Мемлекеттік қызмет көрсету аясы кеңейе түсті
Қазіргі күні ел тұрғындары бұрынғыша есіктен есікке жүгіріп, көптеген анықтама, құжат жинамайды. Біраз жыл бұрын бос жүрістен шаршаған қазақстандықтар үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы құрылған болатын. Қазіргі таңда тұрғындар көптеген мемлекеттік қызмет түрлерін халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ өзінің жеке компьютері немесе смартфоны арқылы жеке кабинетіне кіріп алуына болады. Мұның бәрі уақытымызды үнемдейтіні шындық. Қазақстандықтар үшін жасалып жатқан жеңілдік – «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының жемісі екені анық. Бұл тұрғыда ХҚКО-ның көрсететін қызметі, артықшылықтары халық ыңғайына қарай үнемі жаңартылуда.
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыс бойынша филиалы директорының орынбасары Данияр Медетбеков брифинг өткізді. Ол «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясындағы жаңа қызмет түрлері жайында баяндады.
Спикердің айтуынша, осы жылдың 9 айында фронт-офистер бойынша барлығы 831 670 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Фронт-офистердегі өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары арқылы 9 айда 845 995 мемлекеттік қызмет көрсетіліпті.
Сонымен қатар баяндамашы Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің биылғы 16 тамыздағы №339/НҚ бұйрығымен «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізілімін бекіту туралы» құжатына өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенінен хабардар етті.
– Тізілімнің жаңа редакциясында мемлекеттік қызметтердің 1353 түрі бар. Соның ішінде мемлекеттік корпорация арқылы – 1267, «Электрондық үкімет» порталы арқылы – 1214, тек көрсетілетін қызметті беруші арқылы 84 мемлекеттік қызмет бекітілген.
Сондай-ақ мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің 19 жаңа түрі енгізілді. Көрсетілген қызметтер бойынша Мемлекеттік корпорация өтініштерді қабылдауды және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер нәтижелерін беруді жүзеге асыратын болады. Бұған қоса тізілімге Мемлекеттік корпорация көрсетілетін қызметті беруші болып табылатын мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің 10 жаңа түрі енгізілген.
Мұнымен бірге «Әкімшілік-аумақтық бірліктердің жобаланатын шекараларын жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры ақпараттық жүйесінің графикалық деректерімен келісу», «Жер учаскесіне жалдау шартының телнұсқасын беру туралы» қызметтері де қосылды, – дейді Данияр Түзелбекұлы.
Жаңа сервистерден тағы «еGov mobile» мобильді қосымшасы техникалық байқау құжатының мерзімі өткені туралы push-хабарламалар жіберу сервисі іске қосылған.
Электрондық анықтамалар мен қызметтерді өз бетінше алу процесін жетілдіру мақсатында «Kaspi.kz» мобильдік қосымшасында азаматтардың цифрлық құжаттарды қолдану мүмкіндігі пайда болыпты. Ол үшін «Kaspi.kz» мобильдік қосымшасында «Мемлекеттік қызметтер» сілтемесіне кіріп, «Цифрлық құжаттар» батырмасын басу қажет.
«Цифрлық құжаттар» ішінен жылжымайтын мүлікке қатысты, әлеуметтік, медициналық анықтамаларды Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, өз бетінше алуға мүмкіндік бар. Жаңа қызметтердің ішінен тағы «еGov mobile» қосымшасында ерлі-зайыптылардың нотариалды куәландырылған келісімін ресімдеу қызметі қосылған.
Спикердің баяндауынша, ерлі-зайыптылардың нотариалды куәландырылған келісімін «eGov mobile» қосымшасында онлайн түрде ресімдеуге болады. ҚР Әділет министрлігінің, республикалық нотариаттық палатаның және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ ақпараттық жүйелері арасындағы интеграция азаматтарға нотариусқа бармай-ақ нотариат куәландырған құжаттарды бірнеше минут ішінде куәландыруға мүмкіндік береді.
Несиелендіру бағытында несие алудан ерікті түрде бас тарту туралы өтінішті «eGov mobile» мобильді қосымшасында және «eGov.kz» порталында беру қызметі іске қосылды.
Сонымен қатар әр қазақстандық несие мен шағын несие алуға өз атынан ерікті түрде тыйым сала алады. Оны «eGov mobile» мобильді қосымшасындағы және «eGov.kz» электронды үкімет порталының жаңа сервисін қолдану арқылы жасауға болады.
Сервиске өтінішті азаматтың өзі ғана толтыра алады. Несиелер мен шағын несиелерді алуға тыйым салу 6 айға белгіленеді және бұл мерзім аяқталғаннан кейін автоматты түрде тыйым алынып тасталады. Сондай-ақ бұл шектеулерді кез келген уақытта мерзімінен бұрын тоқтатуға өтініш беру арқылы алып тастауға болады.
Сондай-ақ қазақстандықтар «Электрондық үкімет» порталында туу, неке қию және ажырасу туралы актілерге өзгерістер, түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы өтініш бере алады. Жаңа қызмет жеткілікті негіздер болған жағдайда және мүдделі тұлғалар арасында дау болмаған кезде құжаттарға жоспарлы өзгерістер енгізуді көздейді. Мысалы, атын, тегін, және әкесінің атын өзгерту секілді қызметтер.
Данияр Түзелбекұлы «Азаматтық хал актілері жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу» жаңа қызметі жайлы да айтты. Бұл қызметтің көмегімен актілік жазбаларға өзгерістер енгізу және құжаттарды қайта шығару үшін негіздемелерді көрсетіп, растайтын құжаттарды қосып өтінім беруге болады.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ
Келесі мақала