Кәсіпкерлер құқығы қорғалуда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында орта және ірі кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді тапсырған болатын.
Президент өз сөзінде: «Құқық қорғау органдарының кәсіпкерлерді қудалауын біржола тоқтату керек. Мұндай әрекеттерге тыйым салынған. Бірақ соған қарамастан, әлі де жалғасып жатқанын білемін. Осындай мәліметтер кейде әдейі таратылып жатады, тіпті, олар жалған болуы да мүмкін. Қалай десек те, бұл – назардан тыс қалдыруға болмайтын мәселе. Кәсіпкерлікке қолдау көрсету, саланы реттейміз деген желеумен жасалатын қысымды азайту және бәсекелестікті дамыту мәселелерін мұқият талқылау қажет. Сондықтан мен жуық арада еліміздің бизнес өкілдерімен арнайы кездесу өткіземін», деген еді.
Кеше облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаев өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында брифинг өткізіп, кәсіпкерлердің құқығын қорғау және отандық өндірушілерді қолдау туралы БАҚ өкілдеріне кеңінен баяндады. Спикердің айтуынша, осы жылдың он айының қорытындысы бойынша облыстық кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлердің құқығын қорғауға көмектесуді сұраған 72 өтініш түсіпті. Құқықтарды қорғау желісі бойынша келіп түскен өтініштердің 36-сы оң шешімін тапса, 27-сі әлі қаралу үстінде, жетеуі бойынша өтініш иелеріне түсініктеме уақытында қайтарылған көрінеді. Сондай-ақ кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің 8 отырысы өткізілген. Онда 12 мәселе қаралып, оның жетеуі оң шешімін тапқан. Кәсіпкерлердің қорғалған құқықтарының жалпы сомасы 1,7 миллиард теңгені құраған.
– Палата өңірдегі әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға ерекше көңіл бөледі. Палата жанында іскер әйелдер кеңесі жұмыс істейді. Оның негізгі міндеті – әйелдер арасында кәсіпкерлікті дамыту, олардың еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Облыста жұмыс істеп тұрған шағын орта бизнес субъектілерінің 47 пайызына немесе 55,5 мың субъектіге әйелдер басшылық етуде. Бизнеспен айналысып жүрген нәзікжандылардың саудадағы ең жоғары концентрациясы 40 пайызды және ауылшаруашылығында 22 пайызды құрады.
Жалпы кәсіпкерлерді қолдаудың қаржылық емес шараларын іске асыру шеңберінде 7 070 қызмет,
3 929 консультация көрсетілді. Жалпы сомасы 2,8 миллиард теңгеге 238 тегін бизнес-жоспар жазылды, – деді Еркін Садуахасұлы.
Баяндамашының сөзінше, кәсіпкерлер палатасы облыс өндірушілерінің электрондық порталын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Мұндағы басты мақсат – жергілікті тауар өндірушілерді отандық нарықта ілгерілету. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» сияқты ірі жобаларды, ірі зәкірлік кәсіпорындарды, жер қойнауын пайдаланушыларды, өндірістік кооперацияны және өзге де сатып алуларға қатысты кәсіпті жандандыру да негізгі мақсаттың бірі саналады. Порталда жергілікті өнім өндірушілер өз ұсыныстарын тегін орналастыра алады немесе бизнес бойынша серіктестер таба алады. Оған облыстың өндірістік кластерінің барлық салаларын қосу жоспарлануда.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ
Келесі мақала