«Фәни дүние, дидарыңа көз салдым...»
Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі және одақтың облыстық филиалының төрағасы, халықаралық және республикалық мүшәйралардың жеңімпазы, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Хамит Есаманның «Фәни-Құбылыс» атты жаңа жыр жинағы жарық көрді.
«Бір бүйірде қызса деп ем өлеңім,
Бір ұйқыны бұзса деп ем өлеңім.
Ақылдыға қайғы алдырсам деп едім,
Ақымақты ойландырсам деп едім» деп, ақын Жұмекен Нәжімеденов айтқандай қазақ даласында қаламының ұшына қарлығаш ұя салған ақындар саусақпен санарлық. Оның ішінде тәуелсіздікпен қатар қанат жайып келе жатқан жыр көгершіндерінің қанат қағысы тым ерекше. «Ақын болып туу тағдырдан ба, Тәңірден бе?» деген сұрақтың жауабын да әркім әртүрлі топшылады. Алайда анасының құрсағынан қалам ұстап туған таланттар кемде-кем. Ал олардың тағдырын маңдайындағы жазудан гөрі кітаптағы өзінің жазуы көбірек билейтіні де ақиқат.
Міне, бұл ойлар бізге ақын Хамит Есаманның «Фәни-Құбылыс» атты жаңа жыр жинағы қолымызға тигеннен кейін түсіп отырғаны да тегіннен-тегін болмаса керек. Х.Есаман – қазіргі қазақ поэзиясының тізгінұстар буынының өкілі. Қаламгердің қызметтік жолына назар аударсақ, өзіміздің «AR-AI» жастар газетінде де ізі қалған. Сондықтан да ақынның жаңа шыққан «Фәни-Құбылыс» атты кітабының сүйінші хабарын бірінші болып оқырманға жеткізгелі отырмыз.
Ақынның жақында ғана қолымызға тиген өлеңдер жинағы Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің бағдарламасы аясында «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясымен Алматы қаласындағы «Дәуір» баспасынан 3000 таралыммен жарық көріп отыр. Жаңа жинақтың мазмұны «Жүректен өрген қоңыр күй», «Қаламда тұнған қара шер», «Көзімде қалған мұң-шырақ», «Тағдыр мен тамыр таңбасы» атты бес бөлімнен тұрады. Автордың жүрек бұлқынысынан шыққан 300-ден астам өлеңі топтастырылған бұл кітап енді оқырман жүрегіне жол тартып, әдебиет әлеміне өзінің жаңа жарық сәулесін түсіреді деген сенімдеміз.
РЕДАКЦИЯДАН
Келесі мақала