Тұрғындар тілегі ескерусіз қалмайды
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы №33 М.Әуезов атындағы орта мектепте №7 аумақтық округ тұрғындарымен кездесті. Онда жалпы облыс пен Тараз қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша қолға алынған шаруалар тілге тиек етіліп, алдағы жоспарлар жайы айтылды.
Жиында аталған аумақтық округ тұрғындары өздерін толғандырған сұрақтарды мәселе ретінде көтеріп, тұшымды жауапқа қанықты.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесу өткізуі және азаматтарды жеке қабылдау туралы тапсырмасына сәйкес өздеріңізбен жүздесіп отырмыз. Былтыр өңірде халықпен жалпы 2126 кездесу ұйымдастырылса, оның ішінде облыс әкімі – 35, ауылдық округ әкімдері – 712, қала және аудан әкімдері 479 кездесу өткізген екен. Биыл осы күнге дейін 1409 кездесу ұйымдастырылған. Оның ішінде облыс әкімі халықпен 57 мәрте кездессе, қала және аудан әкімдері 552 кездесу өткізген.
Облыста атқарылып жатқан жұмыстар ретін қысқаша сөз етсек, биыл қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысымен экономикалық өсім 101,3 пайызды құрады. Өнеркәсіп өнімі 3,7 пайыз болса, оның ішінде кен өндіру өнеркәсібі – 16,4, ал өңдеу өнеркәсібі 3,2 пайыз болып отыр.
Қазіргі уақытта өңірге инвестиция тарту жағынан облыста жаңа реформалар қолға алынып жатыр. Біздің ең негізгі мақсатымыздың бірі – тек Тараз қаласына ғана емес, облыстың барлық аудандарына инвесторларды шақыру. Өндіріс орындарын көптеп ашып, іргелі жобаларды жеделдетіп жүзеге асыру көзделуде. Облыс бойынша бірқатар өзгерістер, жаңашылдықтар орын алмақ. Қазіргі таңда облыста жаңадан зауыттар салып, жұмыс орындарын көптеп ашу және басқа да жұмыстарды пысықтап жатырмыз. Мәселен, Тараз қаласының барлық аумақтық округтерін күнделікті таңертең аралап, ондағы мәселелерге жіті қаныққанмын. Қалаға 2011 жылы қосылған «Шөлдала», «Құмшағал», «28 саяжай», «Казарма» ықшамаудандарында да шешімін күткен мәселелер жетерлік. Оның ішінде екеуін келер жылы ауызсумен қамту жоспарланған еді. Бірақ біз осы мәселені қосымша қаржы көздерін қарастыру арқылы жоспардан тыс жыл аяғына дейін шешуді қолға алдық. Өйткені ол ықшамаудандардың қалаға қосылғанына 12 жыл болыпты, – деген облыс әкімі биыл жыл аяғына дейін Тараз қаласы жарықтандырылатынын сөз етті.
Сондай-ақ аймақ басшысы ауылшаруашылық саласында өндірілген өнім көлемінің 7 пайызға төмендеуі су тапшылығынан болғанын, зардап шеккен шаруалар төлемақы алып жатқанын, келер жылы жаңадан салу арқылы су қоймаларының санын көбейту жоспарланғанын әңгімеледі. Осындай іргелі істер қатарында жерасты суын пайдалану арқылы ағын су тұтынуда өңірдің көрші елге деген тәуелділігін 85 пайыздан 50 пайызға дейін түсіру, суды көп қажет ететін дақылдарды егіп, оны ылғалдандыру үшін 700 ұңғыма қазу, қазылған ұңғыма үшін шаруалардың жұмсаған қаржысын 80 пайызға дейін субсидиялау, алқапты жаңбырлатып, тамшылатып суаратын технология қолдануда заманауи құрылғы жасап шығаратын зауыттар салу да бар. Осы шаруалар сәтімен жүзеге асса, Әулиеата өңірінің ауылшаруашылық саласы жаңа деңгейге көтерілетіні анық.
Жиын барысында Тараз қаласының әкімі Б.Орынбеков №7 аумақтық округ тұрғындары алдында есепті баяндама жасап, осы аумақтық округке қарасты бұрын атқарылған жұмыстар мен алда орындалуы тиіс міндеттерге жеке-жеке тоқталды. Қала әкімінің айтуынша, Тараз қаласының бас жоспарына және егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес, халық арасында «За линией» аталып кеткен аумаққа баратын Абай даңғылы бойынан көпір және жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысы қарастырылып, жоспарланыпты. Бұл ретте қала әкімдігі мен жер қатынастары бөлімі тарапынан мемлекетке қайтаруға жататын жер учаскелерінің тізімі дайындалып, барлығы 65 нысан анықталды. Қазір аталған меншік иелерінен жер учаскелерінің бір бөліктерін немесе толықтай мемлекет мұқтажына қайтаратыны туралы сауалнама алынып жатыр екен. Әзірше 18 жер учаскесінің иелері толықтай мемлекет мұқтажына қайтаруға ниеттерін білдірген.
– Осы жылы Жанқоразов көшесінде ауызсу құбырын жүргізу бойынша жұмыстар жүргізілді. Бұл жұмысты «Алимжан Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарды. Қазіргі таңда, Нахимов көшесінде ауызсу құбырын жүргізу бойынша «BuySale» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тиісті жұмыстарды бастады. Қараша айының соңында құрылыс жұмыстары аяқталады.
Бұдан бұрынғы өткен кездесулерде тұрғындар тарапынан ауызсу бойынша көтерілген мәселелерді шешу мақсатында «ТемірЖолСу – Алматы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі су және кәріз жүйесіне қызмет көрсету жұмыстары бүгінгі күнге қала әкімдігінің теңгеріміне алынып, «Жамбыл Су» кәсіпорнына берілді.
Бүгінде «Жамбыл Судың» күнделікті қызмет көрсету барысында қабылданған су және кәріз құбырларының тозығы 85 пайызға жеткендігі анықталды. Сол себептен осы аудандағы су құбырлар желісін қалалық су құбырларына жалғау жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Сағындықов көшесінің бойында Әйтиев, Желтоқсан, Қойгелді, Сағындықов №6, Желтоқсан-Байзақ батыр, Ишина-Жилкооперации, Локомотивная-Жилкооперации, Сыздықов-Аппаев қиылыстарындағы мекенжайларда жалпы ұзындығы 120 метр болатын құбыр салынып, жалғанды. Су ұңғымалары мен кәріз сорап стансаларының тозығы жетіп, істен шығу қаупі бар болғандықтан, қажетті сусорғыны ауыстыруға, су жүйесін жаңғыртуға жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде, – деген Бақытжан Әмірбекұлы көшелерді жөндеу, жарықтандыру, тұрғын үй саласы, абаттандыру, қоғамдық көлік, қаңғыбас ит-мысық, тазалық секілді әр салада атқарылған жұмыстар жайын егжей-тегжейлі баяндады.
Бұдан кейін кезек сұрақ-жауапқа беріліп, тұрғындар көкейдегі сауалдарына жауап алды. Мәселен Гүлнар Жантаева есімді зейнеткер: «Тараз қаласында, оның ішінде біздің округке қатысты атқарылған жұмыстар көңілімізден шықты. Десе де бізді толғандырған кейбір мәселелерді «елдің уақытын алмайық» деген оймен қағазға тізіп шықтық. Онда «шешімін тапса» деген бірқатар мәселелер нақты атап көрсетілген» деп, облыс әкіміне алдын ала жазылған хатты ұстатты.
Ербол Шырақпайұлы хатта көрсетілген мәселелермен оқып, танысатынын, жағдайды назарда ұстайтынын жеткізді.
Бұдан кейін сөз алған Гүлдар Арыстанова қоғамдық көлік, аялдама, кәріз су жүйесі мәселелерін шешіп беруді сұрады.
– Біздің жеріміз өте ылғалды. Жерді үш күректің бойындай тереңдікте қазсаң, су шығып кетеді. Бұл тұрғыда тозығы жеткен кәріз су құбыры үлкен мәселе тудырып отыр. Мәселемізді айтып, тиісті мекемелерге қайырылсақ, әр нәрсені бір сылтауратады.
Одан кейінгі мәселе – №38 бағытындағы қоғамдық көліктің жайы. Қаланың басқа ықшамаудандарында білім алатын балаларымыз бар. Мысалы, екі немерем Назарбаев зияткерлік мектебіне қатынап оқиды. Ол жаққа бұл жерден тікелей бір бағытта жолаушы таситын автобус жоқ. Сондықтан немерелерім баратын жеріне екі мәрте қоғамдық көлікке ауысып отыру арқылы жетеді. Оған да көндік, соның өзінде азанда, кешке автобусқа сыймай қалып кетеді. Сол себепті №38 бағытта қазіргі жүрген қоғамдық көліктерді сыйымдылығы үлкен автобуспен алмастыруды сұраймыз.
«Нelios» май құю бекетінің жанында жалғыз аялдама бар еді, оны осыдан екі жарым жыл бұрын көлік қағып, тып-типыл етті. Содан бері аялдама жоқ болғандықтан, автобус ол жерге тоқтамай кетеді. Қала әкімдігіне екі жарым жылдан бері шағымданып келеміз, мәселеміз шешілер емес, – деді ол.
Бұл сауалға жауап берген Б.Орынбеков қала аумағының 40 пайызында кәріз су жүйесі жоқ екенін айтып, оның себебін Тараз қаласында кәріз суды тазалайтын кешеннің жоқтығымен байланыстырды. Қазіргі таңда кәріз суын тазалау кешенін салу қолға алынып, мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп жатқанын, келер жылдың аяғында кешен құрылысы басталатынын түсіндірді.
Бақытжан Әмірбекұлы жыл соңына дейін №38 бағыттағы автобустар паркі жаңартылатынына уәде берді. Биыл Тараз қаласында 56 аялдаманы ауыстыруға қаражат бөлінген екен. Соның есебінен аталған аялдама мәселесі де шешілетін болды.
Жиында тұрғындар тарапынан бұдан да басқа тұрғын үйлерді жаңғырту, балалар ойын алаңын салу, жол жөндеу, бағдаршам орнату, кәріз су жүйесін жаңалау, ауызсумен қамту, аллеяларға биодәретхана орнату, заңсыз құрылысты тоқтату секілді бірқатар мәселелер көтеріліп, бұл бойынша облыс әкімі мен қала әкімі нақты жауаптар қайтарды. Кейбір мәселені шешу сол жерде жауаптыларға тапсырылды. Аталған округ бойынша атқарылған жұмыстарға көңілі толатындықтан облыс және қала әкіміне алғыс айтқан тұрғындар да болды.
Нұрым Сырғабаев
nurymsyrgabaev28@gmail.com
Келесі мақала