Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қылмысқа – қылбұрау

Қылмысқа – қылбұрау
ашық дереккөз
Қылмысқа – қылбұрау
Оңай табыс табамын деп опық жеді Абай облысында Тараз қаласының тумасынан 200 грамнан астам синтетикалық есірткі тәркіленіп, күдікті қамауға алынды. Синтетикалық есірткі заттарын бетбелгі арқылы заңсыз сатумен айналысқан 35 жастағы азаматты арнайы операцияны жүргізу барысында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ұстады. Ұялы телефонын зерделеу кезінде жамбылдық азамат Абай облысының орталығында 50-ден астам синтетикалық бетбелгі қойғаны анықталды. Ұсталған адамның жалдамалы пәтерін тінту барысында полицейлер ақ түсті ұнтақ заты бар полимерлі пакетті, бос зип-пакеттерді, 2 электронды таразыны, фольга орамасын, сараптама қорытындысына сәйкес жалпы салмағы 218,8 грамнан асатын мефедрон психотроптық заты бар байламдардың оқшаулағыш таспасын тапты. Осылайша күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Бұл баптың санкциясы мүлкін тәркілеп, оған 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қолдануды көздейді. Жасөспірім ойын автоматтарынан ақша ұрлаған Тараз қаласында 16 жастағы оқушы үш ойын автоматындағы монета қабылдағыштарды ашып, 44000, 30000 және 40000 теңге ұрлаған. Жалпы залал сомасы 115 мың теңгені құрады. Сот жасөспірімді ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (ұрлық) бойынша кінәлі деп танып, бір жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Кінәліні жасөспірімдер отыратын ерекше режимдегі интернатқа орналастырды. Күдікті отырған Абай облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті, Көкпекті аудандық пробация қызметінің бастығы Дамир Айдаров интернатта күн тәртібі қарапайым мектептегідей деп сендірді. – Балаларды үнемі бейнебақылау камералары мен интернат қызметкерлері бақылап отырады. Интернатта 11-18 жас аралығындағы балалар тәрбиеленеді. Бұл балалар республиканың түкпір-түкпірінен келген. Олардың бас бостандығын шектеу мерзімі – алты айдан екі жылға дейін. Негізінен балалар мұнда ұрлық пен тонау сияқты қылмыстар жасағаны үшін келеді. Олармен үнемі тәрбие жұмысы жүргізіледі және көптеген жасөспірімдер жасаған ісіне өкінеді, – деп түсіндірді Д.Айдаров. Ойнап жүріп от басқан балалар «Ұрлық түбі – қорлық» екенін ұмытпаса екен. Ағасының атын жамылып, жазадан құтылмақ болған Облыстық полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 2009 жылдан бері іздеуде жүрген 49 жастағы Ө. есімді азаматты ұстады. Күдіктіге ҚР Қылмыстық кодексінің 178-бабы 2-бөлігі, 257-бабы 3-бөлігі (ескі редакция) бойынша іздеу салынған болатын. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, осыдан 14 жыл бұрын Тараз қаласында тонау және бұзақылық қылмыстарын жасағаны үшін оған іздеу жарияланған. Азамат бірнеше жылдар бойы шет мемлекеттердің аумағында бой тасалап келген. Жамбылдық полицейлер 7 қараша күні арнайы операция жүргізу барысында іздеудегі азаматты Алматы қаласындағы фитнес залдарының бірінен ұстаған. Күдіктінің бет-бейнесі өзінің туған ағасына ұқсағандықтан, полиция қызметкерлеріне өзін ағасының есімімен таныстырған. Анықтау жұмыстарын жүргізу үшін бір мезгілде оның туған ағасы да облыстық полиция департаментіне жеткізіледі. Олардан саусақ іздері алынып, жеке бастары толық анықталған соң іздеудегі азамат Алматы қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамауға алынады. Ақтоты Жаңабай
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар