны туралы ақпаратына АҚШ-тың онкологиялық хирургі Дэвид Горски назар аударады. Уэйн университеті Медицина мектебінің хирургия профессоры Макистің өзін онколог деп атағанына таңғалды. Ол радиолог, сондай-ақ медициналық лицензиясынан айырылған. Оның барлық мәлімдемелері ғылымға қарсы және дәлелсіз. Бүгінгі таңда қатерлі ісіктердің баяу дамитыны дәрігерлерге белгілі. Мысалы, сүт безі мен ішектегі қатерлі ісік жасушалары скрининг немесе қабылдау кезінде дәрігерлер байқамайынша 10 жыл бойы өседі. Заманауи технологиялардың арқасында дәрігерлер онкологиялық аурулар туралы көп ақпарат алуда. Қатерлі ісік ДНҚ-ны оқу болашақта ісіктерді ерте анықтауға мүмкіндік береді, яғни көптеген адамдардың өмірін ұзартады. Чарльз Хоффе, Харви Риш және Уильям Макис вакцинация қатерлі ісіктердің дамуына түрткі болатынын растайтын зерттеулерді бірге де, бөлек те жүргізбеген. Турбо қатерлі ісік – антиваксерлердің ойдан шығарғаны. Қызылша ауруы не себепті өршіп кетті? Қазақстандықтар әлеуметтік желілерде қызылшамен ауырғандар санының артуын талқылауда. Осындай хабарламалардың бірінде Қазақстанда қызылшаның өршуіне ел аумағында орналасқан «АҚШ биозертханалары» себеп болған делінген. Қауіпті мекемелер аурудың таралуы тіркелген жерлерде орналасқан екен. Тағы бір хабарламаға сәйкес, Шымкентте вирус шашатын автобус жүр. Кейбір пайдаланушылардың айтуынша, мектептерде міндетті түрде маскамен жүру қажет. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бұл қауесеттерді жоққа шығарды. Ведомствоның хабарлауынша, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таралған қызылшаның таралуы АҚШ зертханаларымен байланысты екендігі, сондай-ақ Шымкентте вирус шашатын автобус жүргені туралы ақпараттар шындыққа жанаспайды. Сондай-ақ білім беру мекемелерінде қызылшаның таралуына байланысты маска тағу режимін енгізу қарастырылмаған. «Қазақстанда балалар арасында қызылшамен сырқаттанушылықтың өсуі коронавирустық инфекция пандемиясы кезінде жоспарлы егулерді өткізіп алумен, медициналық шеттетулермен, ата-аналардың вакцинациядан бас тартуымен және вакцинацияның зияны туралы жалған теріс ақпараттың таралуымен, соның салдарынан вакцинамен басқарылатын инфекцияларға бейім адамдар санының көбеюімен байланысты. Әлеуметтік желілерді пайдаланушылар мен барлық азаматтардан ресми ақпарат көздерінен алынған сенімді ақпаратқа ғана сенуді сұраймыз», деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі. Қызылша – ауа тамшылары арқылы берілетін және ауыр асқынуларға және өлімге әкелуі мүмкін жедел жұқпалы вирустық ауру. 2000-2021 жылдары қызылшаға қарсы вакцинациялау нәтижесінде 56 миллион адам аман қалды. Қазақстанда 2023 жылғы 1 қарашада ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің «Қызылшаға қарсы санитариялық-эпидемиялық және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы» қаулысы шықты. 2023 жылдың 6 қарашасында қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы қосымша жаппай иммундау басталды. 6 айлық баладан 10 ай 29 күндік балаларға екпе салынуда. Бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан аумағында 30 америкалық зертхана орналасатыны туралы фейкті жоққа шығарған болатын. Ведомство «ҚР аумағында өзге мемлекеттердің биозертханаларын орналастыру жоспарда болмаған және жоспарланып отырған жоқ» деп хабарлады. Жасұлан Сейілханов
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар