Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

КӘСІПКЕРЛІК КӨКЖИЕГІ КЕҢЕЙІП КЕЛЕДІ

КӘСІПКЕРЛІК КӨКЖИЕГІ КЕҢЕЙІП КЕЛЕДІ
ашық дереккөз
КӘСІПКЕРЛІК КӨКЖИЕГІ КЕҢЕЙІП КЕЛЕДІ
Экономиканың негізі – шағын және орта кәсіпкерлік. Мемлекеттік саясаттың басты мақсаты – кәсіпкерлікті дамыта отырып, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру. Әулиеата өңірі де бұл айқын мақсат жолында табысты үлес қосып келеді. Аймақта мемлекеттік бағдарламалар шапағатын сезінген шағын және орта кәсіп иелері күн санап артуда. Өндіріс орындарын аралап, кәсіпкерлердің жағдайымен танысу мақсатында өңірлік коммуникациялар қызметі мен облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз турын ұйымдастырды. Алдымен журналистер «Запчасть» акционерлік қоғамына барды. Облыстағы айтулы өндіріс орнының тарихы тереңде жатыр. Кеңес заманында металлургиялық зауытта үш жарым мыңға жуық адам жұмыс істеген көрінеді. «Запчасть» АҚ-ның алғашқы іргесі 1938 жылы 28 тамызда қаланған. Кеңес заманында зауыт «КСРО-ның 60 жылдығы атындағы Жамбыл трактор қосалқы бөлшектері зауыты» деп аталған. Өндіріс орны алтын ғасырында құрылған күннен бастап ауылшаруашылығы техникаларына, тракторларға, халық тұтынатын тауарларға, сондай-ақ әскери техникаларға арналған қосалқы бөлшектер шығарумен айналысқан. Алайда тоқсаныншы жылдардағы экономикалық күйреу бұл кәсіпорынды да айналып өтпеді. Өндіріс орны тоқырау кезеңінде банкротқа ұшырап, өз қызметін тоқтатуға мәжбүр болған. Араға жылдар салып, 2010 жылы кәсіпорынның екінші өмірі басталды. Өкініштісі бір кездері аты Одаққа танылған зауыттың қираған орны ғана қалған еді. Кәсіпорынның қазіргі басшылығына зауытты қайта іске қосу үшін барлығын басынан бастауға тура келеді. Бүгінгі таңда өндіріс орны 514 адамды жұмыспен қамтып отыр. Аталмыш кәсіпорынның директоры Виктор Храмцов пен қауіпсіздік жөніндегі инженері Сергей Зуев қонақтарға зауыттың бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы баяндап берді. – «Запчасть» акционерлік қоғамы облыстағы ірі машина жасау кешені ретінде белгілі. Зауыттың толықтай сақталған өндірістік базасы бар. Қазіргі уақытта кәсіпорында төрт негізгі цех жұмыс істейді. Олар – балқыту, болат құю, механикалық штамптау және әмбебап цехтар. Сондай-ақ механикалық және электр жөндеу аймақтары, орталық зертхана, 110/6 киловольт және қуаттылығы 80 мегаватт трансформаторлық қосалқы станса, көлік және қойма алаңы, ұңғымалар мен су айдау және компрессорлық стансалар секілді бірқатар көмекші қызметтер бар. Зауытта техникаға арналған негізгі және қосалқы бөлшектердің үлгілері өндіріледі. Нақтылап өтсек шойын, арматура және болат төртбұрышты дайындаманы (жартылай фабрикаттарды) өндіреді. Сондай-ақ Қазақстанның ішкі нарығына арналған жылжымалы локомотив құрамына арналған қосалқы бөлшектер шығарылады. Зауыт бір жылдық келісімшарт бойынша Қытайдың электр болат жабдықтарын шығаратын жетекші өндірушілерінің бірі – Бохай зауытының техникаларымен жабдықталған. Нәтижесінде зауытқа ең соңғы үлгідегі құрал-жабдықтар орнатылған. Қытайлық өндіріс технологиялары энергия, материал және еңбек шығындарын азайта отырып жоғары сапалы болатты балқытуға мүмкіндік береді, – дейді Виктор Сергеевич. Кәсіпорынның