Жүйесіз берілетін ілім жақсылыққа апармайды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 14 қыркүйекте өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіндегі: «Жас ұрпаққа жүйесіз берілетін ілім мен білім адамзатты жалпы даму мен жақсылыққа апармайды. Дін барлық кезеңде өзінің негізгі тәрбие беру қызметін атқаруы тиіс. Құран, Інжіл, Таурат және басқа да қасиетті кітаптар гуманизм, жанашырлық және мейірімділік идеяларына толы» деп, сөйлеген астарлы да мағыналы сөзінің құны ерекше. Осыған орай, қазіргі қоғамдағы діни үдерістердің даму барысы ел арасында сыни пікірлерге ұласып жатқандығына орай Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында «Қазіргі қоғамдық қатынастағы діннің рөлі» атты «дөңгелек үстел» өтті. Басқосуға дінтанушылар, ЖОО студенттері мен оқушылар қатысты.
Жиынды Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының бөлім меңгерушісі Асылжан Шайділдаев жүргізіп, аталмыш шараның маңыздылығына тоқталды.
– Дін – негізі адамзаттың рухани тірегі. Діні, тілі жоқ халықтың – болашағы жоқ. Діннің қалай насихатталуының әсері қоғам дамуына тікелей қатынасы бар. Қазіргі заманда адам мен қоғамның арасындағы қарым-қатынаста діннің рөлі ерекше деп айтуға болады. Себебі қазіргі таңда жастардың дінге деген қызығушылығы мен көзқарастары жыл сайын артып келеді. Бұл қоғамдағы дінді ұстанушы тұрғындардың басым бөлігін жастар құрайтындығын көрсетеді. Сол үшін де болашақта өсіп келе жатқан жастарымызға үлгі бола алатындай өзімізді көрсете білуіміз керек. Дін туралы дұрыс ұғым беруіміз керек. Өйткені дін санаға әсер ететін күш. Ал сана жастардың өмірлік ұстанымдарын қалыптастырып, ынта мен күш-жігерлерін арттырушы. Саналық негіз қалай қалыптасса, үйдің іргетасы секілді жастарда солай қарай бой түземек.
Тәрбиедегі қамқорлық маңызды құбылыс. Сонымен қатар көппен бірге адаспай, жалғыз жүріп жол тауып, сол дұрыс жол арқылы көпті тәрбиелеудің маңыздылығының жоғары екенін түсіндіре білу керек. Заман талабына сай мемлекет тарапынан дәстүрлі рухани құндылықтарды насихаттау жұмыстары үздіксіз жалғасып келеді. Ал тәрбиелік мәселелерде мемлекет тарапынан өнер, қоғамдық салалы мекемелер арқылы жаңаша жолдарға ден қойып, қоғамдық институттар арқылы жастарды тәрбиелеу жолдары да іске асырылып жатыр. Ендеше, мемлекеттің жастарды әрдайым әлеуметтік әрі рухани қолдау жауапкершілігін сеніммен жүзеге асырып келе жатқанына сеніміміз мол болуы тиіс. Əрбір қазаққа ойланатын уақыт жеткен сияқты. Мыңжылдық тарихы бар ата-бабаларымыздың жолымен жүріп, салт-дəстүрімізді сыйлап, қолға алып, болашақ жастарға насихаттауға бейімдеу керек. Батысқа қарап еліктемеу, өз дінімізді қадірлеп, қастерлеу парызымыз. Дін де адамның барлық іс-əрекеттерінің сапалылығына ықпал етіп, адамның «адам» деген атқа лайықты болуын қадағалайды. Енді ғана өркендеп келе жатқан дінімізді орнықтыра түссек, одан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Өйткені Ислам діні тарихи дамуымыздың негізі. Дінімізді бекем ұстап, дұрыс түсіну, жастарды ұлттық рухпен тəрбиелеу бүгінгі жағдайдың ісі. Ислам кез келген уақытқа, жағдайға, толыққанды тіршілікке арналған дін. Қазіргі заманғы адам және қоғам өміріндегі діннің маңыздылығын, ерекшелігін дұрыс түсіне білетін, ұрпақтан-ұрпаққа дұрыс жеткізіп, тәлім-тәрбие беретін, өсіп келе жатқан жастарымызды да дұрыс жолға салатын да өзіміз екенін ұмытпайық, –
деді.
Мұнан соң көтеріліп отырған тақырыпқа байланысты бейнесюжет көрсетілді.
Жиында сөз алған дінтанушы Бақтияр Алпысбаев діннің нақты қоғам өміріндегі маңызы көп жағдайда тарихи жағдайға байланысты екенін атап өтті. Тіпті бір мемлекеттің шеңберінде діни дүниетанымға деген көзқарас түбегейлі өзгеруі мүмкін. Кез келген діннің негізгі қызметі – идеологиялық. Сонымен қатар жердегі тіршілік етудің мағынасын қайдан іздеу керектігін ұсыну екенін тілге тиек етті.
– Діннің нақты қоғам өміріндегі маңызы көп жағдайда тарихи жағдайға байланысты. Тіпті бір мемлекеттің шеңберінде діни дүниетанымға деген көзқарас түбегейлі өзгеруі мүмкін. Дін – адам тарихының үлкен тағылым-тәрбиесінің бірі және сарқылмас даналық көзі. Шынында, әрбір дүниеге келген адамның бойында дінге, рухани тазалыққа, тылсым күшке сену сезімі болады. Бойдағы бұл сезім адамды ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір тылсым күшке сенуге жетелейді. Адамның ет пен сүйектен жаратылғаны белгілі болса, тән мен жан да сол адамдық ұғымның қос қанатын құрайды. Тән азығын ішіп-жеумен және басқа да нәпсі қанағаттандыратын дүниелермен байланыстыратын болсақ, жан азығы ең алдымен, Ұлы Жаратушыға құлшылық ету болады. Дін мәселелері қандай заманда болмасын қоғам мен мемлекет үшін аса маңызды, күрделі мәселелердің бірі болып келген. Кеңестік идеология қирағаннан кейін діннің қоғамдағы орны және қызметі түбегейлі өзгерістерге ұшырады. Қазіргі кезеңде дін қоғамның әлеуметтік және рухани өмірінің маңызды құрамы. Дін арқылы адамдар өздігін, өздерінің дәстүрлі құндылықтарын қайта жанғыртуға талпыныс жасауда. Қоғам өмірінде діннің алар орны ерекше. Өйткені, діннің әдептілік қағидаларына, қоғам бірлігіне, әділеттілікке және тәрбиелікке шақырудағы рөлі өте зор. Адамзат дінге сенген соң, өзгелерге жәбір көрсетуден, тәртіпсіздік жасаудан, ішімдік, есірткі секілді жаман әдеттерден бойын алыс ұстайды. Дінсіз қоғамда тәртіпсіздік пен қылмыс етек жаятындығы белгілі. Дін – қоғамның ең қажетті және негізгі тармағы. Өзіміз өмір сүріп отырған ортадан дінді бөліп қарау әсте мүмкін емес. Өйткені дінсіз, бір Алланың бар екеніне сенімсіз қоғамда адам баласының бойынан қорқыныш сезімі жоғалады. Ал жүрегінде қорқынышы болмаған адамдар – ең қорқынышты орта, қорқынышты қоғам. Асылы текті бабамыздың «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деуі де сондықтан. Осы мәтелдің астарында үлкен мән жатқанын ұғынуымыз керек. Кез келген тұлға қаласа да, қаламаса да дін қоғам өмірінен өз орнын алатын болады. Өйткені адамдарда жүрек пен сана бар. Пенделік тірліктен қажып, мұңға бататын жүрек, өзінің дауасын іздесе, өмірдің мәнін іздеуде оның санасында сұрақтар мен ізденістер маза бермейді. Сол себепті де көптеген адамдар жүрекке дауа, санаға өріс беретін діннің мәңгілік құндылықтарына жүгінуге мәжбүр болады. Міне, осындай жандар адам өміріндегі, қоғам өміріндегі діннің орнын түсініп, оның мәні мен маңызын ашуға ұмтылады. Адамды осындай биік құлшынысқа, рухани жетілуге жетелейтін қасиетті діннің орнын түсініп, оның мәні мен маңызын құлшынысқа, рухани жетілуге жетелейтін қасиетті діннің басты бір маңызы саналады.
Дін – Алла Тағаланың пендесіне берген ең үлкен нығметтерінің бірі. Дінді тану – бір Жаратушының бар екенін тану. Таныған Жаратушымыз кім десек, ол – күллі ғаламның, барлық жаратылыстың иесі болған Алла Тағала. Мейірімі шексіз Жаратқан Иеміз адамзат баласын махаббатпен жаратты, басқа жан иелерінен артық етіп ақыл берді. Дін – адамзатпен бірге жасасып келе жатқан түрлі тарихи кезеңдер мен қоғамда өзін әртүрлі пішінде көрсетті. Адамзаттың рухани сұраныстарының түрлілігіне байланысты діндер де әртүрлі аталды. Дүниедегі халықтар, мемлекеттер өз тарихын зерттегенде діни, рухани үдерістерді негізге алады. Адамзат баласын өзге жаратылыстан ажыратып, өзінің осы жаратылған барша жаратылыстың қожасы екенін, бірақ сол үшін осы әлемнің иесі алдында жауапты екенін сезіндіретін нәрсе – дін. Бұл кез келген халықтың тарихи тағдырында діннің маңызды рөл атқаратындығын, оның рухани, мәдени өркендеуінің көкжиектерін айқындайтын негізгі фактор екендігін көрсетеді, – деді Бақтияр Алпысбаев.
Айжан ӨЗБЕКОВА
aizhan-uzbekova@mail.ru
Келесі мақала