Балық та байлық көзі
Балық шаруашылығы – ел экономикасын дамытуға жол ашатын маңызды салалардың бірі. Бұл бағытта 2021-2030 жылдарға арналған бағдарлама да қабылданған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен саланы одан ары дамытуға басымдық берілуде. Жуырда Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен кезекті брифингте ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Президенттің экологияға қатысты тапсырмаларының орындалу жайын және балық шаруашылығын дамытудың бағдарламасы туралы кеңінен әңгімеледі.
– Маңғыстау облысындағы Каспий итбалығының популяциясын сақтауға мемлекеттік табиғи резерват құруды жеделдетуге қатысты 2023 жылғы сәуірде жаратылыстану-ғылыми негіздеме бекітілді. Соның аясында қазіргі уақытта техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр. Нәтижелерді жыл соңында аламыз. Резерват 2024 жылғы маусымда дербес заңды тұлға ретінде құрылады, – дейді министр.
Сондай-ақ ол биыл наурыз айынан бастап Жайық-Каспий бассейнінің су айдынында браконьерлікпен күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған жоспар бекітілгенін, сондай-ақ теңізде бақылау жұмысының күшейтілгенін жеткізді.
– Атырау қаласындағы мемлекеттік бекіре зауытының өндірістік базасын жаңғырту жоспарланды. Биыл наурызда министрлік тиісті Жол картаны бекітті. Зауыт құрылыстарының тұрақтылығына техникалық тексеру жүргізілді, биологиялық негіздеме әзірленді. Маусым айында зауытты дамыту тұжырымдамасы және жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге техникалық тапсырма бекітілді, – дейді Е.Нысанбаев.
Оның айтуынша, биыл қыркүйекте балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасына балық өнімдерін қайта өңдеу жұмысын субсидиялау бойынша мемлекеттік қолдау шараларын енгізуде өзгерістер бар. Сондай-ақ балық шаруашылығына инвестициялық жобалар үшін бюджеттен несие беру мүмкіндігі енгізілді. Оған балық ресурстарын сақтау, молайту, өнеркәсіптік балық аулауды дамыту, қайта өңдеу жұмыстары кіреді. Биыл қараша айында Парламент Мәжілісіне бизнесті мемлекеттік қолдауды кеңейтуге құқықтық негізді көздейтін «Акваөсіру туралы» Заң жобасын енгізу жоспарланған.
– Биыл 10 айда 34,9 мың тонна балық ауланды, 13,2 мың тонна балық өсірілді. 15,6 мың тонна балық экспортталып, 32 мың тонна импортталды. Саланы табысты дамытудың маңызды тетігі – бизнесті субсидиялау және салықтық жеңілдіктер түрінде бастапқы кезеңде қолдау. Қазір балық өсірудің бағыттарын субсидиялау көзделген. Бұл – күрделі салымдарға, техника мен жабдықтарды сатып алуға инвестициялық субсидия беру, сондай-ақ балық өсіруге арналған негізгі компоненттерге, атап айтқанда, жем, шабақ және дәрі-дәрмек сатып алуға арналған шығындарды өтеу. Биыл субсидиялауға 4,1 миллиард теңге көзделген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 есе көп. Салалық бағдарлама шеңберінде жыл сайын субсидиялауға бюджеттен бөлінетін қаражат көлемі ұлғаяды, – деді Е.Нысанбаев.
Спикердің мәлімдеуінше, бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасалып жатыр. Мәселен, өндірістік және инвестициялық шығындарды субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау шаралары кеңейтілген. Сондай-ақ, балық шаруашылықтарына су беру бойынша шектеулер алынып тасталды. Балық өсіру тоғандарын жобалық-сметалық құжаттамасыз және мемлекеттік сараптамадан өтпей-ақ тек эскиздік жобалар негізінде салуға мүмкіндік берілді.
– Қазір елімізде 72 балық өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. Оның ішінде 17 кәсіпорын жоғары талаптарға сай және балық өнімдерін Еуропа елдеріне экспорттау құқығын алды. Бұл ретте қосымша тағы отандық 13 кәсіпорын осындай экспорт құқығын алуға өтінім берді. Экспорттық нарықты кеңейту үшін Қазақстан – Қытай арасында ветеринариялық сертификат келісілді. Ал Қытай елінің тізіліміне 65 Қазақстан кәсіпорны енгізілді, – дейді министр.
Отандық балық өңдеу кәсіпорындарынан әлемнің 21 еліне балық өнімдерінің 100-ден аса түрі шығарылады. Олардың ішінде ең ірі тұтынушылар – Ресей, Германия, Нидерланд, Литва, Қытай.
– Министрлік Мемлекет басшысының тапсырмаларын уақытылы және сапалы орындауға балық шаруашылығын дамыту бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде шаралар қабылдауды жалғастыра береді, – деді министр.
Сонымен қатар жиында балық шаруашылығынан басқа да экологиялық мәселелер жөнінде айтылды. Көптен көпшіліктің көкейінде жүрген орманшылардың алатын жалақысы мен жағдайы сөз болды. Абай ауданында 14 жұмысшының қазасына себеп болған орман өртінен кейін Үкімет орманшылардың жалақысын көтеру туралы шешім қабылдаған еді. Экология және табиғи ресурстар министрі 100 пайызға көтерілген жалақының қазіргі көлемі қандай екенін айтты.
– Бүгінде орман саласындағы орта буын мамандары шамамен 180 мыңнан 220 мың теңгеге дейін жалақы алады. Орманшылар жалақысы 140 мыңнан 180 мың теңгеге дейінгі аралықта. Ал басшылық қызметтердің жалақы мөлшері 280 мыңнан 350 мың теңгеге дейінгі аралықта көтерілді, – деді министр.
Сондай-ақ ол орман және балық шаруашылығы саласының мамандары ең төмен жалақы алатындардың қатарында екенін растады. Ұлттық статистика бюросының кейінгі мәліметі бойынша тамыз айында елімізде орташа арифметикалық жалақы 365 502 теңге болды. Ал қарапайым орманшының жалақысы одан екі есе аз екені байқалады.
Киіктердің де мәселесі күйіп тұр. Қоғам арасында «Киіктердің мүйізі қандай кәдеге жарайды?» деген сауал қарша борап тұр. Бұл сұраққа да Ерлан Нысанбаев «Киіктердің мүйізін шетелге сатуды жоспарлап отырмыз» деп жауап берді. Елімізде киік мүйіздерін сыртқа сату жағы қарастырылып жатқанын, рұқсат алу 2025 жылға жоспарланғанын жеткізді.
– Киік мүйіздері фармацевтикадағы дәстүрлі компонент әрі Шығыс елдеріндегі, негізінен Қытайда дәрі-дәрмектердің құрамдас бөлігі саналады. Бүгінде киік мүйіздерін экспорттауға мүмкіндігіміз жоқ. «СИТЕС» сирек кездесетін жануарларды қорғау жөніндегі халықаралық ұйымы жекелеген жануарларды қолдануға (оның ішінде киік те бар) тыйым салды, – деді спикер.
Сондай-ақ министр бүгінде Женевада киіктердің мүйізін пайдалануға тыйым салуды алып тастау туралы мәселе талқыланып жатқанын айтты.
– Рұқсат алу мерзімі – 2025 жылдың басы. Бүгінгі таңда киіктердің санын реттеуден алған барлық мүйіз таңбаланып, «Охотзоопром» мамандандырылған кәсіпорнының арнайы үй-жайларында сақталады. Қазір киіктердің мүйіздерін сатпаймыз, бірақ болашақта киіктердің мүйіздерін сыртқы нарыққа сатуды жоспарлап отырмыз, – дейді ол.
Жиын соңында Ерлан Нысанбаев журналистердің сауалдарына жауап берді.
Аяулым Жаманқара
Келесі мақала