жалпы өндіріс көлемі 35 мың шаршы метрден асады. Өндірістік қуаты – жылына 180 000 тонна. Өндіріс орнынан шығарылатын болат дайындамалар, теміржол көлігіне, тау-кен және өңдеу өнеркәсібіне, телекоммуникация және байланысқа арналған бұйымдар Қазақстаннан бөлек Түркия, Біріккен Араб Әмірліктеріне, Өзбекстан елдеріне тасымалданады. Алпауыт кәсіпорында екі ай бұрын арматура зауыты іске қосылған. Қазіргі кезде басшылық арматура зауытына қызмет ететін мамандарды оқытып жатыр. Жаңа зауыт ауысымына 200 тонна, күніне 400 тонна, жылына 320 мың тонна өнім шығарады деп күтілуде. – Бүгінгі кезде арматураға сұраныс жоғары. Оның нарықтағы бағасы тоннасына 350-360 мың теңге көлемінде. Сондықтан осы зауытты іске қостық. Мұнда толық қуатында 360 адам жұмыс істейтін болады. Қазіргі уақытта осында барлығы 60 адам жұмыспен қамтылған. Біздің арматура «A500» класында шығарылады. Бұл зауыт ұзақ уақыт тоқтап тұрды. Оны қалпына келтіруде біраз еңбектендік. Жалпы «Запчасть» АҚ экономикаға қажетті өнімдерді шығаруды жолға қойған. Алдағы уақытта да өндіріс орнын кеңейту, нарықта сұранысы бар шикізаттар шығару жоспарда бар, – дейді директор В.Храмцов. Келесі кезекте тілшілер «Аскөп» жартылай фабрикаттар өндірісінде болды. Аталмыш кәсіпорынның негізін салушылар ауызбіршілігі жарасқан абысындар – Ұлжан мен Гүлбану. Кәсіпорынның басшыларының бірі Ұлжан Баяділдің айтуынша, абысындар 2020 жылы «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында гранттық конкурсқа қатысып, бақтарын сынаған. Нәтижесінде Тараз қаласының «Дәмді жартылай фабрикаттар өндірісі» жобасы болып танылған «Аскөп» кәсіпорны қайтарымсыз негізде 3 миллион теңге сомасында грант иегері атанды. – Гранттық қаржыландырудың нәтижесінде қойылған талаптарды тиісті деңгейде орындап, бүгінде тұрақты жаңа 2 жұмыс орнын құрып, бизнес жобаны іске асыру нәтижесін көрсетіп отырмыз. Қазіргі таңда «Аскөп» өнімдері Тараз қаласында және аудан орталықтарының дүкендерінде тұрақты түрде сатылымда. Жалпы айтқанда 40-қа жуық үлкен дүкен желілерімен келісімшарт жасап, өз өнімдерімізді өткізіп, табыс табудамыз. Тұшпара, котлет, қаттама секілді жартылай фабрикаттар әр минуты санаулы жұмысбасты жандардың уақытын үнеудеуге қолайлы болғандықтан, клиенттеріміздің қатары артпаса, кеміген емес. Етті өнімдері таза, халал «Ислам Маркет» дүкенінен аламыз. Тұрақты жұмыспен қамтылған жұмысшы әйелдер саны – 15-16 адам. Жыл сайын республикалық «Жыл тауары» секілді байқауларға қатысып тұрамыз. Қай жарыс болса да қанжығамыз бос қайтқан кез болған емес. Ал 2021 жылы «Әулиеата үміті» байқауына қатысып, жеңімпаз атандық, – дейді Ұ.Баяділ. Әрине, мұндай кәсіпорынды алып өндіріс орындарымен салыстыруға келмейді. Бірақ дәл осы бизнес түрі әлдеқайда аз инвестицияны қажет етеді және мемлекеттен түскен қаражатты тез игереді. Мұнан соң тілшілер 20 жылдық тарихы бар қыз жасауын өндіретін «Жасау мүлкі» кәсіпорнын аралады. Бұл жерден ұзатылатын қызға керек дүниелердің барлығын табуға болады. Тігін орнының басшысы Захира Мырзахметова – тұтынушыларының талабынан шығып, алғыс арқалап жүрген шебер. Табиғат тарту еткен талантын қып-қызыл табыстың көзіне айналдырған тігінші 2003 жылы «Жасау» деген атаумен тігін өнімдерін шығаратын жеке кәсіпкерлік нысанын ашады. Жылдан-жылға өнімнің түрін көбейте түскен кәсіпкер тараздықтарды былай қойғанда, облыстан тыс өңірлерге де таныла түсіпті. Бұл, әрине тынымсыз еңбек пен ізденістің нәтижесі. Шағын кәсіпорында махаббат көрпесі, төр көрпе, көрпешелер, ет көрпе, бөстек, мойын жастық, қолтық жастық тігіледі. Сонымен қатар көрпенің тыстары, төсек жапқыш, жастық, шымылдық, қоржын сияқты дүниелер зерленіп, оюланып, тұтынушыларына жол тартуда. Осынау сәні мен салтанаты үйлескен дүниелердің барлығын Захираның бір өзі ғана дайындамайды. Ісмер көмекшілерінің еңбегіне сүйенеді. Әсіресе Балқаш Қазиева бастаған тігіншілер шағын кәсіпорынның шаруасын ұршықша иіріп, тыным таппай тер төгуде. Ал көрпелерге қажетті керек-жарақтарды, матаның түр-түрін таңдау, дер кезінде сатып әкелу, әрине Захира Мырзатайқызының мойнында. Сәнімен ғана емес, сапасымен де ерекшеленетін цех өнімдері көпшілік тарапынан мойындалып үлгерген. Сонымен қатар аудан, қала, облыс басшыларынан алған Алғыс хаттары, Құрмет грамоталары, дипломдары жетіп артылады. Бірақ кәсіпкердің айтуынша, тұтынушылардан алған алғыстың жөні бөлек. «Жасау мүлкі» – аймақтық «Алтын сапа» байқауының «Ең үздік қатысушы», «Үздік кәсіпкер» аталымдары бойынша лауреаты. Қазақстан, Ресей, Украина, Беларусь республикалары бойынша «Үздік адам» атағын алған. 2005 жылы Алматы қаласында өткен әйелдердің өнертапқыштығы мен ұлттық тауарлары жәрмеңкесінде «Қанатты әйел-2», сол жылы облыс бойынша «Шағын кәсіпкерлікті дамыту бойынша жетістіктер» конкурсының «Халықтық қолөнер» саласындағы үздік кәсіпорын» аталымдарына ие болды. 2006 жылы облыстың индустриялық-инновациялық бағыттағы үздік тауарлары және қызметтері конкурсында үздіктер қатарынан көрінді. Сондай-ақ журналистер қауымы «Nur-Ai» ЖШС-ында болып, кеңсе және мектептерге арналған жиһаздарды өндіретін зауытпен танысты. «Қазақстан халқына» қорының тапсырысымен биыл 11 мектептің жиһазын жаңартқан. Өндіріс орны айына 500-600 жиһаз шығарады. Кәсіпорын Тараздағы және Қазақстандағы ең ірі корпустық жиһаз өндірушілердің бірі. Келесі өндіріс орны – «Markofperfection» ЖШС. Серіктестік «ASATU» сауда маркасымен ұлттық тағамға арналған макарон өнімдерін өндіреді. Кәсіпорын 2011 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Өнімдер Қазақстан бойынша барлық өңірлерге жеткізіледі. Мұнымен қоса, көрші елдерге, яғни Өзбекстан, Қырғызстан, Ресейге экспортталады. Алдағы уақытта Қытай нарығына да шықпақ ниетте. БАҚ өкілдері 2016 жылы құрылған «Берсанукаев» ЖШС қызметімен де танысты. Мұнда «Достар» сауда маркасымен шұжықтар өндіріледі. Өнімдер тек таза еттен жасалады. Шығарылған өнімдер аймақтарға және Ресей еліне жіберіледі.Мұнда 25 адам қызмет етеді. Жұмысшылар үшін тегін түскі ас қарастырылған. Баспасөз турының соңында журналистер білім беру саласына қатысты «Number One» оқу орталығына барды. Оқу орны мемлекеттік қолдау арқылы «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша 4 миллион 617 мың теңге қаржы алған. Жұмыспен қамту орталығынан «Жастар тәжірибесі» және «Қоғамдық жұмыскерлер» бағдарламасымен қызметкерлер жұмыс істейді. Ақтоты ЖАҢАБАЙ
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар