Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Әлемдік брендтерді еңбегімен мойындатқан

Әлемдік брендтерді еңбегімен мойындатқан
ашық дереккөз
Әлемдік брендтерді еңбегімен мойындатқан
Бүгінгі заман – креативті идеялармен жарысқан, ғылыми-техникалық прогрестің қарыштайтын дәуірі. Ақпараттық технологиялар адамға жаңа мүмкіндіктер сыйлап, өмір салтымызды өзгертуде. Заманауи құрал-жабдықтар көптеген салада жаңа бетбұрыс жасады. Бұрын дәстүрлі жолмен табыс тауып келгендер енді өз жұмыстарын қайта қарай бастады. Еркін ойлы, заманауи технологияны жетік меңгерген шығармашыл суретшілердің бірі – Ескендір Өтебаев. Заманауи суретші биыл «Forbes» басылымының «30-дан 30-ға дейін» рейтингіне енді. Тараздан шыққан талантты дизайнер қайталанбас туындыларымен әлемді мойындатып, ең танымал брендтермен іскерлік байланыс орнатып жүр. Отыз жастағы цифрлық суретші Қазақстанда жүріп те есіміңді әлемге танытуға болатынын айтады. Әрі мұны өзі де дәлелдеп отыр. Суретшінің шығармашылығын ұнататын жандар оны @bat.not.bad лақап атымен жақсы таниды. Жерлесіміздің жаңашыл туындыларын әлемдік жұлдыздар үнемі бақылап, өз парақшаларында бөлісіп отырады. Мәселен, Drake, Леброн Джеймс, Билли Айлиш, Крис Браун, 50 Cent секілді танымал тұлғалар креативті өнер иесінің шынайы жанкүйерлері. Ескендірдің «Instagram» парақшасынан болашақ әлемнің технологиядағы жетістік­терін бейнелейтін көптеген дизайндарды көре аласыз. Цифрлық туындылардың қатарында футуристік «Mercedes» және «Lamborghini» көліктері, әлі шығарылмаған смартфондар, концепциялық қала дизайны, тіпті жер орбитасында орна­ласқан бутик-қонақүй де бар. Цифрлық дизайнер суреттері көпшіліктің назарын аударғанымен, өзін жұртшылыққа жария етуден аулақ болуға тырысатынын айтады. Сондықтан парақшасының аватарына өзінің емес, Доберманның суретін қойған. Әлемдік брендтердің қызығушылығын тудырған дизайнердің өзіне жарнама жасамай тасада жүруі айналасына белгілі бір жұмбақ аура жасау үшін емес. Ескендір табиғатынан интроверт, яғни көпке ашыла бермейтін тұйық адам. Кейіпкеріміз Тараз қаласында туып-өскен. Әкесі – жеке кәсіпкер, анасы медици­налық колледжді бітірген. Алайда тұрмыс құрған соң бар өмірін бала тәрбиесіне арнаған. Әкесі оны жас күнінен зейінділікке, ептілікке тәрбиелеген. Логикасын және талдау қабілетін дамытуға мән берген. Анасы да оның шығармашылық бейімділігін дамыту үшін үлкен күш жұмсаған. Алты жасында Ескендірді ата-анасы музыка мектебіне фортепианоға оқуға береді. Өсе келе өзі гитараға қызыққан. Кейіпкеріміз кішкентайынан жан-жануарларға мейірімділікпен, сүйіспеншілікпен қараған. Сондықтан көшеде қорғансыз жатқан ит-мысықты көрсе, аяғаннан үйіне таситын болған. Осы әдетін байқаған ата-анасы ұлының мал дәрігері болатынына еш күмәнданбаған. Бірде атасы мен әжесі оған АҚШ-тан 16 биттік «Super Nintendo» ойын құрылғысын және «Virtual Boy» (алғашқы виртуалды шындық көзілдірігін) әкеліп береді. Ерекше сыйлық оның компьютерлік графика мен дизайнға деген сүйіспеншілігін оятады. – Әпкем екеуміз «Super Mario» және «Donkey Kong» ойындарын ойнағанды ұнататынбыз. Өзге балаларды тек ойын ғана қызықтырса, менің санамда мүлде басқа сұрақтар тұратын. «Бұл ойын қалай жұмыс істейді?» «Ойынның сюжетін кім жазды, кейіпкерлерді кім ойлап тапты?» деген ойлар маза бермейтін. Дизайнға, цифрлық өнерге деген қызығушылығым сол кезде оянды деп айтуға болады. Менің кәсіпкерлік жолым ерте басталды. Ата-анам бізді ешқашан ақшадан тарықтырған емес, алайда ол кісілерден жиі ақша сұрауға ұялатынмын. Өзім жұмыс істеп, ақша табуды үйренуім керек деп ойладым. Осылайша, жеті жасымда атамның гаражына «Super Nintendo» ойын автоматын орнатып, оны жалға бере бастадым. Ойынның құны 20 минут үшін 15 теңге, ал «Virtual Boy» ойыны 30 минут үшін 25 теңге болды. Ойнауға келген балалар көп болды. Күніне 500-900 теңге табатынмын. Оның бір бөлігін анама беріп, қалғанын жинап жүретін едім. Кейде газдалған сусын мен басқа да тәттілер алып, өз көңілімді сергітіп тұратынмын. Есея келе кәсібімді дамыта түстім. Компьютерлік клуб ашып, залды аралап, ойын кодтарын сататынмын. Сондай-ақ сұраныс иелеріне «VHS» таспаларынан бейнелерді «DVD» дискілеріне көшіріп беретінмін. Шағын және орта бизнеске арналған веб-сайттарды жасайтынмын. Кейін әлеуметтік желілер пайда болды да кәсіпкерлігім дами түсті. «Photoshop» арқылы жұмыс істеп, елдің суреттерін өңдеп беретінмін. Полиграфияда жұмыс істегенім де бар. Әртүрлі өнімдерге арналған футболкалар, кружкалар және орауыштардың дизайнын жасап жүрдім. «Саудада достық жоқ» деген сөз мен үшін емес еді. Кәсіпкерлігімді пайдаланып қалуға тырысатын достарым көп болды, таныстығымызды сөз етіп тегін жасатып кететін. Өзгелермен көп араласа бермесем де санамдағы қиялым өте күшті болды. Мен өз әлемімде жүретінмін. Есейген сайын қиялым өзіммен бірге өсті. Сонда «шетелге барсам» деген арманмен өмір сүріп жүрдім. Құлаққаппен музыка тыңдап, көзімді жұмып, «Беверли-Хиллз» көшелерімен серуендеп жүргенімді елестететінмін. Сол сәтте өзімді «Голливуд» фильмінің кейіпкеріндей сезінетінмін, – дейді Е.Өтебаев. Әкесі тым тұйық ұлын бір кездері дзюдоға беріп көрген. Алайда жекпе-жек оның мінезіне мүлдем сәйкес келмеді. Ескендір жан баласына күш қолдануды ұнатпады. Мектепті бітіргеннен кейін жас жігіт компьютерлік графика саласында жоғары білім алуды жөн санайды. Бірақ ол кездері елімізде бұл сала аса дамымағандықтан, компьютерлік графика бағытында оқытатын, білімі мықты оқу орны жоқ еді. Отбасының қаржылық жағдайына байланысты шетелде де білім ала алмады. Сондықтан ол өз бетімен оқуға көшті. Дәлірек айтқанда, «Google», «YouTube» және танымдық интернет форумдарынан өзіне керек білімін ала бастады. Ата-анасы ұлының қабылдаған шешіміне қарсы келмеді, оған «дені дұрыс оқуға түс, жұмыс тап» деп қысым көрсетпеді. Өздігінше іздене жүріп, жұмыс істеуді де ұмытпаған жігіт 2011 жылы тапқан ақшасына ноутбук сатып алады. Сол ноутбугы білім алуына да, ақша табуына да көп көмегін тигізеді. Көп ұзамай Ескендір Тараздан Астанаға қоныс аударады. Осыған дейін туған қаласынан ұзап шықпаған жігітке жаңа ортаға үйрену оңайға соқпады. – Елордаға келгеннен кейін ең алдымен өзіме көп визиткалар жасатып алдым. Сауда орталықтарын, бутиктер мен салондарды аралап, дизайн және басып шығару қызметтерін ұсынатынмын. Шынымды айтсам, телефоннан «компьютерлік қызмет керек» деген қоңырауды көп күттім. Бірақ тапсырыс болмады. Өмірімде сәтсіз кезеңдер басталды. Қаржылық қиындықтар туындады. Бірақ сонда да ата-анамның қолына қарағым келмеді. Астанадағы кәсібім сәтсіздікке ұшыраған соң, бәрін тастап, үйге қайтуды да ойладым. Осындай қиын сәтте анам маған сенім білдіріп, жылы сөздерін айтып, рухани қолдау көрсетті. Соның арқасында салым суға кетпеді, есімді тез жиып алдым. Жұмыссыз жүргеніме үш ай болып қалған. Бірде таң ата бейтаныс нөмірден қоңырау түсті. Хабарласып тұрған жергілікті елордалық кинотеатрлар желісінің директоры екен. Астанаға келген алғашқы күндері таратқан визиткаларымның бірі оның қолына тиіпті. Ол фильмнің афишаларын жасауға тапсырыс беріп, іскерлік байланыс орнатуға ұсыныс білдірді. Мұндай ұсы­нысты мүлде күтпеген едім. Бірақ плакат­тардың бірнеше сынақ нұсқасын жасап, директорға көрсеттім. Оған стиль мен анимация ұнағаны сонша, бірден жұмысқа қабылдады. Афишалардың дизайны күрделі және ресурсты көп қажет ететін процесс болғандықтан, ноутбугым жүктемені әрең көтере алды. Сондықтан қуатты жаңа ноутбук сатып алуды ойладым. Сол кезде 750 мың теңге тұратын «iMac Pro»-ны алғым келіп жүрді. Кинотеатрмен бірнеше ай жұмыс істегеннен кейін «BI Group» құрылыс компаниясының менеджерінен болашақ тұрғын үй кешендерінің дизайнын жасау бойынша қызықты жобаға қатысуға ұсыныс түсті. Ойланбастан келістім. Осылайша 2012 жылдың соңына қарай қатты армандаған ноутбугымды сатып алдым, – дейді дизайнер. Талантты жігіт ірі компаниядағы жұмысын жалғастыра жүріп, жеке шығармашылықпен айналысуды да ұмытпады. Бірде ол болашақ «iPhone»-ның дизайн концепциясымен бейнеролик жасап, оны «Behace» дизайнерлеріне арналған әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Көп ұзамай Ескендірдің осы еңбегін «YouTube» видео-хостингіндегі әйгілі америкалық «Concepts iPhone» арнасы жариялады. Бейнеролик желіге тарап, 45 миллионнан астам қаралым жинайды. Желі қолданушыларына автордың смартфонның жаңа дизайнына деген көзқарасы қатты ұнап қалады. Тіпті кейбіреулері бейнероликте көрсетілген «iphone»-ды жақын арада сатылымға шығатын үлгісі деп ойлайды. Алайда бұл танымалдылығынан кейін де Ескендірдің өмірі аса өзгере қоймады, қалыпты жұмысын жалғастыра берді. Елімізге «Instagram» әлеуметтік желісі енді таныла бастағанда ешкім оны табыс көзіне айналдыруға болады деп санамағаны рас. Барлығы желіге ішкен-жегенін салып жатқанда, Ескендір әлеуметтік желіні пайдаға асыруды ойлады. Осы ойымен танымал отандық мейрамханалар желісіне барып, басшыларын «Instagram»-нан парақша ашуға көндірді. Әлі «SMM» маманы деген түсінік қалыптаспаған уақытта, яғни 2016 жылға дейін дизайнер алғашқы болып осы жұмыспен шұғылданған. Кейін 2016 жылдың ортасында «Forte Bank» Ескендірге бас дизайнер қызметін ұсынды. Ол жаңа қызметінде банкоматтың әрі экранының сыртқы дизайны мен интерфейсін әзірледі. Бірақ цифрлық суретші бұл жұмыс орнында көп тұрақтамады. Еркіндікке үйренген жігітке кеңседе, командамен жұмыс істеу қиынға соқты. Жеке шығармашылығына көп көңіл бөлген өнер иесі 2017 жылы алғашқы жетістігін қайталағысы келіп «iPhone 8»-дің концепті дизайнын жасайды. Атақты смартфонның дизайнын жасаудағы басты назар аударатын тұсы камераның орналасуында болды. Дизайнер телефонның камерасын алма логотипінің ішіне жасырды. Бұл «iPhone» дизайны үшін түбегейлі өзгеріс. Өйткені «Apple» телефондары алғаш шыққан сәттен бері камераның орналасқан орны өзгерген емес. Бұл идеяны жүзеге асырмас бұрын Ескендір сынақтар жүргізе бастады. Өйткені камераның жаңа орналасқан жері ерекшеленуімен қатар, пайдалануға ыңғайлы болуы маңызды. Сондықтан түрлі сынақтар жүргізіп, камераның ешқандай қолайсыздық тудырмайтынына толық көз жеткізіп алады. Телефонның жаңа дизайны таныстырылған бейнеролик тағы да миллиондаған қаралым жинады. Желі қолданушылары осындай смартфон жасауды сұрап «Apple» компаниясына өтініш жаза бастайды. Бірақ бұл жолы да дизайнер идеясын іс жүзінде жүзеге асыра алмайды. – Қазіргі жетістігіме бірден қол жеткіздім, өмірімде бәрі оңай болды деп айта алмаймын. Егер адам шынымен бір нәрсені қатты қаласа, мүмкін емес ештеңе жоқ. 2018 жылдары спорттық көліктердің жарысына қызығушылығым оянып, жиі тамашалап жүрдім. Шоуды көріп отырғанда автокөлік кілттерінің дизайнына көңілім толмайтын. Бір күні түн ортасында «дизайндарымды жасап қана қоймай, жарыққа шығарғым келеді» деген оймен ояндым. Өз туындыларымды көрсету үшін «Instagram» парақшасын ашып, Бэтманға ұқсатып «Bat Not Bad» лақап атымен тіркелдім. Өзімді осы суперқаһарманға ұқсаттым. Осыдан кейін парақшама «Bugatti», «Ferrari» және «Lamborghini» кілттерінің дизайны бар көрнекі суреттерді сала бастадым. Дизайным осы жолы да желі қолданушыларының көңілінен шығады деп үміттендім, бірақ әлемдік көлік компанияларынан жауап ретінде ешқандай реакция болмады. Бір ай өтті, ештеңе өзгермеді. Сонда да мойымай көзімді жұмып, болашақ табысымды елестетіп жүрдім. Бір күні 3 миллион жазылушы аудиториясы бар парақша менің аккаунтыма хабарлама жіберді. Олар менің бейнеролигімді өз парақшаларында репост жасауға рұқсат сұрады. Қуана келісімімді бердім. Репосттан кейін жеке парақшама бір кеште 80 мың адам жазылды. Сондай-ақ белгілі көлік брендтері дизайнерлік кілттерді сатылымға шығаруға кеңес берді. Мен бұл мәселеде ұзақ бас қатырдым. Бүге-шігесіне терең үңіліп, дөңгелек дисплейі бар, басқаннан кейін бірден жауап беретін сенсорлық құрылғыларды шығаруға 30 мың долларға жуық қаражат керек болатынын түсіндім. Ол кезде мұндай ақшам болған жоқ еді, – дейді цифрлық суретші. Десе де, дизайнер мен контентмейкердің кәсіби шеберлігі оны қаражатсыз қалдырмады. Фрилансингпен, яғни жеке кәсіппен айналысты. Бақытына орай ел ішінде де, шетелде де тапсырыстар жеткілікті болды. Мысалы, «НТК» телеарнасының ребрендингіне (телеарна дизайнының толық жаңартылуы) қатысты. Сондай-ақ астаналық ресторатор, «Good Project» холдингінің негізін қалаушы Гурген Басенцянмен тығыз жұмыс істеп, веб-сайты мен әлеуметтік желілердегі парақшаларын жүргізіп отырды. Сонымен қатар, 2016 жылы жинаған ақшасына үш биткоин сатып алады. Ол кезде криптовалюта қазіргідей аса танымал емес болса да мұнда да өз бағын сынап көрген дұрыс деп ойлайды. Бірнеше жылда криптовалютаға салған ақшасын еселеп қайтарып алады. Ескендір 2019 жылы көптеген жылдан бері Канадада тұрып жатқан достарының ұсынысымен шетелге қоныс аударады. Достары көші-қон кезіндегі шығындарын өздері өтеп береді. Сонымен бірге достары Америка Құрама Штаттарынан тапсырыстарды қабылдай алатын бірлескен «VFX» студиясын ашуға инвестиция құйып көмек береді. Шетелде бағын сынап көруге бекінген ол өзіне команда жинай бастады. Тура сол сәтте «Ferrari» компаниясы дизайнермен байланысқа шығады. Қазақстан азаматы атақты брендтің болашақ көлік үлгілеріне визуалды және 3D рендеринг жасауға мүмкіндік алды. Өміріндегі өзгерістермен қатар келген сәттілік жалғыз бұл емес. Атағы күллі жаһанға жайылған «Hollywood» киностудиясы өз жобасына визуалды эффектілер жасау үшін Ескендірдің көмегіне жүгінеді. Содан кейін әлемдік пандемия басталып, «VFX» студиясының жұмысын уақытша тоқтатып, Астанаға оралуға тура келді. Сәтсіздіктің дәмін талай татып көрген жігіт уақытша тоқырау кезеңінен сүрінбей өтті. Ескендір «депрессияға» түсудің қажеті жоқ екенін жақсы түсінді. Ол әлеуметтік желі ісін жүргізуді қайтадан қолға алды. Бірнеше жыл ішінде оның аудиториясы 1,2 миллион адамнан асты. Әлемдік танымал тұлғалардан бөлек, жерлесіміздің жұмысын қазақстандық автобрендтер де қадағалап отырады. Тараздан шыққан талантты жігіттің «Bugatti», «BMW», «Lexus» компания­ларымен жұмыс істеп жүргендігін мақтанышпен айта аламыз. Сондай-ақ «Apple», «Jacob and Co», «Hermès», «Tiffany and Co», «Universal», «Zaha Hadid», «Coca Cola» және өзге де брендермен іскерлік байланыс орнатқан. Дизайнер ақпаратты жария етпеу туралы келісімшарттарға қол қойғандықтан, көптеген серіктестіктердің мәліметтерін аша алмайтындығын жеткізді. Қазіргі уақытта Ескендір досымен бірге «OD Labs» жобасын әзірлеуде. Оның айтуынша, бұл дизайн әлемін түбегейлі өзгертуге ықпал етерліктей жоба. Жақында ол алғашқы болып «Apple» компаниясы шығарған виртуалды көзілдіріктердің жаңа түрін жасамақ ниетте. Виртуалды шындық дегеніміздің өзі – техниканың көмегімен жасалған әлем. Адам арнайы көзілдірік пен қолғапты тағып, сол әлемге сапар шегіп, ерекше әсерге бөлене алады. Дизайнердің айтуынша, дәл осы көзілдірікке жаһандық брендтер көбірек инвестиция салуда. Ескендір ешбір компания жасамаған құрылғыны жарыққа шығарып, цифрлық өнерге жаңа леп әкелсем дейді. – Менің арманым – уақытша таны­мал­дылық емес. Парақшамда «ерекше дизайнды таныстырған бейне­ролик жарияладым» дейік. Ол желі қолдану­шыларына ұнап, көп қаралым жинады. Алайда уақыт өте келе бұл танымалдылық ұмытылады. Сондықтан болашақта миллиондаған адамдар сүйсініп пайда­ланатындай дизайн жасағым келеді, – дейді ол. Қазіргі жетістігіне өз күшімен жеткен Ескендір академиялық білімнің маңыз­дылығын жоққа шығармайды. Сондықтан дизайн саласы бойынша жоғары білім алуды жоспарлап жүр. Ақтоты Жаңабай
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар