«ЖАЙЛЫ МЕКТЕПТЕН» КҮТЕРІМІЗ КӨП
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады», деген болатын.
Елімізде көп жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан үш ауысыммен оқытатын және апатты мектептер мен оқушы орындарының тапшылығын жоюға бағытталған «Жайлы мектеп» жобасы өткен жылы мақұлданып, бүгінде жемісті іске асырылуда.
Ұлттық жоба аясында облысымызда 12 мектеп салу жоспарланған. Нәтижесінде бір ауысымда 9 200, екі ауысымда 18,4 мың жаңа оқушы орны ашылады. Биыл облысымызда 7 мектептің құрылысы басталып, келесі жылы пайдалануға беріледі. Атап айтқанда, 300-600 орындық білім ошақтары 2024 жылдың 1 қыркүйегіне дейін, ал 900-2000 орындық мектептер келесі жылдың соңына дейін балалардың игілігіне беріледі. 5 «Жайлы мектептің» құрылысы келесі жылы басталып, 2025 жылы тапсырылады деп жоспарланып отыр.
Тараз қаласы бойынша «Шөлдала» алқабында 600 орындық, «Бәйтерек» ықшамауданында –
1 200, «Ұлы дала» ықшамауданындағы 1 200 және 2 000 орындық мектептер келесі жылы пайдалануға беріледі. Шу қаласы, «Тоғай» ықшамауданындағы 600 орындық білім ордасының құрылысы 2025 жылы басталып, сол жылы тапсырылады. Ал Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында 600 орындық мектеп келесі жылы, Меркі ауылында да 600 орындық оқу ордасы 2025 жылы есігін айқара ашады. Жамбыл ауданы, Шайқорық ауылындағы – 300, Қордай ауданы, Қордай ауылында 900 орындық мектептер 2025 жылы салынып бітеді. Келесі жылы Қордай ауданының Қаракемер, Қарасу ауылдарында 300 орындық білім ордасы бой көтереді деп жоспарлануда.
Мәселен Жамбыл ауданы, Шайқорық ауылында осы уақытқа дейін 600 балаға орын тапшы болып келген. Жамбыл ауданы әкімдігі білім бөлімінің басшысы Зәуре Әбдірәсілова «Жайлы мектеп» жобасы орын тапшылығы мәселесін шешуге себеп болғанын айтады.
– Қазіргі қолданыстағы Шайқорық орта мектебі 1974 жылы салынған. Сыйымдылығы – 640 орындық. Типтік жобада салынған ғимарат үш қабаттан тұрады.
Қазіргі таңда 1-11-сыныпта 1 226 бала, мектепалды даярлық сыныбында 74 бала, барлығы
1 300 оқушы білім алуда. Шайқорық ауылында 600 балаға орын тапшылығы анықталып отыр. Мәселені шешу мақсатында «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде 600 орындық мектеп құрылысын жүргізу үшін облыс әкімдігі құрылыс басқармасы «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамымен бірлесіп, жобалық-сметалық құжаттамасын әзірледі.
Жобаның іске асырылу мерзімі – 2024-2025 жылдары. Жобаның құны – 5,3 миллиард теңге. Қаржыландыру мәселесі шешілсе, 2024 жылы құрылысы басталады, – дейді Зәуре Сәдуақасқызы.
Үш жағдайлы мектеп құрылысының басталуы қордайлықтар үшін де жағымды жаңалық болып отыр. Алдағы уақытта Қордай, Қарасу және Қаракемер ауылдарында жаңа білім ошақтарының құрылысы басталады.
– Аудан орталығында 900 орындық мектеп құрылысы басталады, Қарасуда ауыл балалары 300 оқушыға арналған мектепте білім алуға мүмкіндік алып, Қаракемерде 300 орындық жаңа мектеп салынады.
Қаракемер мен Қарасуда жоба 2023-2024 жылдары жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр. Аудан әкімдігінің сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің мәліметінше, қазіргі уақытта Қордай ауылында мектеп құрылысын жүргізетін мердігер мекемені анықтау процесі жүруде. Қарасудағы 300 орындық мектеп құрылысын «Тараз Констракшн Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізеді. Сондай-ақ Қаракемер ауылындағы мектептің құрылысына «Тараз Строй 2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жауапты. Жоба «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының қолдауымен жүзеге асырылып жатқанын атап өту керек, – дейді Қордай ауданы әкімдігі білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков.
Тағы бір маңызды жайт, жергілікті атқарушы органдарға сыртқы инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелерін шешу тапсырылған.
Мектептер барлық стандарттарға сай болады деп күтілуде. Білім ордалары зертханалармен, компьютерлік сыныптармен, спортзалмен және тағы да басқа қажеттіліктермен қамтамасыз етіледі. «Жайлы мектеп» заманауи интерьермен безендіріледі. Сондай-ақ балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады. Яғни блоктар мен кабинеттердегі бейнебақылау жүйесі мен есіктер кез келген қауіп төнген жағдайда автоматты түрде жабылады. Бұл мектептердің тағы бір айырмашылығы – кітапхана, кәдімгі оқу залдарынан бөлек, балалар электрондық кітапханаға қол жеткізеді. Сонымен қатар оқушылар коворкинг аймақтарын пайдалана алады.
Жаңа білім мекемелері бір жоба бойынша салынады. Бұл ауылдық жердегі балалар қаладағыдай жағдайда білім алуға мүмкіндік алады деген сөз. Бір сөзбен айтқанда, балаларымыздың болашағы үшін барлық жағдайлар жасалмақ.
Айжан ӨЗБЕКОВА
aizhan-uzbekova@mail.ru
Келесі мақала