Іс-шара барысында бірқатар кәсіпорындар мен мекеме өкілдері бос жұмыс орындарын ұсынды. Жұмыс берушілер қатарында «Жиһаз-2» және «Korcem» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, Қордай ауданы бойынша шекара қызметі басқармасы, орталық аудандық аурухана мен «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының филиалы болды. Сонымен қатар білікті мамандар іздеген кәсіпорындар тізімінде Шу аудандық аумақтық бөлімінің аға сот орындаушысы, жеке сот орындаушылары, аудандық пробация қызметі мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кәсіпорны да бар. Бұдан бөлек, «Флагман» сауда үйі, аудандық мәдениет үйі және аудандық жастар ресурстық орталығы да жұмыс іздеушілерге өз ұсыныстарын білдірді.
Жалпы 53 мекеме тарапынан 205 тұрақты бос жұмыс орны ұсынылды. Оның ішінде білім беру саласына – 132, денсаулық сақтау саласына – 9, ал өзге де салаларға 60 маман қажет екені белгілі болды.
– Жәрмеңке барысында жұмыс іздеушілерге өздерін қызықтырған мамандықтар бойынша толық мағлұмат берілді. Нәтижесінде 22 азамат тікелей жұмысқа орналасу үшін сұхбаттасуға жолдама алды, – дейді аудандық «Мансап» орталығының сектор меңгерушісі Альмира Райымбекова.
Сондай-ақ мамандар тарапынан мемлекеттік қолдау шаралары туралы жан-жақты ақпарат берілді. Әсіресе кәсіби біліктілікті арттыруға арналған «Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту», еңбек жолын жаңа бастағандар үшін «Алғашқы жұмыс орны» және жастардың тәжірибе жинақтауына септігін тигізетін «Жастар практикасы» сияқты маңызды бағыттарға баса назар аударды.
Бұған қоса, «Мансап» орталығының мамандары еліміздің солтүстік өңірлеріне қоныс аударуға ниетті азаматтар үшін ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ




