– Жамбыл өңірі, қасиетті Әулиеата топырағы – халықаралық деңгейдегі күрес спортын дамытуда айрықша орны бар аймақтардың бірі. Даңқты спортшы, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров ағамыз бастаған бұл өңір күрес шеберлеріне әрдайым бай екенін дәлелдеп келеді. Жамбыл жерінен шыққан талай саңлақ спортшылар ел спортының тарихына өз есімдерін алтын әріптермен жазып қалдырды. Олардың жеңісті жолы – жас буын үшін үлкен өнеге әрі мақтаныш. Өңір спортшылары халықаралық ареналарда жоғары нәтижелер көрсетіп, ел намысын абыроймен қорғап келеді. Атап айтқанда, жамбылдық балуандар Олимпиада ойындары, әлем чемпионаттары, Азия ойындары және Азия чемпионаттары сияқты ірі халықаралық додаларда Қазақстан ұлттық құрамасының сапында табысты өнер көрсетіп, мемлекетіміздің Әнұранын шырқатып, көк Туымызды биікке көтеріп келеді. Аталған жетістіктер өңірде спортты жүйелі дамытуға бағытталған еңбектің, жаттықтырушылар мен спортшылардың табанды ізденісінің айқын нәтижесі. Сіздерге осы жарыста жоғары нәтижелер мен әділ бәсеке тілеймін. Салауатты өмір салтын насихаттап жүрген баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін! – деді Ербол Шырақпайұлы.
Бұдан кейін сөз алған Қазақстанның грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Еркін Оқасов осы жарыстың Киелі Тараз төрінде өтіп жатқанына қуанышты екенін, себебі Әулиеата өңірінен кезінде талай балуан шыққанын сөз етіп, жарыс жолындағы жастардың болашақта әлемді мойындататын әйгілі спортшыларға айналатынына сенім білдірді.
– Осы балуандардың арасынан Азия, әлем чемпиондары, Олимпиада ойындарының жүлдегерлері өсіп шығатынына кәміл есенемін. Бұл чемпионат жастар үшін үлкен жарыстардың алғашқы баспалдағы болмақ. Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бұқаралық спортты дамытуға баса көңіл бөлінуде, соның арқасында спортшыларды қолдауға барлық жағдай жасалуда. Осы жарысты ұйымдастыруға атсалысқан Туризм және спорт министрлігіне, облыс әкімдігі мен серіктес азаматтарға айтар алғысым шексіз. Додада бақ сынап жатқан жас спортшыларға жарақатсыз жарыс тілеймін! – деді Е.Оқасов.
Чемпионатқа облыс, республикалық маңызы бар қалалар мен Астана атынан қатысатын спортшылар бақ сынауда. Әр команда құрамында 20 спортшы, 5 жаттықтырушы, 2 төреші және 1 ресми өкіл бар. Жарыста республикалық және халықаралық дәрежедегі төрешілер қызмет етуде.
Чемпионатқа еліміздің барлық өңірлерінен 1000-ға жуық спортшы қатысуда. Сайыс нәтижесі бойынша U-15 санатындағы жеңімпаз 200 000 теңгеге ие болады. Екінші орынға – 100 000 теңге және қола жүлдегерлерге – 50 000 теңгеден тігіліп отыр. Ал U-23 санатында ел чемпионы 500 000 теңге сыйақымен марапатталмақ. Екінші орынға 300 000 теңге, үшінші орын иегерлеріне 150 000 теңгеден беріледі. Одан бөлек арнайы номинация бойынша марапаттар да бар.
Айта кету керек, жарыстың өткізілуі өңірде күрес спортын дамытуға, жас спортшылардың шеберлігін арттыруға және бұқаралық спортты насихаттауға өз ықпалын тигізетіні сөзсіз.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ




