Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тұтынушылық білім академиясы ашылады

Тұтынушылық білім академиясы ашылады
ашық дереккөз
Тұтынушылық білім академиясы ашылады
Қазақстанда көпшілік тұтынатын тауардың отыз пайызға жуығы жасанды. Бұдан бөлек, сырттан тасымалданатын өнімнің үштен бірі заңсыз жолдармен жеткізілген. Одан да сорақысы сол, уақыт өткен сайын олардың үлесі қазіргі көлемнен де әлдеқайда арта түсуі ықтимал. Импорттың үштен бірі заңсыз жолмен жеткізілген. «Қазақстан тұтынушылар лигасы қауымдастығы» (ҚТЛҚ) тамыз айынан бастап тұтынушылардың құқын қорғауға, ақпараттық сауаттылықты арттыруға және контрафактілік өнімдерге мониторинг жасауға бағытталған жаңа жобаны іске қосқан еді. Енді, міне екі ай бойы дүкен сөрелері мен жайма базарларда жайылған тауарға талдау жасай келе, көңілді күпті қылған есебін жария етті. Оның нәтижесіне сүйенсек, алаяқтардың көпшілік тарапынан үлкен сұранысқа ие тауарларды, оның ішінде шылымды, алкогольді және дәрі-дәрмекті заңсыз жолмен әкеліп сатуға әбден машықтанып алғанын байқадық. Ал тауар, оның ішінде азық-түлік бағасы неғұрлым қымбаттаған сайын жұрттың контрафактілерге деген сұранысы соғұрлым арта түсетіні көңілімізді тіпті құлазытып тастады. Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, шекердің бағасы 87 пайызға, пияз 71,7 пайызға, ұн 36,6 пайызға өскен. Ал азық-түлік емес тауардың құны 14,2 пайызға, адамның жеке қолданатын тауарлары 26,3 пайызға, жуатын және тазалайтын құралдар 23,5 пайызға қымбаттаған. Бұл – жалпы алғандағы орташа баға, әйтпесе құны екі немесе одан да көп есеге артқан санаттар да бар. Бағаның шамадан тыс шарықтауы тұрмысы төмен қарапайым халықты супермаркеттер желісінен алыстатып, базарлар мен кішігірім дүкендерге жақындата түскен. Себебі шағын сауда орындарында тауар құны біршама арзан болғанымен, сертификатталмаған өнімдер де көптеп сатылатыны жасырын емес. Ал бизнесті тексеруге жарияланған мораторий осы келеңсіз жағдайды бұрынғыдан бетер шиеленістіріп жіберген. Соның кесірінен әділ кәсіпкерлердің заңсыз сауда айналымымен бәсекелесуі уақыт өткен сайын қиындай түскен. 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін мораторий жарияланғаны естеріңізде болар. Алайда қауымдастықтың басқарма төрағасы Светлана Романовскаяның айтуынша, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның 42-1 бабына сәйкес, тұтынушылардың құқын қорғау жөніндегі қоғамдық ұйымдардың тауар сапасын қадағалау үшін зерттеу жұмыстары мен мониторинг жүргізуге қақысы бар. Мониторинг нәтижесі көрсеткендей, базарлар мен шағын дүкендерде қызмет көрсететін кәсіпкерлердің 98 пайызы сатылымға шығарылған тауардың сертификациялануы керегінен хабарсыз болған. – Сертификатталмаған тауарларды сататын кәсіпкерлер оның адамның денсаулығына қаншалықты зиянды екенін білмейді. Нарық үшін контрафакт тақырыбы жаңалық емес. Бірақ, өкінішке қарай біз барлық тауардың жапа-тармағай қымбаттауына байланысты контра­фактілік өнім­дердің де күрт көбейгенін байқаймыз. Өйткені олардың бағасы төмен, сәйкесінше соған қарай сапасы да күдікті. Бұл қарапайым халықтың денсаулығы мен өміріне үлкен қауіп төндіреді, – дейді Светлана Романовская. Бұл жерде шалағайлықтың бәрі кәсіпкерлердің жабдықтаушыдан тауардың сертификатын сұратпауынан, ал тұтынушылардың сатушыдан өнімнің сапасы туралы құжатты талап етпеуінен туындап отыр. Осы келеңсіздікті жою үшін ҚТЛҚ қазан айында 10 өңір бойынша (Астана, Алматы, Қызылжар, Павлодар, Қарағанды, Ақтау, Өскемен, Семей, Шымкент, Тараз қалалары) Тұтынушылық білім академиясын ашуды жоспарлап отыр. Оның аясында «Тұтынушылар құқын қорғау», «Медиация – тұтынушы мен өндірісші арасындағы дау-дамайды шешу құралы», «Лоббирлендіру» (өз ұстанымын тықпалау) тақырыптарында шеберлік сыныптары өткізіледі. – Интернетте тұтынушылардың контра­фактілік тауарлар сатылымына қарсы наразылық көп. Әлеуметтік желідегі біздің парақшамызға және жедел желіге де оған қатысты арыз-шағымдар жиі түседі. Біз мұндай келеңсіздіктердің туындайтынын алдын ала ескере отырып, маусым айында Президенттің атына петиция жолдадық. Онда темекі мен қыздыратын табак нарығына бәрінің бірдей қолжетімді болуы және табак акцизін қымбаттатпау туралы мәселе көтердік. Өйткені баға өскен сайын шылым шегушілер темекінің неғұрлым зияны аз, сапалы түрінен құны одан әлдеқайда арзан, бірақ құрамы күмәнді түрлеріне көшетінін білдік. Қазірдің өзінде петицияға 5 мыңнан аса адам қол қойды, – дейді Светлана Романовская. Қымбатшылық контрафактіні кө­бейтеді. Егер мемлекет акциз құнын қазіргі деңгейінен қымбаттататын болса, ол автоматты түрде сертификат­та­латын тауардың бағасын өсіріп жібе­ретіні белгілі. Бұл жағдайда онсыз да айлығы шайлығынан аспайтын жұрт жапа-тармағай контрафактілік өнімдерге біржола ауысып кетуі ғажап емес. Сондай-ақ қазіргі қолданыстағы салық мөлшерлемесіне сәйкес, қыздыратын табактың бір қорабы 900-1000 теңге, ал адам денсаулығына одан анағұрлым зиянды темекі 650 теңге тұрады. Осыдан кейін баға айырмашылығына байланысты сатып алушының таңдауы қай тауарға түсетінін өзіңіз де болжай беріңіз. Кейінгі кезде сондай-ақ контрафактілік алкоголь өнімдеріне де сұраныс күрт артқан. Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері қыркүйек айының алғашқы екі аптасында ғана Ақмола облысы аумағынан құны 18,5 миллион теңгеге бағаланған, құрамында спирті бар күмәнді ішімдікті тәркілеген. Сондай-ақ Көкшетау мен Қызылжар қалаларында 9,5 тонна контрафактілік алкоголь айналымнан алынған. Ал тамыз айында Мемлекеттік кіріс департаменті Ресейден заңсыз әкелінген жалпы мөлшері 13 мың литр алкоголь өнімін әшкереледі. Контрафакті тауарлары тек темекі мен алкогольге ғана қатысты емес, барлық салаға тән. Мемлекеттік органдар мен ҚТЛҚ-ның бірлескен жұмыстары нәтижесінде жыл басынан бері жеті ай ішінде адамның денсаулығына қауіпті үш мыңнан аса өнім анықталған, оның көбі импорттық тауар. Тәуелсіз сарапшылардың есебінше, егер заңсыз айналымда жүрген темекінің орнына саудаға тек рұқсат етілген өнім ғана шығарылатын болса, бюджетке қосымша 30 миллиард теңге кіріс кіреді екен. Сондықтан мемлекетке шылымға қарағанда зияны аздау табак акцизінің құнын көтергенше, контрафактілік тауарлармен күрескен анағұрлым пайдалы. Сондай-ақ акцизді көтеру туралы шешім қабылданғанда тұтынушылардың мүддесі де, басқа елдердің тәжірибесі де ескерілмеген. Мәселен, Еуропада табакты қыздыратын стик қорабының құны қатардағы темекіден ең ұзаса 28 пайызға қымбатырақ. Ал Қазақстанда ол 70 пайыздан асады. Күнделікті өмірде біз тұтынушылар құқын қорғау мәселелерімен жиі бетпе-бет келіп жатамыз. Рас, сауда орнынан сатып алған затыңыз жарамсыз болып шықса, оны айырбастаудың немесе ақшасын қайтарып алудың машақаты көп және мұндай дау-дамай барысында тұтынушының әділдікке қол жеткізе қоюы қиын. Әйтсе де, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың қызметіне жүгінген адамның жеңіске жету мүмкіндігі үлкен. Ол үшін сатушы тарапынан әлімжеттікке ұшыраған адамның салы суға кетпей, өз мүддесін белсене қорғауы қажет. Қазір Қазақстанның барлық өңірінде тұтынушылардың құқығын қорғайтын қоғамдық институттар мен дау-дамайды соттан тыс реттеу субъектілері жұмыс істейді. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Асқар Тынысбековтің айтуынша, мәселен өткен бір аптада ғана комитет пен оның аумақтық департаменттері алданған азаматтарға жалпы құны 8,7 миллион теңге көлемінде ақшалай қаражатты қайтарған. Оның ішінде Алматыдағы «Esentai Mall» сауда орталығындағы бренд бутиктен 1,8 миллион теңгеге ақауы бар сөмке сатып алған келіншек те, 1,2 миллион теңгеге Түркияға жолдама алған ер адам да бар. Қапы қалғандардың құқығын Алматы қаласының департаменті қорғаған. Сондай-ақ Түркістан облысының тұрғыны тапсырыспен жеткізілген жиһаздың сапасына қанағаттанбай, сатушыдан ақшасын қайтаруды талап еткен, бірақ компания одан бас тартқан. Департаменттің араласуымен түркістандық азаматтың 768 мың теңгесі қолына тиді. Осыған ұқсас жағдай Астана қаласында орын алды. Сапасыз тауар сатып алған тұтынушының жарты миллион теңге көлеміндегі ақшасы қайтарылды. Жалпы, қыркүйек айында тұтыну­шылардың құқығын қорғау комитетіне 1 500-ге жуық өтініш түсіп, құзырлы мекеменің араласуымен жапа шеккен жандарға 25 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылған. Әйтсе де, бұл айсбергтің көзге көрінген үстіңгі қабаты ғана, әйтпесе тұтынушылық нарықта шалағайлық деген шаш етектен. Әсіресе, жосықсыз бәсекелестіктің жолын кесу, контрафактілік тауарларға тыйым салу, алданған сатып алушының құқын қорғау шаралары әлі де кемшін екенін мойындауымыз керек. Ең бастысы, оған мемлекет тарапынан қатаң тыйым салынбай, дүкен сөрелерін жаулаған жасанды тауарлардың жорығын тоқтату мүмкін емес. Аяулым Жаманқара
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар