Әлеуметтік маңызы бар экология
Еліміз көмірсутек ресурстарына, яғни көмірдің, мұнайдың, газдың мол қорына бай. Шамамен елдегі электр энергиясының 67 пайызы көмірмен, тағы 21,5 пайызы газбен өндіріледі. Алайда олардың электр энергиясын беретін отын ретінде қолданылу аясы уақыт өткен сайын азаюда.
Жаңартылатын энергия көздеріне қатысты мүмкіндіктерімізді зерттеген отандық және халықаралық сарапшылар жел мен күн энергиясының әлеуеті жоғары екенін айтады. Мысалы, біздің ел үшін жел энергиясын пайдаланудың тиімді әлеуеті жалпы ауданы 1400 шаршы шақырым болатын желдің орташа жылдық жылдамдығы секундына 8 метрден (м/с) асатын аймақтар үшін 14,8 гигаватқа бағаланады. Бұл ретте белгіленген қуатты пайдалану коэффициенті 31-50 пайызды құрайды. Сол секілді күн сағаттарының саны жылына 2200-ден 3000-ға дейін, ал күн радиациясының энергиясы жылына 1 шаршы метрге шамамен 1620 кВт/сағ жетеді. Алайда республикадағы күн электр стансалары 20-21 пайыздан аспайды. Мамандар экономикалық тұрғыдан күн электр стансаларын Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы облыстарында, ал жел электр стансаларын Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Түркістан, Алматы облыстарында салу тиімдірек деген қорытындыға келді.
2011-2020 жылдары ЖЭК құрылысына шамамен 628,5 миллиард теңге салынды. Мұнай-газ компанияларының мамандандырылған еншілес кәсіпорындары мұндай жобаларға жиі инвестиция салады. Соңғы жылдары инвесторлар мен қаржы институттары таза энергияны қолдауға қаржыны қайта бағыттау арқылы портфолиоларын «көміртексіздендіруге» ұмтылуда. Банктер жасыл экономиканы сақтау үшін жаңа жобаларды мұқият зерттеп жатыр. Республикада «жасыл» жобаларды қаржыландырумен көбіне даму банктері айналысады. Ең ірі кредитор 162 миллиард теңгеге қарыз берген Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) болса, екінші орында Қазақстанның даму банкі (67 миллиард теңге), үшінші орында ‒ Қытайдың даму банкі (29 миллиард теңге). Бұл ретте жоба құнының 70 пайызы қарыз қаражаты есебінен іске асырылған кезде қаржыландыру схемасы барынша кең таралған.
Жалпы барлық жобаның үштен екісін отандық инвесторлар іске асырған. Белгіленген қуаттылыққа қарайтын болсақ, жергілікті кәсіпорындар салған стансалар үлесі нысандардың жалпы белгіленген қуатының 41 пайызын құрайды. Осыдан сарапшылар шетелдік инвесторлар көбінесе ірі жобаларды жүзеге асыруға мүдделі деген қорытынды жасап отыр. Бүгінде ЖЭК бойынша ең үлкен орнатылған қуаттылыққа Ақмола облысы ие ‒ 508 мегаваттан астам, оның 408-ін жел электр стансалары, 100-ін күн электр стансалары береді. Бұл көрсеткіш бойынша екінші орында Жамбыл облысы ‒ 441 мегаватқа жуық, 250-ден астамы ‒ күн, 176-ға жуығы ‒ жел. Үшінші орында Алматы облысы ‒ 371 мегаватт (160 КЭС, 146 ЖЭС).
Республика инвесторларға ЖЭК нысандарын салу кезінде бірқатар жеңілдік пен мемлекеттік қолдау шарасын ұсынады. Атап айтқанда, станса құрылысына мәміле жасасу кезінде Есептеу-қаржы орталығы (ЕҚО) мемлекеттік компаниясы инвесторлармен оффтейк-келісімшарттарға қол қояды, оның шеңберінде 15-20 жыл ішінде барлық өндірілген электр энергиясын сауда-саттық қорытындылары бойынша белгіленген бағамен сатып алуға міндеттенеді. Бірыңғай энергия жүйесін басқаратын «KEGOC» компаниясы ЖЭК объектілерін желілерге қосуға, техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыруға, ЖЭК-тен электр энергиясын диспетчерлеу кезінде басымдық беруге тиіс болады.
Бұдан басқа инфляцияны және валюта бағамының өзгеруін ескере отырып, аукциондық бағаларды жыл сайын индекстеу жүргізіледі. ЖЭК жобаларының инвесторлары кедендік баждардан, импорт кезіндегі ҚҚС-дан, мүліктік, жер және корпоративтік табыс салықтарынан босатылады, сондай-ақ оларға мемлекеттік заттай гранттар беріледі. Бұл ретте ЖЭК объектілерін салу құнын арзандатудың арқасында олар беретін электр энергиясының тарифі жылдан-жылға төмендеп келеді.
2014-2017 жылдары жергілікті валютада ЖЭК-тен электр энергиясына тіркелген тарифтер қолданылды. Осы кезеңде жобаларды іске асырған немесе іске асыра бастаған инвесторлармен Есептеу-қаржы орталығы белгіленген тарифтер бойынша келісімшарттар жасасты. Жел электр стансаларында электр энергиясын өндіру кезінде тариф кВт/сағ үшін 59,7 теңгені, күн электр стансаларында ‒ 34,61 теңгені, шағын ГЭС-те ‒ 16,71 теңгені, биогаз қондырғыларында ‒ 32,23 теңгені құрайды. 2019-2020 жылдары пайдалануға берілген қуаты 100 МВт «Астана EXPO-2017» ЖЭС-ке 1 кВт/сағ үшін 59,7 теңгенің жеке тарифі белгіленді.
Саланы қолдаудың тағы бір маңызды шарасы ‒ шартты тұтынушылардың ЖЭК көмегімен өндірілген барлық электр энергиясын сатып алу міндеттемесі. Мұндай тұтынушыларға: көмірді, газды, күкірті бар шикізатты, мұнай өнімдері мен ядролық отынды пайдаланатын энергетикалық компанияларды, электр энергиясын импорттаушы кәсіпорындарды, сондай-ақ 2016 жылғы қаңтарға дейін пайдалануға берілгендерін қоспағанда, жалпы қуаты 35 МВт-дан астам бір гидроторап шегінде орналасқан қондырғылары бар ГЭС жатады.
Дегенмен нарық қатысушылары ЖЭК мүмкіндіктерін арттыру үшін жақсартуға болатын көптеген тетік бар деп санайды. Мысалы, сектордың басты проблемаларының бірі ‒ өндірістің тұрақсыздығы, күн мен желдің болмауы электр энергиясын өндірудің бірден төмендеуіне әкеледі. Бұл мәселені шешудің бірнеше жолы бар, соның ішінде теңгерімді қуат нарығын және электр энергиясын сақтау жүйесін құру маңызды.
Мамандар маневрлік қуаттарды дамыту, газ электр стансалары мен ГЭС-ті қамтитын икемді көздерді ұлғайту немесе электр энергиясын жинақтағыштарды салу қажет деп санайды. Мұндай қуаттың болмауы ЖЭК өсуін тежейді. Энергия теңгеріміндегі ЖЭК үлесі неғұрлым жоғары болса, соғұрлым жаңартылатын көздерден өндірілетін өнім азайған кезде сұранысты жабатын резервтік қуаттар қажет болады.
Жалпы әлемдік энергия теңгеріміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 2030 жылы бүгінгі 30 пайызбен салыстырғанда 50 пайызға жетеді. Электрмобильдер саны биылмен салыстырғанда 10 есе көп болады. Бүкіл әлемде жылу сорғылары мен басқа да электр жылыту жүйелері қазба отынмен жұмыс істейтін қазандықтардан асып түседі деп болжануда. Халықаралық энергетикалық агенттіктің (ХЭА) сарапшылары «Әлемдік энергетикалық болжам-2023» атты жаңа баяндамада осындай тұжырым жасаған.
Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ,
журналист
Келесі мақала
Денсаулық туралы дақпырттар
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Енді eGov Mobile қосымшасы арқылы шетелден тауарға тапсырыс беруге болады
- авторAR-AY
- 13 желтоқсан, 2024