«КҮЛКІ ТЕРАПИЯСЫ» ЖАЙЛЫ ЕСТУІҢІЗ БАР МА?
Күлкінің де «жұқпалы» қасиеті бар. Психолог мамандар бір адам есінесе, айналасындағылар да бірге есінейтіні секілді, күлкінің де дәл сондай қасиеті барын айтады. Соңғы рет қашан ішегіңіз түйіліп, көзіңізден жас аққанша күлдіңіз? Қарқылдап күлетін кездеріңіз де бар шығар? «Күлкі терапиясының» пайдасы мен маңызды тұстарына тоқталып өтсек.
«Күлкі терапиясын» біздің өмірімізге әкелген америкалық журналист Норман Казинс екенін білесіз бе? Саяси тақырыпта қалам тербейтін танымал журналист бір күннің ішінде денесі мен буындары сыр беріп, өте сирек кездесетін сал ауруына ұшырайды. Ол 500 адамның біреуі ғана жазылатын, емі жоқ ауру. Бірақ қалайда жазылып шығу керек. Ақыры, ауруханада жатып ол комедия көре бастайды. Алғашқы кездері аздап жымиғанның өзінде ол ауру сезімінің сәл де болса басылғанын байқайды. Содан кейін күнде комедия көріп, ол өзінің ауруын жеңіп шығады. «Өлімді күлкімен жеңген адам» деген ат берілген журналист осыдан кейін күлкінің денсаулыққа пайдасын ғылыми түрде дәлелдеп, «күлкі терапиясын» қолданысқа енгізеді.
Шетелдіктер ауыр сырқатпен ауруханада жатқан науқастарға, әсіресе, қатерлі ісікпен ауыратын балаларға клоунотерапия, «күлкі терапиясын» өткізіп тұрады. Сол себептен де мамандар күлкіні «адам ағзасында тұрған тегін дәрумен» деп бекер айтпаса керек. Енді олар бұл терапияны ұзақ уақыт темір тордың артында отырып, бостандыққа шығатын жандарға да қолданып жатқан көрінеді. Себебі ұзақ уақыт қамауда болған адамның ішкі жан дүниесі мен қоғамға деген көзқарасын оңды өзгертуге дәл осы «күлкі терапиясының» шамасы жетеді екен.
Жалпы күлкі шақыратын жаттығулар өте көп. Бір қызығы, біздің ағзамыз шын күліп тұрмыз ба, өтірік күліп тұрмыз ба, ажырата алмайды екен. «Күлкі терапиясына» жиналғанда, бейтаныс адамдар алғашында қатты күлуге бір-бірінен қысылатын көрінеді.
– «Күлкі терапиясын» кез келген ортада бой сергіту мақсатында жүргізуге болады. Басында арнайы күлкі шақыратын жаттығуларды орындап, бәріміз хормен күлеміз. Алғашында адамнан жалған күлкі шығады, яғни айқайлап өтірік күледі. Кейін адамдар бір-біріне қарап шын күле бастайды. Қатты күлген кезде адамның іші ауырып, беті қызарады, мұның бәрі ішкі ағзада қан айналымын жылдамдатады. Бүгінгі адамдар өте аз қимылдаймыз, бір орында ұзақ отырамыз. Содан ағзада, тамырларда қан баяу жүреді, соның әсерінен миға оттегі аз барады, өкпеміздің сыйымдылығы да 100 пайыз жұмыс істемейді. Жиі күлу арқылы біз миымыз бен жүрегімізге түсетін қысымды азайтып, жұмысын жеңілдетеміз, – дейді психолог Сезім Серікболсынқызы.
Қазір Үндістанда «Күлкі йогасы» кеңінен пайдаланылады. Таза ауаға шығып, күлкі шақыратын жаттығулар жасау арқылы үндістер денсаулықтарын нығайтып жүр.
– Егер «күлкі терапиясына» күнделікті таңертең 10-15 минут уақыт бөлер болса, оның нәтижесі ақылы жасалатын массаждардан да кем түспейді. Себебі біз күлген кезде беттегі қан айналу процесі жақсарып, ол біздің жас көрінуімізге ықпал етеді. Төмендегі жаттығуларды жасауды әдетке айналдырсаңыз, өзіңізге ғана емес, өзгелерге де позитив сыйлайсыз: Бір бананды көз алдымызға елестетеміз. Оны кішкентай банан екен деп ойлаймыз да, сыртқы қабығын ашамыз. «О-о-о-о, О-о-о-о, О-о! Аааххаха» деп дауыстап күліп, бананды ойша жейміз. Бақыт кремін бетіме жағып жатырмын деп ойлап, «О-о-о, О-о-о» деп ашып, оны бетімізге жаққан сәтте қарқылдап күлеміз. Осы сәтте сіздің күлкіңіз көрші отырған адамның күлкісін оятады. Бір-бірімізге күлеміз деп бәріміздің шын күлкіміз оянады. Бұл сондай-ақ психологиялық жағынан да адамның ішкі комплексін, ұялшақтығын жеңіп, ішінде жатқан көп эмоцияның сыртқа шығуына үлкен көмегін тигізеді. Үйде жалғыз қалғанда айнаға қарап күлсеңіз болады. «Хии хии хии» дегенде біздің мойнымыздағы бұлшық еттер жұмыс жасайды. «Хаа хаа хаа» деп күлсеңіз, өкпеңіз жұмыс істейді. «Хоо хоо хоо» деп күлгенде, сіздің ішіңіздегі бұлшық еттер қимылдайды. Осы жаттығуларды қатты дауыспен күнделікті жаттығу ретінде жасап, әдетке айналдырсаңыз, сергек, жақсы көңіл күйде жүресіз, – дейді журналист Гүлжазира Берікқызы.
Күнделікті өмірде ересектерге қарағанда балалар көбірек күледі. Үлкендер кем дегенде күніне 10-15 рет күлсе, балалар 300 рет күлуі мүмкін. Өйткені балалар «себепсіз күлу ұят» деген сияқты тыйым салынатын сезімдермен өзін қорғамайды. Оларға саусағыңызды көрсетсеңіз де күле салуы жеңіл. Ал ересек адамдар жасы ұлғайған сайын қоғамда, ортада өзін белгілі бір ережеге сай ұстаймын деп, күлуді сиретеді екен.
Аяулым Жаманқара
Келесі мақала