223 айыппұл салынған
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Салтанат Әлібаеваның қатысуымен брифинг өтті. Жиында санитариялық-эпидемиологиялық мониторингінің 9 айдағы қорытындысы баяндалды.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің екі бағыты бар, яғни эпидемиологиялық, санитариялық-гигиеналық бақылау және мониторинг жүргізу арқылы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету. Аймақ аумағында санитариялық-эпидемиологиялық жағдайды бақылауды санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті және аумақтық басқармалары жүзеге асырады. Тараз қаласы бойынша бір қалалық басқарма және 10 аудандық басқарма бар.
– Біздің саламыздағы мемлекеттік бақылау және қадағалау нормативтік құқықтық актілердің, гигиеналық нормативтер мен техникалық регламенттердің бұзушылықтардың алдын алуға, анықтауға, жолын кесуге және жоюға бағытталған.
Саладағы мемлекеттік бақылау және қадағалауға жататын объектілер екі топқа бөлінеді: эпидемиялық маңызы жоғары объектілер және эпидемиялық маңызы елеусіз объектілер. ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қарашадағы №220 бұйрығымен мемлекеттік бақылауға және қадағалауға жататын өнімдер мен эпидемиялық маңызы бар нысандардың тізбесі бекітілген, кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органмен келісілген. Субъектілеріне қатысты бақылау және қадағалау ҚР Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру, профилактикалық бақылау, тергеу және қадағалау нысанында жүзеге асырылады. Тексеру жоспары сайтта орналасқан, – деді С.Әлібаева.
Айта кету керек, барлық тексерулер құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарына тіркелгеннен кейін жүргізіледі. Биыл 400 нысанды біліктілік талаптарына тексеру жоспарланған.
– Биыл 9 айда облыстың санитариялық-эпидемиологиялық қызметі барлығы 209 тексеру жүргізді. Оның ішінде 104 тексеру біліктілік талаптарына сәйкестік туралы болса, 105 жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Тексеріс барысында 158 бұзушылық анықталған. Сондай-ақ, биыл санитариялық нормалар мен ережелерді бұзудың анықталған фактілері бойынша 223 айыппұл салынды. Негізгі бұзушылықтарға объектінің санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келмеуі, зертханалық-аспаптық зерттеулер мен өлшеулер нәтижелерінің сәйкес еместігі, өнімнің қауіпсіздігін растайтын құжаттар мен жеке медициналық кітапшалардың болмауы және медициналық тексеруден уақытылы өтпеуі жатады, – дейді спикер.
Ауызсудың сапасын бақылау бойынша, биыл 9 айда сумен жабдықтау көздерінен су құбыры суының сынамалары микробиологиялық және санитариялық-химиялық көрсеткіштерге 42 878 зерттеу жүргізілген. Нұсқамаларға сәйкес су құбыры желілерін дезинфекциялау жүргізілген. Су сынамаларын қайта зерттеу теріс нәтиже көрсеткен. Су факторымен байланысты аурулар тіркелмеген. Су жолымен берілетін жұқпалы ауруларға апта сайын мониторинг жүргізіледі.
Сонымен қатар департамент тұрақты негізде атмосфералық ауаны бақылайды.
Елді мекендердегі ауаны ластайтын негізгі көздер автокөліктерден, өнеркәсіптік кәсіпорындардан, жылу электр стансаларынан және шығарындылардан түзіледі. Елді мекендердегі атмосфералық ауаны негізгі ластаушы заттар – көміртегі тотығы мен азот диоксиді. Атмосфералық ауа сынамаларын алу қала мен аудан орталықтарының басты көшелерінде жүргізіледі. Сондай-ақ, қаланың және елді мекендердің атмосфералық ауасының ластануына жол бермеу мақсатында санитариялық-ағарту жұмыстары жүргізілуде.
Тамақтан уланудың алдын алу департаменттің қызметіне кіреді. Облыс бойынша биыл 9 айда ботулизм диагнозымен өтетін тағамнан уланудың 2 жағдайы тіркелген. Спикердің айтуынша, қайтыс болғандар жоқ. Бұл жағдайларда улану тұрмыстық жағдайда болған. Үй жағдайында дайындалған көкөніс салаттарын, яғни баклажан мен маринадталған қияр салатын тұтынумен байланысты болған. Сондай-ақ 19 зардап шегушімен қоғамдық тамақтану объектілерімен байланысты жіті ішек инфекциясы диагнозымен өтетін тамақтан уланудың 2 жағдайы тіркелген.
Брифинг соңында спикер БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желіден келіп түскен сұрақтарға жауап берді.
Аяулым ЖАМАНҚАРА
Келесі мақала