Деструктивті діни ағымдар қатары көбеюде
Діни экстремизм мен терроризм көп жылдан бері қоғам арасында туындап келе жатқан өзекті мәселе. Дегенмен кейінгі жылдары оның қарқын алуына деструктивті діни ағым жақтастарының көбеюі себеп болып отыр. Оның ішінде нәзікжандылар арасында деструктивті ағым қатарына өтіп кету фактісі көбейіп келеді.
Деструктивті діни ағым белсенділері өз ұстанушыларына жеке және топтық сабақтар мен тренингтерді үнемі өткізіп отырады. Ағымға ерген адамдардың барлық ресурстарын еркін пайдалану үшін деструктивті діни ағымдар сананы манипуляциялау және нейролингвистикалық бағдарламалау әдістерін белсенді қолданып отырады. Егер адам ұзақ уақыт бойы деструктивті ағымның өкілі болса ол өзінің даралығын жоғалтады және өзі үшін жасаған жасанды әлемінде өмір сүреді.
Бүгінгі таңда жаңа діни қозғалыстар, әдетте әртүрлі қоғамдық бірлестіктердің, қауымдастықтардың, қайырымдылық қорларының, ағылшын тілі курстарының психологиялық тренингтері мен сауықтыру орталықтарының атын жамылып әрекет жасайды. Олар өздерінің іс-әрекетін бүркемелеп, алдына қойған шынайы мақсаттарын жасырады. Діни жаңа ұйымдар тоталитарлық, деструктивті культ немесе секта бола отырып жеке тұлғаға және қоғамға, ұлттық қауіпсіздікке, оның әртүрлі салаларына қауіп-қатер төндіреді.
Деструктивті діни ағым ықпалына түскен адам кінәлі, әлденеге мазасызданған, топқа тәуелді, сәби тәрізді қауқарсыз кейіпте болады. Сонымен бірге дербестігін, өз бетінше шешім қабылдау және сыни пікірлер айтып, өз көзқарасын білдіру қабілетін мүлдем жоғалтады. Уақыт өткен сайын мұндай тәуелділіктегі адамның бойында шизофрения, өзіне-өзі қол жұмсап, зорлық жасауға бейімділік сияқты қасиеттері пайда болады. Мұндай психикалық әсер ету немесе адамды мәңгүртке айналдыру, бағдарлау, адамдардың миын айналдыру, қоғамдық сананы басқарып, жетекшілік ету жаңа діни ұйымды басқарудың әдісі мен ұйымға билікті жүзеге асырудың тәсілі саналады. Түңілгендік, шарасыздық, мазасыздықты басынан кешірген кез келген адам деструктивті культтің потенциалды құрбаны болуы мүмкін.
Мұндай келеңсіздіктер жас ұрпақ бойынан қарама-қайшылықты туындатуда. Сондықтан болашақ жас ұрпағымызды имандылыққа тәрбиелеу үшін олардың ар-ұятын, намысын оятып, мейірімділік, қайырымдылық, кішіпейілдік, қамқорлық көрсету, адалдық, ізеттілік сияқты қасиеттерді бойына сіңіру қажет. Ұл-қыздарымыздың санасына имани әдептілік қағидалары мен қоғам бірлігін, тәрбиелік жүйелерді қалыптастыруымыз керек. Берерi де, сұрауы да, жемiсi де мол тәрбие саласының ең өзектiсi де сол. Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған.
Қазіргі таңда осы талап-тілегін қанағаттандыра алмай, жат ағымдардың жетегінде кету сияқты көріністер орын алуда.
Осы орайда, деструктивті діни ағымдарға тойтарыс беру үшін профилактикалық, яғни ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру тиімді болып келеді. Қорытындылай келе, қоғам, отбасы болып бірлесіп, өскелең жастардың бойына ұлттық құндылықтар мен діни-рухани, отансүйгіштік сезімдерін қалыптастырудың маңызы зор екенін ұғынуымыз тиіс.
Жанна ҚАЛДЫБЕКОВА,
облыстық дін проблемаларын зерттеу орталығының психологі
Келесі мақала