Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бала денсаулығына тек дәрігерлер ғана жауапты емес»

Бала денсаулығына тек дәрігерлер ғана жауапты емес»
ашық дереккөз
Бала денсаулығына тек дәрігерлер ғана жауапты емес»
Елімізде маусым айының үшінші жексенбісін адам жанының арашасы, ақ халатты абзал жандардың кәсіби мерекесі ретінде атап өту дәстүрге айналған. Бұл мереке – адамның жаны мен тәнінің қиналысын жүрегімен сезіне білетін денсаулық сақтау саласы қызметкерінің ерен еңбегі бағаланатын күн. Мереке қарсаңында облыстық көпбейінді балалар ауруханасының бас дәрігері Азат Сәтжанмен әңгімелесіп, бұл саладағы жұмыстың қыр-сырына қанығып біраз сұрағымызға жауап алдық. – Азат Бекенұлы, алдымен аурухананың тыныс-тіршілігі, мүмкіндіктері жайында айтып берсеңіз... – Тараз өңірінде 2015 жылдан бері қызмет етіп келе жатырмын. Оған дейін Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ана мен бала» орталығында еңбек еттім. Біздің аурухана облыс бойынша балаларға жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетеді. Ауруханамыз 551 төсек орынға арналған. Балаларға министрліктің, облыс әкімдігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының тарапынан да әрдайым көңіл бөлінуде. Себебі біздің елде сәби өлімі мен ана өлімі қатаң мемлекеттік бақылауда тұр. Сол себептен балалардың өлімінің болмауына қатты көңіл бөлеміз. Бұл жерде тек қана ауруханада балаларды емдеп қана қоймай, санавиациямен бүкіл облыстың аудандары мен шалғайдағы елді мекендеріне барып, жағдайы ауыр науқастарды бізге алып келу бойынша да көмектеседі. Одан бөлек, Біз тек емдеу мекемесі емес, балалар көмегі бойынша ұйымдастыру, методикалық жұмыстар орталығы боламыз. Өйткені бұл жердегі мамандар бүкіл облыс бойынша онкогемотолог, травматолог-ортопед, балалар нефрологі, балалар эндокринологі, балалар кардиоревматологі секілді шектеулі мамандар. Яғни бұл мамандар аудандарда жоқ, тек бізде ғана бар. Сондықтан аудандар бойынша ауыр науқастарды бізге тасу және ұйымдастыру әдістемелік жұмыстар бойынша, аудандағы мамандардың шеберлігі бойынша, олардың материалдық-техникалық базасы бойынша қаншалықты қамтамасыз етілгені, ұйымдастыру көмектерінің деңгейлері қалай жүзеге асырылып жатқандығын қадағалап, денсаулық сақтау басқармасына есеп беріп отырамыз. – Демек ауруханада күрделі операцияларды да жасауға мүмкіндік бар ғой? – Бізде омыртқа бағанасының омыртқа скалиозына, кеуде қуысының деформациясы кезіндегі оталар және де сал ауруы бар балаларға көптеген хирургиялық оталар жүргізіледі. Одан кейін хрустальді балаларға оперативтік және консервативтік ем көрсетеміз. Ол қандай ем десеңіздер, аяқ-қол деформациясы кезіндегі сүйектердің ішіне темір түтіктер, импланттар салынады. Нейрохиругтар гидроцефалия кезіндегі оталарды, эндоскопиялық нейрохирургиялық оталарды жүргізеді. Біздегі заманауи Selastation 8 версиялы қондырғысы бас мидың ісігін миллиметрге дейін, қай жерде ісіктің орналасуы бойынша дәлме-дәл анықтап бере алады. Бұл омыртқа бағанасы скалиозы кезіндегі темір қондырғы орнатқан кезде жұлынды айналып өтуге көмек береді. Біздің ауруханаға тек қана біздің өңірден ғана емес, республика бойынша науқастар сырттан келіп емделеді. Әсіресе хрустальды балалар Шымкенттен, Түркістан облысынан, Қызылордадан, Алматы қаласынан, Нұр-Сұлтан және Павлодар өңірлерінен келіп, емдерін алып тұрады. Кішкентайлардың өмірін арашалап қалуда мамандарымыз қолдан келгенді аямайтыны анық. Оған қызметкерлердің біліктілігі де, мекеменің техникалық базасының қуаты да жетеді. Біздің ауруханада травмотолог-ортопедия, нейрохирургия, педиатрия бөлімшелері, неврология, кардиология бөлімшелері, сәбилер бөлімшесі, одан кейін 1 жасқа дейінгі балалардың аурулары бөлімшесі, пульмонология бөлімшелері, бет-жақ хирургиясы, хирургия бөлімшесі, лор потология бөлімшесі бар. Ауруханамызда 2020 жылдың аяғында 2021 жылдың басында қамқорлық оңалту орталығы ашылған болатын. Онда бүкіл оңалту шаралары жүргізіледі. 2019 жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасы орталыққа «Локомат» швейцариялық аппаратын алып берген болатын. Бұл аппарат тірек-қимыл қозғалысты жақсартуға арналған. Адамның физиологиялық жүрісін келтіру аппараты. Мұндай қондырғы қазіргі күні еліміздің санаулы облыстарында және бізде ғана бар. Ауруханамыз 2 блоктан тұрады. Хирургиялық блок – «Бәйтерек» 1-де және «Бәйтерек» 3-те орналасқан самотикалық блок. Самотикалық блокта отасыз емделетін науқастар, хирургиялық блокта отамен емделетін науқастар емделеді. Бұдан бөлек, 5 операциялық блок жұмыс атқарады. Қазіргі таңда жоспар бойынша облыс әкімдігі мен денсаулық сақтау басқармасының көмегімен, кардиохирургиялық бөлімшелері ашылуда. Алдағы уақытта кардиохирургиялық оталар да өзіміздің ауруханада жасалатын болады. Қазіргі кезде 100-ден астам дәрігер бар. Жалпы, қызметкерлердің саны 800-ге жуық. Біздің дәрігерлер білімдерін тек елімізде ғана емес, шетелдерде де жетілдіруде. Сингапур, Оңтүстік Корея, Аустрия, Ұлыбритания, Литва, Ресей, Израиль, АҚШ-та оқыған мамандарымыз бар. Қазіргі таңда балаларға көмек көрсетуді ұйымдастыру жағынан барлық қажетті заттар қолда бар. – Мемлекет басшысы «2022 жыл – Балалар жылы» деп бекіткені белгілі. Биыл Балалар жылына орай қандай жобалар қолға алынып отыр? – Балалар жылына орай, жалпы қай кез болмасын бізде әрдайым ашық есіктер ұйымдастырылып тұрады. Облыс әкімдігінің көмегімен алынған әр блогымызда бір-бір КТ, бір бір МРТ аппараттары бар. Хирургиялық орталыққа 1,5 теслолы аппарат орнатылған. Самотикалық блокқа да КТ аппараты орнатылған. Мұның барлығы тегін қызмет көрсетеді. Біздің соматикалық блок коронавирус кезінде 360 төсек болып, қызметін атқарды. Ендігі таңда 2 аурухананың арасында консультативті диагностикалық орталық салу жұмыстары қолға алынып, ұйымдастырылуда. Яғни 1,6 гектар жер бойынша және 2 блокты бір-бірімен қосу жоспарлануда. – Қазіргі таңда балалар арасында қандай аурулар жиі кездеседі? – Маусымға қарай, жазда жарақаттарымен жиі келіп жатады. Өйткені жазғы демалыс кезінде бос болғандықтан аулада бірнәрседен құлап, алысып-жұлысып майып болып қалып жататындар бар. Күн салқындаған уақыттарда вирус, инфекциялар жиі кезігеді. Сәбилерге келетін болсақ, олардың арасында ортопедия жағынан, жамбас буынының дисплазияларымен келетіндер көп. Дисплазия жамбас буынының дамымай қалуы. Бұл әсіресе артық салмақтан және баланы бесікке бөлегенде аяқтарын тартып, матағаннан пайда болады. Себебі нәрестенің аяқтары қимылдап, бос тұрмаса жамбас буын жетілмей, қан айналымы дұрыс болмай қалады, салдарынан бала дисплазияға ұшырайды. Сол себепті, баланы ортопед мамандарға қаратып тұрған абзал. Қалыпты жағдайда ортопедке 1 айында, 3 айында, 6 айы мен 1 жасында көрінеді. Баланың отырысы мен тұрысына байланысты қажет жағдайда 9 айында қайта шақыруы мүмкін. Қазіргі кезде балаларда ұйқысының бұзылуы, тілдерінің кідіріп шығуы да жиі кездеседі. Ол балаға лайықты көңіл бөлмеуден туындайды. Баламен жиі сөйлесіп, шүйіркелесіп, оны тыңдап үйретсеңіз баланың тілі ерте шығады. Өкінішке қарай, смартфонға байланған кейбір ата-аналар балаларын назардан тыс қалдырып жатады. Соның салдарынан балалар кеш сөйлеп, тұйықталып қалады. Бүгінде жастар арасында қант диабеті дерті де дендеп барады. Осыдан 4-5 жыл бұрын жылына осы диагноз бойынша 15-16 науқасты ғана анықтасақ, қазіргі таңда олардың саны 50-ге жуықтады. 1 жылда 54 апта болса, демек аптасына 1 қант диабетін анықтап жатырмыз деген сөз. Балаларда гастроэнторологиялық патологиялар да жиі кездеседі. Одан кейін жасөспірімдердің арасында «майтабандық» жиі кездеседі. Осыған байланысты балаларды жалаңаяқ көп жүргізу керек. Майтабан болып қалмау үшін тау-тастарға аяқ киімсіз шығарып, шынықтырып тұрған дұрыс. Ата-аналар балаларға қауіпсіз қоршаған орта ұйымдастырып тұрғаны абзал, химиялық заттар балалардың қолы жетпейтін жерлерде тұруын ұйымдастыру қажет. Балалардың өміріне жауапкершілікпен қараса, жазатайым оқиғаларды азайтуға болады. Бала денсаулығына тек дәрігерлер ғана жауапты емес. Мұнда ең біріншіден өз баласына деген ата-ананың мейірімі керек. Әрбір адам балаларын қадағалап, қарап, кішкентайларын үйге жалғыз қалдырмаса дейміз. Егер ата-ананың балаларды бақылауы қатаң болса, олар оқыс оқиғалардан, жазым жағдайлардан аман болар еді. Ең қиыны қатерге ұшырағандардың көбісі дені сау жеткіншектер. Сау балалар жазатайым оқиғаларға ұшырап қалса, медицина қызметкерлерінің жүрегі ауырады. Ересектер отбасы құрып, баланы жоспарлаған кезде тек қана анасының денсаулығын күтіп қоймай, әкесінің денсаулығына да мән беруі керек. Бала жоспарламас бұрын зерттеулерден өтіп, керек болса, денсаулығын жақсартып, күтініп, сақтанып, қадағалап барып балалы болса, онда перзентінің денсаулығында ақау болмайды. Қазір білім саласында да балаларға жақсы көңіл бөлінуде. Ерекше балалар үшін арнайы инклюзивті сыныптар ашылып, оқушыларын құшақ жая қарсы алуда. Жаратылысы ерекше балалар үйлерінде шектеліп қалмай, басқа балалармен араласып, достар тауып, жігерленуде. Ол сол баланың жағдайын ғана емес, мектептегі басқа балалардың да көзқарастарын өзгертеді. Денсаулығын бағалап, басқа балаларға деген қамқорлық сезімін оятады. – Азат Бекенұлы, облыстағы ана мен баланың денсаулығы жөнінде айтып берсеңіз... – Жоғарыда айтқанымдай, аналарға жүктілікті алдын ала жоспарлау керектігін айтқым келеді. Өкінішке қарай, әйелдердің көбісі денсаулықтарына мән беріп, ағзадағы өзгерістер мен басқа да аурушаңдық белгілеріне назар аудармайды. Әрбір ана оның соңы өкінішті жағдайға алып келетінін білуі тиіс. Болмаса әлжуаз, аурушаң бала туылады. Құрсақ көтермей тұрып аналар алдымен денсаулығын қалыпқа келтіріп, емделгендері жөн. Бұл мақсатта емханаларда арнайы кабинеттер, бөлімшелер жұмыс істейді. Егер сырқатын дер кезінде емдетсе, ана да, бала да сау болар еді. Екінші кезекте интервалды сақтау керек. Жыл сайын босану әйел ағзасына зиян. – Педиатрлардың алдында қандай мәселелер бар? – Кезінде университеттерде педиатрия мамандығы жабылып, бұл саланың мамандары шықпай, тоқтап қалған болатын. Қазір соның қиыншылықтарын көріп отырмыз. 7-8 жылдай болды, педиатр мамандарына тапшылық байқалуда. Осы жағдай ескеріліп, қазір енді педиатр мамандары оқытылып жатыр. Маман тапшылығы тек бізде ғана емес, республика бойынша білініп жатады. Білікті мамандарды тарту үшін миллион теңгедей бюджеттік емес қаражат, 1 жылға дейін тегін пәтер қарастырып береміз. – Өзіңіз бұл мамандыққа қалай келдіңіз? Балалар дәрігері болудың ерекшелігі қандай? Балаларды емдейтін дәрігер балажан болуы керек шығар... – Мектепте химия пәніне қызығушылығым жоғары болып, осы пән бойынша облыстық, республикалық деңгейдегі түрлі олимпиадаларға қатысатынмын. Оның үстіне біздің әулетте дәрігер мамандығы болмаған. Ата-анам дәрігер мамандығын таңдауымды қалады. Осы мамандықты таңдағанда ДЦП, хрустальды ауруы бар балаларға көп көңіл бөлдік. Бізде тәжірибемізде жылына 50-ден 100-ге дейін сүйектері сынғыш науқастар кезікті. Әрбір ата-ананы осындай жағдайларда сабырлыққа шақырып жатамыз. Дәрігер мамандығы – сауабы мол жұмыс. Балалардың денсаулығы ол бізге деген аманат. Сондықтан біз үлкен жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Балалар дәрігері мамандығын екінің бірінің таңдауға батылы бара бермейді. Себебі білікті дәрігер болу үшін тек жоғары оқу орнын бітіру аздық етеді. Сезімталдық, үлкен жауапкершілік керек. Ұқыптылық әрі күн сайын жаңа нәрсені білуге, үйренуге асық болу арқылы бұл мамандықты меңгеріп, шыңына шығуға мүмкіндік бар. Дәрігер болған соң, ең бірінші кезекте алдыңа келген науқастың көңілін табу керек. Әсіресе жанын жегідей жеген ауруды дөп басу – оңай шаруа емес. Әсіресе дертіне шипа іздеп келген адам бала болса, тіптен қиын. Өйткені ол өзінің дәл қай жері ауырып тұрғанын нақты айта алмайды. Сол себепті кейде психолог болуға да тура келеді. Ересектер ауырса ауруханаға өздері келеді, асса бір адамды ілестіріп келер. Ал балалар ауырса, оның қасында әке-шешесі, екі жақтан апа-атасы, ол аз десеңіз кейде әжелері бірге келіп, уайымдап, бәйек болып жатады. Ондай кезде дәрігер ол кісілердің әрбірімен жұмыс істеп, жағдайды реттеп отыруы керек. Әрине, өз ісінің маманы осы айтқан дүниелерді оңай іске асырады деп ойлаймын. – Маусымның үшінші жексенбісі елімізде медицина қызметкерлерінің мерекесі болып есептеледі. Бұл – әр минут сайын адам өмірін құтқаруға бар күш-жігерін салатын әрі өмір мен өлім үстіндегі адам жанын ажалдан арашалап, дертіне дауа тауып, әрқашан көмек қолын созуға дайын ақ халатты абзал жандардың кәсіби төл мейрамы. Осы орайда, әріптестеріңізге, құттықтау тілек айтсаңыз. – Мерекеге орай тек қана медицина қызметкерлерін ғана емес, медицина саласында жұмыс істеп жүрген әрбір қызметкерді шын жүректен құттықтаймын. Дәрігер, мейірбикелерден бөлек педагогтер, шаруашылық қызметкерлері де біздің салада қалтқысыз еңбек етеді. Осындай айтулы күндері ол кісілердің де еңбегі еленгені дұрыс деп есептеймін. Әріптестеріме зор денсаулық, ашық аспан тілеймін. Адам өмірінің сақшысы болып жүрген ақ халатты абзал жандар періште сәбилердің денсаулығын емдеу жолында аянбасын, әрі өз отбасыларына да мән беруді ұмытпасын дегім келеді. Бала деген жұмбақ әлем. Әрбір ата-ана бізге балаларын аманаттап қалдырады. Аманатқа қиянат болмауы керек. Жұмыстарыңыз сәтті және жемісті болсын! – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар