ФАКТЧЕКИНГ ҚҰРАЛДАРЫН МЕҢГЕРГЕННІҢ ПАЙДАСЫ МОЛ
Ақпарат тарау жылдамдығы дамыған заманда кез келген хабар бұқараға тез жетеді. Ол дұрыс жеткізілмесе қоғамға әсер етіп қана қоймай, зиянын да тигізеді. Осы ретте жалған ақпаратқа, алаяқтарға сенбес үшін фактчекинг құралдарын меңгерген жөн.
Фактчекинг – медиа саласындағы тренд сөздің бірі. Сондай-ақ шетелдік медиа кеңістікте верификaция деген термин бар. Бұл технологияны меңгеру маңыздылығы көбіне этикалық қағидалармен байланысты: еркіндік, объективтілік, бейтараптық және нақтылық. Екі терминнің айырмашылығын тәуелсіз журналист Халима Тәжіқұл ажыратып берді.
«Фактчекинг – жалған ақпараттарды тексеру және оны әшкерелеу. Саяси әдістері, өзекті әлеуметтік тақырыптарды көтеріп, өз мақсатында пайдалануды көздегендерді әшкерелеуге арналған құрал деуге болады. Сайтта саясаттағы шенеуніктердің айтқан мәліметтеріне, келтірген деректеріне фактчекинг жасалады. Қоғамда, ел арасында манипуляцияға толы дүниелерге фактчекинг жасалады. Журналистің материалы әлі жарық көрмеген болса, онда фактчекинг жасамайды, ол кезде верификация жасайды. Осы екі нәрсені шатастырмау керек. Фактчкинг деген жарияланып қойған, жарық көрген мәліметке, дерекке жасалады. Ал верификация әлі жарық көрмеген деректерді тексерудің тәсілі», деп түсіндірді журналист.
Жалған ақпараттың тарауы жасанды интеллект дамуымен өрши түскенін фактчекер, «Factcheck Kazakhstan» жобасының бас редакторы Думан Смақов атап өтті.
«Соңғы кезде жалған ақпарат көбейіп бара жатқанын өзіміз де көріп отырмыз. Бұған тек қана адамдардың күнделікті тарататын фэйк ақпараты ғана емес, жасанды интеллект синтездейтін ақпараты қосылып жатыр. Мысалы, дипфэйк деген секілді. Дипфэйк – жасанды интеллект арқылы өңделген фотосуреттер, бейнелер немесе аудиожазбалар. Сондықтан фактчекинг сіз бен біздің өмірімізді жеңілдету үшін, жалған ақпаратқа, алаяқтарға және басқа да алдауға тырысатын адамдардың қақпанына түсіп қалмас үшін өте маңызды. Тіпті, тұрмыстық өмірде егер пәтер жалға алсаңыз да, фактчекинг арқылы пәтер иесі жайлы бар деректі тексеріп алуға болады. Сондықтан бұл – біздің өміріміздегі журналистиканың ең маңызды форматтарының бірі», деді маман.
Фактчекер Думан Смақовтың айтуынша, ақпаратты тексеру кез келген адамның қолынан келеді. Тек қажетті техникаларды үйренсе болғаны.
«Фактчекинг жасау кез келген адамның қолынан келеді, негізі форматы оңай. Бірақ өкінішке қарай, фактчекингте шыдамдылық, төзімділік керек. Егер бір ақпаратты таппасаңыз, оны іздей беруіңіз қажет. Мысалы, журналистік зерттеу сияқты форматтарда сіз астыртын алған ақпаратты немесе ашық әдістен өзге де ақпаратты қолдануға моральдық құқығыңыз бар, ал фактчекинг бұған мүмкіндік бермейді. Бірақ шын мәнінде, бұл өте жеңіл», деді ол.
Қоғам естіген әрбір ақпаратты қабылдамас бұрын, қарапайым ғана ой-елегінен өткізіп, сыни ойлауға тырысуы қажет екенін айтады мамандар.
«Жалған ақпараттың салдары туралы айтқанда, біріншіден, бұл азаматтардың экономикалық қауіпсіздігіне байланысты. Мысалы, әлдебір банкте депозитте ақша болса, ол банк жабылайын деп жатыр деген ақпарат тараса, сіз ақшаңызды түгел шешіп аласыз және депозиттегі үстеме ақыңыз да жойылады. Тіпті банк банкротқа ұшырауы мүмкін. Екінші салдар, денсаулыққа қатысты. Коронавирус пандемиясы кезінде түрлі шөптермен, адыраспанмен, жемістермен емделуге болады деген ақпарат тарады. Соның салдарынан осындай жолмен емделемін деп бақилық болып кеткендер де болды», деп атап өтті Думан Смақов.
Ал Ішкі істер министрлігінің өкілдері жалған ақпарат таратқандарға қандай жаза қолданылатынын түсіндірді. Министрлік фэйк ақпараттардың қандай мақсатта жарияланғанын тексеру үшін интернет ресурстарына ұдайы мониторинг жүргізіп отыратынын мәлімдеді.
«Ішкі істер министрлігі тек өз құзыретіне жататын салалар бойынша мониторинг жүргізеді. Мәселен, таратылған ақпарат мәдениет, әлеуметтік салаға қатысты болса, осы саладағы құзырлы министрліктер, мемлекеттік органдар, ақпараттың рас-өтірігіне қатысты түсініктеме беріп, таратушы тұлғаға қатысты тексеру жүргізуді сұрап, ішкі істер органдарына шағым түсіреді. Сол бойынша тексеру-анықтау шаралары қолға алынады.
Дегенмен, жалған ақпарат таратушылар жазадан құтылып кете алмайды. Түрлі мақсатта осындай қадамға барғандарға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте бірнеше бап қарастырылған. Жалған ақпарат таратушылар «Жала жабау», «Жалған ақпарат орналастыру, тарату» сынды арнайы баптарда көзделген шаралар аясында жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.
«Қасақана жалған ақпарат таратқаны үшін Қылмыстық кодекстің 274-бабында көзделген қылмыстық жауапкершілік көзделеді. Көрсетілген әрекет үшін ең жоғары жаза – 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру» деді ІІМ баспасөз қызметі.
Мамандардың айтуынша, жалған ақпарат веб-сайттарда кейде логикалық, орфографиялық немесе грамматикалық қателерге толып жүреді. Сол үшін ашылған беттің веб-мекенжайына назар аударып, тексеріп алу керек. Егер ол сайтпен таныс болмасаңыз, «Біз туралы» бөліміне өтіп, жоба жөнінде ақпаратты қарап шығу қажет.
Ақпарат таратқан автор туралы да білу маңызды. Автордың сенімді екеніне көз жеткізу үшін ол туралы қосымша ақпарат қарастырған абзал. Оның басқа да материалдарын қарап шығу қажет. Жарық көрген мақалалары бар ма, соған назар аудару керек.
Басқа беделді ақпарат көздері немесе бұқаралық ақпарат құралдары бұл фактіні жариялаған ба? Мақалада сенімді дереккөздерге сілтеме жасалған ба? Егер халық арасында сенімді саналатын БАҚ не ақпарат көзі жарияланса, демек шындыққа жақын деуге болады.
Фэйк ақпарат көбіне адамдардың бойында қорқыныш, ашу сынды эмоциялар тудыруға бағытталады. Осындай ақпаратты оқығанда бірден сын көзбен қараған дұрыс шешім. Мақаланың немесе жаңалықтың түпкілікті мақсаты не? Белгілі бір көзқарасты немесе мәселені алға тартып тұр ма? Не болмаса мақала оқырманды басқа веб-сайтқа өтуге мәжбүрлей ме? Осындай сауалдарды өзіңізге қойып, оған жауап іздеуге тырысыңыз.
Шапағат ӘБДІР
Келесі мақала