Мүгедек болса да мүддесі биік жан
Денсаулығында туабітті ақауы бар немесе өмірге аяқ-қолы сау келгенімен жазым болып, не бойына жабысқан кесел салдарынан денсаулығы мен тұрмыс-тіршілігінің шектелуiне байланысты әлеуметтiк қорғауға алынған адамдарға қазақ бір сөзбен «мүгедек» деп сипаттама берген. Қоғам қазір осы атаудан қашатын болды. Тағдыр теперішін тартқан кембағалдарды бұл «қорлау, кемсіту» деген желеумен халқымыздың кесімді сөзін атаудан қалдық. Біле білсек, мүгедек деген сөз біреуді мұқату емес, бойында кемістігі бар адамды айқындайтын атау. Бірнеше жыл «мүмкіндігі шектеулі» деп айтып, жазып жүріп, олардың мүмкіндігі шектеулі емес екенін байқағаннан кейін, енді «ерекше қажеттілігі бар жандар» деуге көштік. Мейлі бұл сөзге де құлағымыз үйреніп, тіліміз жатығар. Бірақ өмір болғаннан кейін арамыздан ерекше қажеттілікті де қажет етпейтіндердің шығатынына сенімдіміз. Өйткені кейінгі кезде организмінің функциялары бұзылмаған, аяқ-қолы бүтін, дені сау адамдардың қолынан келмейтінді жасап жүрген ерекше қажеттілігі бар жандар мұны сәт сайын дәлелдеп келеді. Бірі суда жүзуде қарсыластарына дес бермесе, тағы бірі сурет салып, сызу сызады.
Денсаулығым жоқ демей, кейбірі кәсіппен айналысса, тағы бірі такси жүргізушісі болып, айналасын еңбекке деген қабілетімен тәнті етуде. Олар өте бейнетқор, еңбексүйгіш, кейбірі тіпті ұлы өнер иесі. Қазір осы ерекше қажеттілігі бар адамдар арасынан шыққан кәсіпкерлер өзгеге айтарлықтай үлгі болып отыр. Біз сөз еткелі отырған кейіпкеріміз де ою ойып, тігіс тігу арқылы ісмер атанған һәм кәсіпкерлікпен айналысып отырған Тараз қаласының тұрғыны – Анар Бексұлтанова. Туабітті қос қолы жоқ Анар Сағынтайқызының еңбекқорлығы туралы БАҚ беттерінде бұған дейін де аз айтылып, кем жазылған жоқ. Десе де әлемді әбігерге салған пандемияға дейін кәсібі дүрілдеп тұрған кейіпкеріміздің бүгінгі тіршілігі не болып жатыр? Соған назар аударған едік.
Жалпы ол кәсібін көрпе көктеп, тігіс тігу арқылы өз қолынан шыққан бұйымдарды сатудан бастаған. Талас ауданы, Үшарал ауылында дүниеге келген ол ұлттық нақышымызға сай қазақтың құрақ құрап, тігін тігу секілді қол өнерін апа-әжесінің күнделікті тіршілігіне мән берудің арқасында үйренген. Ешкім үйретпесе де зеректігінің арқасында мақсатына қол жеткізген. Көпбалалы отбасында дүниеге келген ісмер екі қыз тәрбиелеп отыр. Жоғары оқу орнынан мұғалімдік мамандықты игергенімен, оның еңбек жолы облыстық мұражай қызметкері болудан басталыпты. Анарды алға жетелеген, биіктен көрінуіне еңбексүйгіштігі арқау болған.
– Бірінші топтағы мүгедектерді кез келген мекеме жұмысқа ала бермейді. Десе де мен ұстаздық қызметтен бастап қолымнан келеді-ау деген жұмыстың барлығын істеуге ұмтылдым. Бағыма орай облыстық мұражайға жұмысқа тұрып кеттім. Сол жерде жүріп сурет салумен айналыстым. Бойымдағы қарым-қабілетімнің арқасында қолымнан елге ұнайтын дүниелер шықты. Осы өнерді өлтірмес үшін аталған мұражайда қосымша табыс табуға бекіндім. Бұл шамамен 2013 жылдар еді. Қай кезде де ойға алған істің бірден дөңгеленіп сала беруі неғайбыл. Мен де таныстардан қарызға қаражат алу арқылы бас-аяғы 300-400 мыңдай ақша жинап, өз ісімді бастадым. Бизнесті құру, тауарды сату менің мойнымда болғанымен, тігіншілікке қатысты барлық іске әпкелерім көмектесіп, кәсібіміздің дөңгеленуіне бірге атсалыстық. Ұлттық нақышқа сай өндірген тауарымызды алдымен жақындарымызға өткізуден бастадық. Кейін клиенттер қатары біртіндеп көбейіп, олар тапсырыспен көрпе-жастық тіктіретін болды. Негізінен біз қыз жасауын тігумен айналысамыз. Тігін цехы ретінде әлі күнге жеке үйімді пайдаланып келемін. Пандемияға дейін тауарларымызды «Ақ бұлақ» ықшамауданы маңында орналасқан «Имити» сауда дүкенінде «Әдемі қыз жасауы» деген атаумен бутиг ашып, сол жерде саудаладық. Коронавирус инфекциясының біздің елде де кең таралуы салдарынан ол жердегі сауда орнымыз жабылып қалды. Қазір жұмысымыз қайтадан жанданып келеді. Бірақ тауарды үйден өткерудеміз. Қазіргі таңда есік алдынан тігін цехы үшін арнайы нысан құрылысын жүргізіп жатырмыз.
Осыдан біршама жыл бұрын кәсіпкерлерге арналған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында қайтарымсыз қаржыға ие болғанмын. Ол қаражатқа іс тігуге қажетті құрал-жабдықтар сатып алдым. Өзімнен басқа 4 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Алла берген екі қызым бар. Шамам жеткенше оларды да іс тігуге баулып жатырмын, – дейді Анар Бексұлтанова.
Ол қыз жасауына қажетті мата, мақта, жіп секілді материалдарды Қырғыз Республикасының астанасы Бішкектен және өзіміздің Түркістан облысының Шымкент қаласынан алдырады екен. Ісмерліктен бөлек, сурет салумен айналысатын Анар Бексұлтанованың қылқаламынан шыққан туындылар әртүрлі деңгейдегі көрмелерде ел назарына ұсынылған көрінеді. Суретшілік өнеріне де ел өз бағасын берген.
– Қазір тек қана өңірдің емес, республикалық деңгейде әйелдерге мотивация берумен айналысамын. Оларға өзім білген істің жай-жапсарын, үйде отырып табыс табудың қыр-сырын үйретемін. Биыл Нұр-Сұлтан қаласында, наурызда Жаңаөзенде, мамыр айында Петропавлда елге белгілі этно-дизайнер Ырза Тұрсынзадамен бірігіп, республикалық «Көрпе» фестивалін ұйымдастырдық. Мұндағы басты мақсатымыз – ұлттық құндылықты дамыту, әйелдер қауымының тәуір тұрмыс кешуіне жол ашу. Осының арқасында республикада мені жұртшылық белгілі мотиватор ретінде таныды.
Бұдан бөлек ерекше қажеттілігі бар жандар менен бар білгенімді үйретуді өтініп жататын. Сол себепті мүгедектерге арналған «Шебер шаңырақ» атты орталық аштық. Осы орталық арқылы ерекше қабілеттілігі бар жандарға білгенімізді үйретеміз. Жақында «Шебер шаңырақтың» ресми ашылу салтанаты өтеді, – деді А.Бексұлтанова.
Анар Сағынтайқызының айтуынша, кез келген адам шын ниеттенсе істің көзі табылады. Расында да бүгінде тепсе темір үзетін» жігіттердің өзі жұмыс жоқ деп қол қусырудан арланбайтын болды. Әсіресе еңбекке қабілетті бола тұра жағдайы жоқтығын алға тартып, өзгеден ырзық дәм ететіндер үшін Анар Сағынтайқызы секілді алдына биік мақсат қоя білген жандар қай кезде де үлгі.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ
.
Келесі мақала