Қазына қаржысына қол салған
Меркі ауданының прокуратурасы Меркі ауданындағы №16 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің лауазым иелерінің қызметтік жағдайды пайдаланып, басқа да тұлғалардың көмектесуімен аса ірі мөлшерде бюджет қаржысын жымқырғанын анықтады. Мұндай хабарламаны облыстық прокуратураның баспасөз қызметі таратты.
Мемлекеттік қызметшілердің қылмыстық әрекеттері жастар арасында спортты дамытуға бөлінген бюджет қаражатын жұмсау заңдылығын тексеру нәтижесінде әшкереленді. Шенеуніктер бюджет қаржысын жеткізілмеген тауарлар мен көрсетілмеген қызметтер үшін аудару арқылы жымқырған.
2020 жылдың 29 ақпанында №16 спорт мектебі макеттер жасау және металл құрылғыларын дайындау үшін жалпы құны 2 миллион теңгеден асатын соманы жеткізушіге төлеген, алайда соңғы аталған жұмыстарды мүлдем орындамай, бюджет қаражатын №16 спорт мектебінің лауазымды тұлғаларының өтініштері бойынша қолма-қол ақшаға айналдырған және өзінің қызметі үшін жалпы сомадан 10 пайызын алып отырған.
Қылмыстық әрекеттер нәтижесінде мемлекетке келтірілген залал 16 миллион теңгеден астам соманы құрады.
2022 жылдың 10 қазан күні Меркі ауданының прокуратурасы осы факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімін тіркеп, облыстық прокуратураның Сотқа дейінгі тергеу басқармасы тергеу амалдарын жүргізді. Тергеп-тексеру нәтижесінде 7 адамға қатысты қылмыстық іс сотқа қарау үшін жіберілді.
2023 жылдың 3 қарашасында Меркі аудандық сотының шығарған үкімі бойынша енді №16 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры мен бұрынғы директоры және бас есепші мемлекеттік қызметте өмір бойы жұмыс істей алмайтын болды. Сонымен қатар оларға 3,5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. 4 көмектесуші мемлекеттік қызмет атқару құқығынан 10 жылға айырыла отырып, 2 жыл 6 айға сотталды. Қылмыстық іс бойынша 6,7 миллион теңге келтірілген шығын өтелді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Ақтоты Жаңабай
Келесі мақала
Қылмысқа – қылбұрау
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Енді eGov Mobile қосымшасы арқылы шетелден тауарға тапсырыс беруге болады
- авторAR-AY
- 13 желтоқсан, 2024