Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қызылша ауруы туралы не білеміз?

Қызылша ауруы туралы не білеміз?
ашық дереккөз
Қызылша ауруы туралы не білеміз?
Соңғы кезде қызылша ауруы, оның Ресей мен Қазақстанда және де басқа көрші елдерде етек жайып бара жатқаны  жайлы эпидемилогтар мен инфекционист-дәрігерлер жиі сөз қозғай бастады. Тіпті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл аурудың ел арасында тез тарап эпидемиялық жағдайдың  асқына түскенін, егер де оның  алдын алмасақ пандемияға айналып кету қаупі бар екенін ескертті. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2019 жылы Қазақстанда қызылша ауруымен 13 326 адам ауырған. Олардың 9 409-ы 14 жасқа толмаған балалар. Осы орайда ашығын айту керек, 7 802 (83 пайыз) жеткіншекке вакцина егілмеген. Яғни, олар тым жас сәбилер болған. Бірақ, олардың 22 пайызының ата-аналары вакцинация жасау кезінде келісім бермеген екен. Өкінішке қарай, 12 бала мен 2 ересек кісі қызылшаның асқынуынан көз жұмған. Биыл да кызылша ауруы көпшілікті тағы қатты мазалап отыр. Вакцинациямен қамтудың олқылығынан әлемде бұл індет өршіп барады. Жаз айларында Ресейге, Түркияға демалуға балаларымен барған адамдар қызылша инфекциясын біздің елге алып келді. Жаздың бір айының өзінде 2 000-ға жуық баланың қызылшамен ауырғаны белгілі болды. Олардың басым көпшілігі әртүрлі себептермен (ата-аналарының жауапсыздығынан, келісім бермеуінен) қызылшаға қарсы екпе (вакцинация) алмаған. Қазір де эпидемиялық ахуал елімізде мәз емес. Күн сайын 14-20 ауру оқиғасы тіркеліп отыр. Әсіресе, Алматы, Жамбыл облыстарының тұрғындары арасында кең тарап бара жатқаны мамандарды алаңдатады. Еліміздің Бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетованың мәліметінше, жыл басынан қазан айына дейін қызылшамен 7 540 кісі ауырған, олардың 5 241-і балалар. Алдағы қыс айларында ауру көрсеткіші өседі деп болжалануда. Сондықтан көпшілікті мазалап отырған осы бір жұқпалы ауру жайында көпшілікке мәлімет беруді жөн санадық. Жұқпалы аурулар арасында балалардағы қызылша ауруы ерекше орын алады. Қызылшамен кез келген бала немесе тіпті ересек адам ауыруы мүмкін. Қызылша нешебір ауыр асқынулармен өтіп, кейде өлімге әкелуі де ықтимал. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, жыл сайын бүкіл әлемде 150 мың адам, көбінесе 10 жасқа дейінгі балалар қызылшаман ауырады екен. Сондықтан кез келген адам, әсіресе, кішкентай балалардың ата-аналары қызылша деген не екенін жақсы білуі керек. Қызылша – ауа арқылы тарайтын жіті инфекциялық ауру. Ол тек науқас адамнан жұғады. Ересектерде ауырлау, қиындау, ал балаларда оңай өтеді. Балалар қызылшаның ауыр түрлерін тек нәресте кезінде және иммунитеті әлсіреген жағдайда қабылдай алады. Аурудың жасырын кезеңінің екінші күнінен денедегі бөртпелер 4 күн аралығында қатынаста болған адамдарға тыныс алу арқылы ауадан жұғады. Адам өмірінде қызылшамен ауырмаған болса, не егілмеген жағдайда өзіне жұқтырады. Вакцина алмаған немесе одан кейін иммунитетті дамытпаған адамның өзіне қызылшаны жұқтыру қаупі жоғары. Қызылшаның белгілеріне тоқталатын болсақ оның жасырын (инкубациялық) кезеңі 9-11 күн, егер бұрын екпе алған болса, жасырын кезеңі 15-21 күнге созылуы мүмкін. Инкубациялық кезеңнен кейін науқастың температурасы 39-39,5 градусқа дейін күрт көтеріледі. Мұнымен бір мезгілде жұмсақ тері бөртпелері, жалпақ қызғылт дақтар пайда бола бастайды. Бірнеше сағат ішінде бөртпелер саны күрт артады. Алғашқы белгілері: қызуы көтеріліп, әлсізденіп, тамаққа тәбеті нашарлап, мұрнынан су ағып, ащы жөтел пайда болып, көзі қызарып, қабынады. Одан жұмсақ және қатқыл таңдайда теңбіл бөртпелер пайда болады. Екі ұрттың үстінде қызылшаға тән майда ақшыл бөртпелер кілегей қабығының үстінде ерекшеленіп тұрады. Мұндай белгіні Бельский-Филатов-Коплик бөртпелері дейді. Сыртқы түріне қарағанда бұл бөртпелер «манна» түйіршігіне ұқсайды. Дақтар дөңес пішінді болады, олардың ортасында сұйықтығы бар көпіршіктер болады. Әрине, бұл жағдайда ештеңені сығып алуға болмайды. Алғашқы 3-4 күндегі бөртпелер өте күшті болуы мүмкін және тек теріде ғана емес, сонымен қатар шырышты қабаттарда: көзде, жыныс мүшелерінде және ауызда кездесуі ықтимал. Бұл жағдайда бала, әдетте, қатты қышынудан азап шегеді. Ата-аналар баланың терісіне сызат түспеуін қамтамасыз етуі керек. Бұл жарада инфекцияны тудыруы мүмкін. Қызылша асқынғанда ағзаның орталық жүйке жүйесінің жұмысы зақымдалып, жүйкенің қабынуынан өзгерістер көп болады. Шамамен бір айдан кейін ауру азаяды. Терідегі қызыл дақтар (бөртпелер) кетіп, олардың орнына қыртыстар пайда болады. Олар жоғалғаннан кейін теріде ешқандай із қалмайды. Диагноз қою аурудың өрбу кезінде қиындық туғызбайды. Теріде қызылша бөртпелері шықпай тұрғанда, науқастың қызылшамен ауырған ортада болуы, тамағындағы қабыну, көздің қызаруы, ұртта Бельский-Филатов-Коплик ақшыл бөртпелерінің пайда болуы диагнозды растайды. Кейін теріде үш күнде біртіндеп шыққан бөртпелер диагнозды толық дәлелдейді. Басқа ұқсас аурулардан ажырату үшін, зертханада РСК, РТГА талдауларын жасау керек. Қызылшаның арнайы емі жоқ. Алайда, ауру белгілерін азайтуға көмектесетін шаралар бар. Мысалы, жаңа бөртпелер санын азайту үшін төсек-орын мен іш киімді жиі ауыстырыңыз. Су процедураларын азайтыңыз, егер температура болмаса және қабыну процесі байқалмаса, бала көбінесе марганецтің әлсіз ерітіндісін қосып қысқа ванна қабылдай алады. Педиатрлар душ қабылдауға кеңес бермейді. Балаңыздың қарапайым диета ұстануын қадағалаңыз. Бұл аллергендердің барлық түрлерін болдырмау үшін қажет. Диетада көбірек сүт және көкөніс өнімдері болуы керек, көбірек сұйықтық (шай, сорпа, кампот, минералды сулар және т.б.) ішу керек. Температурада сіз парацетамол негізінде антисептик беруіңіз керек. Аспиринді қолдану ұсынылмайды. Көк дəрі (зеленка) қызылшаға емдік әсер етпейді, бірақ бөртпенің ошақтарын дезинфекциялау үшін пайдаланылады. Спиртті қолдануға болмайды. Қызылша терідегі температурамен және бөртпемен шектелмейді, әртүрлі ішкі органдарға әсерімен ұзақ ауыр ағымға ие болуы және оңалтудың ұзақ кезеңін талап етуі мүмкін. Асқынулар мүгедектік тудыруы немесе өліммен аяқталуы ықтимал. «Бұл аурудың алдын алуға бола ма?», деген сұраққа жауап берейік. Әрине, сақтық шараларын жүйелі түрде жүргізсек, алдын алуға мүмкіндік мол. Балаларда қызылшаның алдын алу екі кезеңде жоспарлы вакцинация түрінде жүргізіледі. Қалыптасқан иммунитет қызылшадан қорғайды немесе жұқтыру жағдайында ауруды жеңіл түрде және асқынусыз ауыстыруға көмектеседі. Қызылша ауруының маусымдылығы – қазан айынан сәуір айына дейін үй-жайларда адамдардың жиналуымен байланысты. Балалардың қызылша жұқтыруы мектепке дейінгі балалар мекемелерінде жиі орын алады. Сыртқы ортада вирустың тез бұзылуына (әлсізденуіне) байланысты үшінші тұлғалар арқылы жұқтыру жағдайлары өте сирек. Инфекция қоздырғышы науқас адамнан сау адамға ауа-тамшы жолымен тасымалданады. Инкубациялық кезеңде науқасқа белсенді вирустың бөлінуі аса қауіпті, бөртпелер басталғанға дейін 3-4 күн қалғанда және аурудың клиникалық көрінісі бойынша дәл диагностика жасау мүмкін емес. Қызылша ауруымен ауыратын адам 7-10 күн бойы айналасындағыларға қауіпті. Қызылша вирусы жоғары жұқпалы (контагиозен), инфекцияның берілу пайызы вакцинация болмаған жағдайда шамамен 100 пайызды құрайды. Қоздырғыш әуе жолымен, мысалы, көппәтерлі үйлердегі баспалдақ торлары, желдеткіш шахталары арқылы тарауы мүмкін. Қызылшаның алдын алу негізі вакцинация (екпе) болып табылады. Тірі вакцина 10-15 жылға тұрақты иммунитет қалыптастыратын вирустың әлсіз қауіпсіз штамына ие. Ол әдетте асқынулар бермей, жақсы төзімді өтеді. Бүгінгі күндері вакцина баланың 12-15 айлығында, мектеп алдындағы ревакцинация 6 жаста жүргізеді. Осыны біле тұра кейбір ата-аналар балаларына тиісті егу жұмыстарына келісім бермеуі таңғалдырады. Ол немен аяқталатынын қазіргі мына қызылша эпидемиясының бас көтеруі көрсетіп отыр. «Қазақстандағы соңғы онжылдықта жеткен иммундау бағдарламаларының жетістіктеріне қарамастан, иммунизациялау көрсеткіштері төмендеп келеді және қала мен ауыл арасында біркелкі емес. Жалпы алғанда, Еуропа елдерінде, әсіресе орташа табысы бар елдерде, иммундау проблемаларының ішінде саяси ұстанушылықтың әлсіздігі, нашар басқару және әлсіз денсаулық сақтау жүйелері, сондай-ақ ұлттық иммундау бағдарламаларының қаржылық тұрақтылығы жайлы алаңдаушылық бар», деп атап өтті еліміздің Бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова. Алдын алу шараларына келер болсақ, жеке гигиена ережелерін сақтау, қолды даладан келгеннен кейін сабынмен мұқият жуу керек. «Сақтансаң – сау боласың» деп, халық бекер айтпайды. «Сақтықта қорлық жоқ» екенін есте ұстаған абзал. Ауруға қарсы екпе бала 1 жасқа толғаннан кейін үш айдың ішінде салынады. Одан соң 6 жасында тағы салынады. Дәрігерлер екпе алмағандарға емханадан оны тегін салдыруға болатынын ескертеді. Айта кетейік, егу туралы мәліметі жоқ азаматтар осы ауруға жиі шалдығады екен. Сондықтан да сала мамандары аурудың клиникалық белгілерін байқаған кезде дереу дәрігердің көмегіне жүгінген абзал. Жиі таза ауада серуендеу, нашар желдетілетін үй-жайларда өткізілетін сауда, ойын-сауық, мәдени-бұқаралық іс-шаралар сияқты адамдар көп жиналатын жерлерге баруды шектеу, уақытылы инфекциялық ауруларға қарсы вакцинация алу қызылшаның және де басқа адам өміріне қауіпті жұқпалы аурулардың таралуын азайтады. Толқын АЙМАХАНОВА, «Тараз-Болашақ» жоғары медициналық колледжінің қызметкері
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар