Сыйлық сертификатын кері қайтаруға бола ма?
Бәсекелестікке толы заманда маркетинг саласының мамандары сауда-саттықтың көлемін арттыру үшін түрлі айла-тәсілдерге барады. Мәселен, соңғы кездері сауда орындарында сыйлық сертификаты атты сый түрін жиі кездестіреміз. Ұнаған сыйлық түрін өзіңіз таңдауға мүмкіндік беретін бұл тәсіл дүниежүзінде көптеп қолданылады. Әрі бұл сыйлық сыйлаушының уақытын да үнемдейді. Дегенмен кей жағдайларда сертификатты кері қайтаруға себеп болатын жайттар да кездеседі. Мұндай кезде тұтынушының құқығы қорғала ма? Анықтап көрелік.
Бірінші кезекте, сыйлық сертификатын заң жағынан қарастырайық. Қазақстан Республикасының заңнамасында сыйлық сертификаты үшін арнайы мәртебе жоқ. Сол себепті сертификатты сатып алу-сату актісін растайтын құжат ретінде қарастыруға болады. Аталған құжатта көрсетілген тауар немесе қызметті сатып алу үшін алдын ала төлем жасалғандықтан, бұл мәміле ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау» Заңымен реттеледі.
Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігінің облыс бойынша тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне көптеген тұтынушылар сыйлық сертификатын кері қайтаруға қатысты өтініш қалдырады. Иә, сертификатты кері қайтару мүмкін. Құжат үшін ақшаны қайтару тек сатып алу-сату шартын бұзады. Сондықтан, егер тұтынушы сертификатта көрсетілмеген қызметті тұтынса, онда соманы қайтаруға құқылы. Сертификат үшін төлем чегін сақтасаңыз, ақшаны қайтару тіпті оңайырақ болады.
Кейде саудагер сертификат үшін төленген соманы кері қайтару кезінде ақшаның бір бөлігін ұстап қалатын жағдайлар да кездеседі. Бұл заңға сәйкес келеді ме? Сатушы мұндай жағдайда өзінің қызмет көрсету барысында шығынға ұшырағанын дәлелдей алса, белгілі бір соманы ұстап қалуға құқылы болады.
Сатушы пайдаланылмаған сертификат үшін ақшаны қайтарудан бас тартатын жағдайлар да орын алып жатады. Бірақ мұндай бас тарту заңға қайшы, яғни тұтынушының құқығын бұзу болып есептеледі. Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 14-бабына сәйкес тұтынушы тауарды қайтарып алуға құқылы. Ата Заңның 30-бабы сатушының тауарды қайтаруды немесе айырбастауды жүзеге асыру міндетін көздейді. Сол себепті, сатушы міндетті түрде тұтынушыға ақшаны қайтару керек.
Кейбір кезде сатушы қулыққа басып, сатып алу кезінде сертификат үшін төленген соманың кері қайтармайтынын айтуы әбден мүмкін. Алайда заңнамада көрсетілген 8-1 бапта сатып алу-сату шарты бұзылған жағдайда ұсынылмаған тауар үшін төленген ақшалай соманы қайтармау тұтынушының құқықтарын бұзатын шарт болып табылатындығы жазылған. Яғни, сатушының мұндай тұжырымдамасының заңды негізі жоқ. Сертификат үшін де соманы ұстап қалу құқықтарды бұзу болып табылады. Жоғарыда айтылғандай, сатушы соманы толық көлемде қайтаруға міндетті.
Сондай-ақ, сатушының сертификат үшін жарамдылық мерзімін тағайындау туралы сұрақтар департаментке жиі жолданады. Егер, сатушы сертификат бір айға жарамды делінсе, бірақ тұтынушы ол қызметтерді қолданып үлгермесе сатушы негізсіз байыды деп есептелінеді. Тиісінше, бұл құқықбұзушылық болып саналады. Тағы бір мәрте, заңнаманың 8-1 бабына ораламыз. Яғни, сатушыға берілмеген тауар үшін ақшалай соманы қайтармау тұтынушының құқығын бұзады. Мұндай жағдай, тек тауарға арналған сертификатқа қатысты емес. Егер тұтынушы белгілі бір қызмет түріне қатысты сертификат сомасын кері қайтарғысы келсе, ақшаны дәл жоғарыда аталғандай қайтарып ала алады. Ақшаны қайтаруда ешқандай айырмашылық жоқ. Айта кету керек, заңның 28-бабына сәйкес сатушы тауарды немесе қызметті сатып алу мерзімін шектей алмайды.
Егер сатушы сертификат үшін ақшаны қайтарудан бас тартса, сатушыға ресми шағымдану керек. Егер тұтынушы 10 күн ішінде сертификат сомасын кері қайтармаса немесе шағымға жауап қатпаса, онда тұтынушы тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органға өтініш жазуға құқылы.
Жамбыл облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тұтынушылардың назарына e-tutynushy, e-otinish, E-gov, Telegram Bot және басқа да байланыс тәсілдері арқылы келіп түсетін тұтынушылардың өтініштерін қарайтынын жеткізеді.
Сіз 8-7262-54-21-69 нөмірі арқылы тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша кеңес ала аласыз.
Татьяна Федосова,
ҚР Сауда және интеграция министрлігінің облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы
Келесі мақала