Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРҒА ҚАНШАЛЫҚТЫ ДАЯРМЫЗ?

ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРҒА ҚАНШАЛЫҚТЫ ДАЯРМЫЗ?
ашық дереккөз
ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРҒА ҚАНШАЛЫҚТЫ ДАЯРМЫЗ?
«Сақтықта қорлық жоқ» деген халқымыз түрлі қатерлерден қорғанып жүруді меңзесе керек-ті. Әйткенмен төтенше жағдайлар ел ішінде жиі-жиі орын алып, қаншама жанның өмірін қиып та жатыр. Айталық, биылғы жылдың 3 айында 124 табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай тіркеліпті. Салдарынан 7 адам зардап шегіп, 3-еуі қаза тапқан. Өткен жылдың тиісті кезеңінде 155 жағдай тіркелген екен. ӨРТ – ТІЛСІЗ ЖАУ Аяқастынан аласапыранға салатын өрт қауіпсіздігі әманда назардан тыс қалған емес. Қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау мақсатында облыстық төтенше жағдайдың алдын алу және жою комиссиясының отырысында қаралып, облыс әкімдігінің «Облыс аумағында табиғи өрттердің алдын алу жөніндегі шаралар туралы» №71 қаулысы қабылданыпты. Мемлекеттік орман қоры мен дала алқаптарының аумағында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен алдын алу және ескерту іс-шараларының жоспары бекітілген. Облыс аумағының ғарыштық мониторингін жүргізуге 2022 жылы облыс бюджетінен 5 миллион 830 мың теңге бөлініпті. – Ағымдағы жылдың 1 мамырынан бастап орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлері күніне 3 рет жалпы көлемі 3,048 миллион гектарлық облыстың мемлекеттік орман қоры аумағын «Қазавиаорманқорғау» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының авиатехникасымен ұшу арқылы әуеден күзету жүргізеді. «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамының авиатехникасымен облыс аумағындағы өрт қаупі бар учаскелерді аралап шығу және олардың өртке қарсы жағдайына мониторинг жүргізу үшін облыс әкімдігі тарапынан ағымдағы жылы 49 миллион 478 мың теңге (48 ұшу сағаты) бөлінді. Ал орман қорының аумағын өрттен қорғау жұмыстарын жүргізуге 86 миллион теңге қаржы қаралды. «Ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі» барлық мекемелерде бірінші үлгідегі 15 өрт сөндіру стансасы құрылды. Олар 135 адамнан, 18 өрт сөндіру автокөлігімен, 36 трактормен, 174 аспалы өрт сөндіру құралымен, 24 мотопомпамен, 246 радиостансамен жасақталды. Өткен жылы өрт сөндіру бекеттерін кезең-кезеңімен құру жоспарына сәйкес 4 шалғай елді мекенде өрт сөндіру бекеттері құрылды. Ағымдағы жылы 3 елді мекенде, атап айтсақ Жуалы ауданындағы Ақтөбе ауылы, Шу ауданындағы Мойынқұм ауылында, Талас ауданындағы Ойық ауылында өрт бекетін құру жұмысы жоспарланды. Облыстың ауылдық округтерінде жеке құрамы 2 128 адамнан тұратын 165 ерікті өртке қарсы құрылымдар құрылып, 508 трактор, 49 су тасушы техника және 88 өрт сөндіру мотопомпамен және 175 ранецті өрт сөндіргішпен жабдықталды. Облыстық төтенше жағдай департаменті«ӨС және АҚЖҚ» мекемесінде жетуі қиын таулы жерлерге жеке құрамды жеткізу үшін 10 бірлік өтімділігі жоғары техника, табиғи өрттерді сөндіру үшін 68 бірлік өтімділігі жоғары автоцистерналар дайындалды. Сондай-ақ 139 ранецті өрт сөндіргіш, 1000 бірлік хлопушкалар, сондай-ақ 7 «Турая», «Иридиум» спутниктік терминалдары әзірленді. Биылғы жылдың көктем айларында облыс аумағындағы барлық 15 орман шаруашылығында шартты табиғи өртті сөндіру бойынша және Қырғыз Республикасымен трансшекаралық табиғи өртті жою бойынша арнайы тактикалық жаттығу өтті. Жол қызметтерінің жұмыс жоспарына сәйкес облыс аумағындағы республикалық маңызы бар 1 237 шақырым автожолдың 1074 шақырымы, облыстық маңызы бар 1 943 шақырым автожолдың 712 шақырымы және 840 шақырым теміржолдың 104 шақырымы өртке қарсы жыртылды. Табиғи өрттердің алдын алу мақсатында төтенше жағдайлар департаментінің бөлімдері, жергілікті полиция қызметі және жергілікті атқарушы органдар жеке құрамының күшімен жалпы саны 82 адамнан тұратын 16 бірлескен мобильді топ құрылды. Олармен далалық алқаптарда өрт қауіпсіздігін сақтау және бақыланбайтын ауыл шаруашылығы өртеулерінің алдын алу жөнінде 36 рейд жүргізілді. Құрғақ шөптерді және қалдықтарды жағуға жол берген 27 адам заң талабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 8-і ескерту түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 19-ына жалпы сомасы 260 мың 355 теңге айыппұл салынды. Сонымен бірге ормандағы өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 7 орман шаруашылығы мекемелерінің лауазымды тұлғаcына 321 мың 615 теңге айыппұл салынды. Қазіргі уақытта орман және дала өрттерінің алдын алу және жою бойынша әлеуметтік желілерде белсенді профилактикалық жұмыстар, сондай-ақ орманды далалық алқаптарда қалдықтарды өртеу және бақыланбайтын ауыл шаруашылығы от жағулардың алдын алуға бағытталған бірлескен рейдтік іс-шаралар жүргізілуде, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мақсат Қосыбаев. Аталмыш департаменттің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта орманды далалық алқаптарда өрт және жану оқиғалары тіркелмеген. Өрт қауіпсіздігін бақылау негізінде облыс аумағында 13 680 нысан есепке алынған. Оның ішінде 2 257-сі өрт қауіпсіздігі саласындағы жоғары қатер тобына, 11 423-і маңыздылығы шамалы қатер тобына жатқызылған. Айта кету керек, мұндағы жоғарғы қатер тобына жататын объектілерге ерекше тәртіп бойынша тексеру жүргізу енгізілген. Ал маңыздылығы шамалы қатер тобындағы объектілер тек шағым, прокуратура органының тапсырмасы немесе бастамашылық өтініш түскен кезде жоспардан тыс тәртіпте тексеріледі. Биылғы жылдың 3 айында 476 тексеру жүргізіліп, 476 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Ағымдағы жылы жылыту маусымында азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамының облыстық филиалы, еріктілер және жергілікті полиция қызметі өкілдерімен бірлесіп тұрғын үйлерді аралап, халық арасында қауіпсіздікті сақтау шараларын түсіндірген. Облыс аумағындағы екі мың және одан көп тұрғыны бар шалғай орналасқан 36 елді мекенде өрт бекеті құрылуы тиіс. Соңғы жылдары облысымызда 12 өрт сөндіру бекеті құрылып, қызметтерін атқарып отыр екен. Жалпы, облысты дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасының іс-шаралар жоспарына 13 елді мекенде өрт сөндіру бекетін құру жұмысы енгізіліпті. СУҒА ДА САЛҒЫРТ ҚАРАМАЙЫҚ! Тіршілік нәрі су да сақтанбасаң үлкен қауіп төндіреді. Әсіресе көктем мезгілінде алты ай қыста қатқан мұз еріп, су тасқыны болуы қатерлі. «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының берген мәліметі бойынша, облыс аумағында ауа райы жағдайына жүргізілген көп жылғы мониторинг деректеріне сәйкес, қалалар мен елді мекендерде қар жамылғысы сынақ деңгейінен аспайды. Қазіргі уақытта облыс аумағындағы өзендерде су деңгейі тұрақты, су тасқыны қаупі байқалмайды. Облыс аумағының қар жамылғысы қазіргі таңда 2-28 пайызды құрайды. Өңірде су тасқыны кезеңін апатсыз режимде өткізу мақсатында іс-шаралар жоспарына сәйкес бірқатар жұмыстар атқарылып, ғарыштық мониторинг күнделікті жүргізіліп отыр екен. Қыстың соңғы айында көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық барысы туралы мәселе облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысында қаралып, Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне, мекеме, кәсіпорын басшыларына тапсырма берілген. Осыған орай облыс аумағында жалпы ұзындығы 3 187 шақырым арық желісі, дренаж және суару каналы және тау бөктерінен аққан суды бұратын 40 канал тазаланған. – Тараз қаласы аумағында каналдар мен дренаждың ұзындығы 93 шақырымды құрайды. Қазірігі таңда 300 миллион теңге бөлініп, механикалық тазарту жұмыстары жүргізілуде. Ал 164 шақырым арық жүйесі 100 пайыз тазаланды. Одан бөлек облыс аумағында теміржол және автомобиль жолдарында 430 көпір және 2 036 суағар құбырларының арнасы 224 текше метр жиналған қоқыстан тазартылды. Облыс аумағында 157 гидротехникалық құрылғы бар. Оның ішінде республикалық меншіктегісі – 42, коммуналдық меншікте – 106, жекеменшікте – 9. Ірі су қоймаларына әрдайым бақылау жүргізілуде. Өңірде орналасқан гидротехникалық құрылғылардың техникалық жағдайын зерделеу жұмыстары әрдайым жүргізіліп, тиісті шаралар қабылдануда. Биыл 13 гидротехникалық құрылғы, тағы 5-еуі алдағы жылы ағымды жөндеуден өтетіні жоспарлануда. Селден қорғану жұмыстарына келсек, Төтенше жағдайлар министрлігі «Қазселденқорғау» мекемесінің «Жамбыл аумақтық пайдалану басқармасы» облыстағы қызмет көрсету аумақтарын табиғи төтенше жағдайдан қорғау, алдын алу мақсатында бірқатар істі жүзеге асырды. Осы жылғы қар көшкіні кезеңінде филиал мамандары бекітілген кестеге сәйкес және жоспардан тыс әр онкүндікте қар көшкіні қаупі бар телімдерге 9 жер беті зерттеу жұмыстарын жүргізді. Қар көшкіні қаупі бар аумақтарда орналасқан әртүрлі деңгейдегі әкімдіктерге, кәсіпорын, әскери бөлім басшыларына, шаруа қожалық иелеріне хабарлама-ұсыныс беріліп, қар көшкінінен сақтануды ескерткен жадынамалар таратылды, – дейді Мақсат Амантайұлы. Әне-міне дегенше шомылу маусымы басталады. Бұл – қатаң қадағаны қажет ететін кезең. Мәселен, өткен жылы су айдындарында шомылу маусымында 3 оқиға тіркеліп, 4 адам қайтыс болған. Оның 2-еуі бала. Биыл 31 наурызда Қаратау қаласындағы «Жартас» су қоймасында 1992 жылғы азамат шомылуға рұқсат етілмеген жерде суға батып кеткен оқиға тағы бар. Бұл бойынша да өзен-көлдерде қайғылы оқиғаларды болдырмау, адам өліміне жол бермеу және алдын алу іс-шаралар жоспары әзірленіп, өкілетті мекеме басшыларына тиісті шаралар қабылдау үшін жолданған. Бекітілген жоспарға сәйкес оқу жылының соңына дейін барлық білім беру орталықтарында облыс аумағында «Судағы қауіпсіздік шаралары» тақырыбында сабақ өткізіліпті. Сонымен қатар «Судағы қауіпсіздік шаралары» тақырыбында білім беретін мектептерде қашықтан ата-аналармен жоспардан тыс жиналыстар өткен. – Жиналыс барысында ата-аналарға балалардың суға кету себептері мен балалардың өмірі үшін жауапкершілік тәртібі түсіндірілді. Облысымыздағы 435 оқу орнында аталған тақырыпта ақпараттық стенд орнатылды. Бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес ағымдағы жылдың 24 сәуірінен 24 мамырына дейін барлық білім мекемелерінде онлайн режимде «Судағы қауіпсіздік» тақырыбында облыстық акция ұйымдастырылды. Шомылу маусымына дайындық кезеңінде судағы қауіпсіз жүріс-тұрыс мәселесі бойынша басылымдарда мақалалар жарияланады, «дөңгелек үстел» өткізіледі, республикалық және жергілікті телеарналарда ақпарат таратылады. Сонымен қатар шомылу маусымында қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша «WhatsApp» әлеуметтік желісі арқылы хабарламалар таратылуда. Облыс аумағындағы су айдындарының демалу және шомылуға қауіпті, жабдықталмаған учаскелерінде «Қауіпті аймақ», «Шомылуға тыйым салынған» деген тақырыптарда 200-ден астам қауіпті ескертетін, тыйым салатын белгілер және 45 ақпараттық стенд орнатылды. Шомылуға қауіпті орындарда судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында маусым айынан бастап жергілікті атқарушы органдар, облыстық төтенше жағдай және полиция департаменті қызметкерлерімен бірлесе көпшілік жаппай демалатын және шомылуға қауіпті, рұқсат етілмеген орындарда рейдтер мен түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Шомылу маусымы кезінде судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында суға жақын орналасқан елді мекен тұрғындарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізу барысында 250 рейдтік іс-шара, 25 жиналыс ұйымдастырылды. Профилактикалық іс-шараларды өткізу барысында тұрғындар арасында судағы қауіпсіздік шараларын сақтау тақырыбында 5 мыңнан аса жадынама таратылды, – деген облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мақсат Қосыбаев қауіпсіздік іс-шаралары жалғасатынын айтты. Әрине, «Сақтансаң – сақтармын» деген. Арнайы органдардың ескертпесіне, тыйым салуына қарамастан өзімбілемдікке салып, опық жегізген оқиғалар азаяр емес. Сондай жағдайлардан сабақ алып, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бірлесе күш салсақ, құба-құп.

Қамар ҚАРАСАЕВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар