Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Медиация – дауды шешудің тиімді тәсілі

Медиация –  дауды шешудің тиімді тәсілі
ашық дереккөз
Медиация – дауды шешудің тиімді тәсілі
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды», деп атап көрсетілген. Елімізде адамның өмір сүруіне қолайлы жағдай туғызу және қоғамда адамдар арасындағы түсіністік пен үйлесімділікті құқықтық нормалар арқылы реттеу басты назарға алынған. Мемлекет басшысының 2021 жылғы 15 қазандағы №674 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының құқықтық саясатының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» мемлекеттік жоспарлау жүйесінің мемлекеттің құқықтық саясаты саласындағы тиісті құжаттарын, перспективалық және жыл сайынғы жоспарларын, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын әзірлеу үшін негіз болып есептеледі. Аталған тұжырымдаманың 5-бөлімінде атап көрсетілгендей, дауларды реттеудің баламалы тәсілдерін жетілдіру – Қазақстанның құқықтық жүйесін дамытудың маңызды векторы. Өйткені бұл институт қоғамдағы жанжалдар деңгейін төмендетуге ықпал етеді және соттарға жүктемені азайту арқылы сот төрелігін іске асыру сапасын арттырады. Тарихқа жүгінетін болсақ, тараптарды татуластыру шарасын қолдану құқық саласында ежелден бері бар. Мұндай шаралар Вавилонда сауда жасау кезінде жүргізілген. Юстиниан кодексінде делдалдардың көмегіне жүгіну рәсімдері қарастырылған. Медиацияның заманауи түрінің дамуы ХХ ғасырдың екінші жартысында англо-саксондық құқық қолданатын АҚШ, Австралия, Ұлыбритания, содан соң Еуропа мемлекеттерінде жүргізіле бастаған. Біздің халқымыз үшін татуласудың маңызы зор. Қазақ билері даулар бойынша шешім қабылдағанда «Дау мұраты – бітім» деген қағиданы басшылыққа алған, бұл медиация элементтерінің еліміздің құқық тарихында ерекше орын алғанын айқындайды. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу үшін Жоғарғы Сот бастамасымен «Сот жүйесін жаңғырту» бағдарламасы әзірленіп, алғышарттар және мақсат пен міндеттер белгіленді. Енді біз сөз еткен тақырыпқа қайта оралып, Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 28 қаңтардағы «Медиация туралы» Заңына тоқталатын болсақ, осы заңның талаптарына сәйкес кәсіби немесе қоғамдық негізде медиация жүргізу үшін тараптар тартатын тәуелсіз жеке тұлға – медиатор деп аталады. Тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың (медиаторлардың) көмектесуімен тараптар арасындағы дауды реттеу рәсімі медиация деп аталса, ал тараптардың медиация басталғанға дейін дауды шешу мақсатында медиатормен жасасатын жазбаша келісімі – медиация туралы шарт. Медиация рәсіміне қатысатын жеке және заңды тұлғалар немесе тұлғалар топтары, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар медиация тараптары ретінде әрекет етеді. Медиатор бейтарап болуға, медиацияны екі тараптың мүддесі үшін жүргізуге және медиация рәсіміне тараптардың тең қатысуын қамтамасыз етуге тиіс. Медиатордың бейтараптығына кедергі келтіретін жағдай болған кезде ол медиацияны жүргізуден бас тартуға тиіс. Медиацияны жүргізгенде медиатор қызметіне Қазақстан Республикасының заңдарында көзделгеннен басқа жағдайларда араласуға жол берілмейді. Медиацияға қатысушылар медиация барысында белгілі болған мәліметтерді осы ақпаратты берген медиация тарапының жазбаша рұқсатынсыз жария етуге құқылы емес. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделгеннен басқа жағдайларда, медиатордан медиация барысында белгілі болған мәліметтер туралы куәгер ретінде жауап алуға болмайды. Медиация барысында белгілі болған мәліметті рұқсатсыз жария еткен адам Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген баптар бойынша жауапкершілікке тартылады. Заңдарда медиаторларға қойылатын талаптар белгіленген. Тәуелсіз, бейтарап, істің нәтижесіне мүдделі емес, медиация тараптарының өзара келісімі бойынша таңдалған, медиаторлар тізіліміне қосылған және медиатордың функияларын орындауға келісім берген жеке тұлға медиатор бола алады. Медиатордың қызметі кәсіби негізде (кәсіпқой медиатор) де және қоғамдық негізде (қоғамдық медиатор) де жүзеге асырылуы мүмкін. Қырық жасқа толған және қоғамдық медиаторлар тізімінде тұрған адамдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексіне және Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес сотта татуластыру рәсімдерін жүргізу кезінде судьялар медиатор қызметін қоғамдық негізде жүзеге асыра алады. Жоғары білімі бар, жиырма бес жасқа толған, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен бекітілетін медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқытудан өткенін растайтын құжаты (сертификаты) бар және кәсіпқой медиаторлар тізімінде тұрған адамдар медиатор бола алады. Сонымен қатар медиатор қызметін кәсіби негізде жүзеге асыратын отставкадағы судьялар тізімінде тұрған отставкадағы судьялар медиатор қызметін кәсіби негізде жүзеге асыра алады. Медиатордың қызметі кәсіпкерлік қызметке жатпайды. Осы қызметті жүзеге асыратын тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған кез келген өзге қызметті де жүзеге асыруға құқылы. Заңда кімдердің медиатор бола алмайтыны да айқындалған. Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті және оған теңестірілген, заңда белгіленген тәртіппен сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған адам, оған қатысты қылмыстық қудалау жүзеге асырылатын және заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам медиатор бола алмайды. Медиация тараптарының келісімімен медиаторға қойылатын қосымша талаптар белгіленуі мүмкін. Медиатор қандай да бір тарапқа заңдық, консультациялық немесе өзге де көмек көрсетуге құқылы емес. Кәсіпқой немесе қоғамдық медиатор болудың тәртібі де Заңда реттелген. Медиация сот қарауында жатқан, жеке және (немесе) заңды тұлғалар, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық, әкімшілік құқықтық қатынастардан және өзге де қоғамдық қатынастардан туындайтын дауды (жанжалды) реттеу кезінде медиация туралы шарт жасалған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей аяқталуға тиіс. Қажет болған жағдайда медиацияны жүргізу мерзімін тараптар сотқа бірлескен жазбаша хабарлама жібере отырып, күнтізбелік отыз күнге дейін ұзартуы мүмкін, бірақ ол жиынтығында күнтізбелік алпыс күннен аспауы тиіс. Сот қарауында жатқан, оның ішінде атқарушылық іс жүргізу сатысындағы материалдар бойынша жеке және (немесе) заңды тұлғалар, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық, әкімшілік құқықтық қатынастардан және өзге де қоғамдық қатынастардан туындайтын дауларды (жанжалдарды) реттеу бойынша медиация туралы шарт іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға негіз болады. Азаматтық немесе әкімшілік процесс шеңберінде, сондай-ақ қылмыстық сот ісін жүргізу барысында және әкімшілік құқықбұзушылық туралы істер бойынша медиация іс жүргізу мерзімінде жүзеге асырылуға тиіс. Дау-шарды реттеу туралы келісімге қол қоюдан бас тарту сот ісін жүргізуге қатысушының жағдайын нашарлата алмайды. Некені жалғастыруға, ата-ана құқығын жүзеге асыруға, баланың тұрғылықты жерін белгілеуге, ата-ананың балаларды бағып-күту салымына қатысты ерлі-зайыптылар арасындағы келіспеушіліктер, сондай-ақ отбасылық қатынастан туындайтын басқа да келіспеушіліктер медиация арқылы шешілуі мүмкін. Медиацияны жүргізген кезде медиатор баланың заңды құқығын ескеруге тиіс. Егер медиация барысында баланың қалыпты өсуіне және дамуына қауіп төндіретін немесе төндіруі мүмкін немесе оның денсаулығы мен заңды мүддесіне нұқсан келтіретін фактілер анықталса, медиатор баланың құқығын қорғау жөніндегі өкілеттікті жүзеге асыратын органға жүгінуге міндетті. Сот актісін орындау сатысында да медиация жүргізуге жол беріледі. Медиацияны жүргізу кезінде медиация тараптары қол жеткізген дауды реттеу туралы келісім жазбаша нысанда жасалады және оған тараптар қол қояды. Дауды реттеу туралы келісімге медиатор қол қоюға тиіс. Медиация тараптары бұл келісімді ерікті түрде, құжатта көзделген тәртіппен және өз мерзімінде орындауы тиіс. Іс сотта қаралғанға дейін жасалған дауды реттеу туралы келісім тараптардың құқықтары мен міндеттерін белгілеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған мәмілені білдіреді. Мұндай келісім орындалмаған немесе тиісінше орындалмаған жағдайда келісімді бұзған медиациялық тарап Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіпте жауаптылықта болады. Азаматтық немесе әкімшілік процесс барысында медиацияны жүргізу кезеңінде тараптар қол жеткізген дауды реттеу туралы келісім дереу іс жүргізіп жатқан судьяға жіберіледі. Дауды реттеу туралы келісімді сот Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде және Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде белгіленген тәртіппен бекітеді. Бұл ретте төленген мемлекеттік баж «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер» туралы тиісті кодексте (Салық кодексі) көзделген тәртіппен төлеушіге қайтарылуға тиіс. Қылмыстық процесс барысында медиацияны жүргізу кезінде тараптар қол жеткізген дауды реттеу туралы келісім жәбірленушіге келтірілген зиянның орнын толтыру және қылмыстық құқықбұзушылық жасаған адамды жәбірленушімен татуластыру арқылы дауды реттеу туралы келісімді білдіреді. Мүлікті бөлу немесе мүлікті кепілге қою туралы дауды реттеу туралы келісім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу және жылжымалы мүлік кепілін тіркеу үшін негіз болып есептеледі. Дау-шарды реттеу туралы келісім оған тараптар қол қойған күні күшіне енеді. Келісімді орындаудан жалтарған жағдайда мүдделі тарап келісім бойынша міндеттемені оңайлатылған жазбаша іс жүргізу тәртібімен орындау туралы арызбен сотқа жүгінеді. Әкімшілік сот ісіне қатысты дауларды қарау барысында жауапкердің әкімшілік қалауы болған кезде ғана медиация жасалады. Мұндай мүмкіндік Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған немесе тиісті жария-құқықтық қатынастың мәніне қайшы келмейтін жағдайларда беріледі. Осы ретте дауласқан тараптар арасындағы түсіністік пен үйлесімділікті қамтамасыз ету үшін медиацияның маңызы айрықша екенін айта кеткен жөн. Мұны әр азаматтың білгені абзал. Жанат Мәлібекова, Байзақ аудандық сот әкімшісінің бас маманы, сот отырысының хатшысы
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар