Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

АБАЙЛАҢЫЗ, «ТЕГІН МАССАЖ»!

АБАЙЛАҢЫЗ, «ТЕГІН МАССАЖ»!
ашық дереккөз
АБАЙЛАҢЫЗ, «ТЕГІН МАССАЖ»!
Жуырда құрбыммен Тараз қаласындағы сауда орталықтарының бірінде жолығып қалдым. Екеуміз ұзақ уақыт кездеспегендіктен біршама уақыт әңгіме-дүкен құрып отырдық. Әлден уақытта құрбымның телефонына әлдекім тоқтамай хабарласа берді. Тұтқаны алып еді, аты-жөнін атап, қаламызда тегін массаждың жүріп жатқанын айтты. Екеуміз де түсінбей қалдық. «Бұ заманда тегін дүние бола ма?» деп күмәнданып, телефон қоңырауын үзіп тастадық. Жақында облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне арнайы барғанымда, осы болған оқиғаны баяндап бердім. Басқарма мамандары да мұндай қоңыраулардың соңғы жылдары көбейгенін айтты. Департамент маманы Татьяна Федосованың мәліметінше, өткен жылдың ортасынан бастап Тараз қаласының тұрғындарына жаңа жапондық құрал-жабдықтармен тегін массаж алуға хабарламалар келе бастаған. Тегін дүниені көргенде, барлығымыздың байқап көргіміз келетіні жасырын емес. Хабарлама алған адамдар да бұл берілген мүмкіндікті пайдаланып қалғысы келеді де, келіседі екен. Сөйтіп тегін массажды алғаннан кейін қарызға қалай белшесінен батып кеткенін байқамай қалады екен. – Осы жылдың басынан бастап ай сайын 3-4 адам осы мәселеге қатысты хабарласады. Барлықтарының айтары бір. Массаж аламын деп барған адам «жеңілдікпен» сатылған тауар және 700-800 мың теңгелік несиеге ие болады. Тек үйіне барған соң ғана тұтынушы өзінің массаж жасайтын орындық емес, тек массаж жамылғысын сатып алғанын біледі. Одан бөлек, несиенің де пайызы тым жоғары екенін, тауар үшін де миллионнан жоғары соманы төлеу керек екендігін анықтайды. Сонымен қатар ғаламтордан бұл тауардың бағасы анағұрлым төмен екенін, «жеңілдікпен» алынғанының өзі бағасына татымайтынын білгенде, тіпті не істеу керек екендігін білмей, дал болады. Мұндай жағдай сіздің басыңыздан өтіп жатса, онда біздің департаментке келген жөн, – дейді облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің бас маманы. Дегенмен мұндай жағдайға тап болмас үшін не істеу керек? Департаменттің бас маманы кеңесін берді. – Бірінші кезекте, сізді массаж жасайтын орындықтың танысты­рылымына жеке куәлігіңізбен келуін, сонымен қатар таныстырылым уақытын­да телефоныңызды сөндіруді сұраса, бұл жағдай сізге күмән тудыруы керек. Телефонды сөндіру арқылы сіз жақын адамдарыңызбен сатып алу жайында ақылдасудан қаласыз. Егер де сіздің телефоныңызға хабарласып, осындай сынды ұсыныс тастаса, барынша ойланып жауап беруге тырысыңыз. Асығыс төлем және күдікті несиелік келісімшарт жасамаңыз. Егер де сіз алғышарттарды орындамай, тауарды алған болсаңыз, онда сіз бұл тарапта тұтынушы екеніңізді жадыңыздан шығармаңыз! Заңға сәйкес, сіз тауарды қайтаруға және келісімшартты бұзуға құқығыңыз бар, – деді Татьяна Николаевна. Облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің мәліметінше, осы мәселе бойынша департаментке жүгінген тұтынушылардың құқығы қолданыстағы заңнама нормалары арқылы қорғалған. Нәтижесінде барлық тұтынушыларға сотқа дейінгі тәртіппен ақша қайтарылған. – ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңы тұтынушылық дауларды шешудің талап қою тәртібін көздейтіндіктен, департамент мамандары шағымды қалай дұрыс жазу керектігі туралы егжей-тегжейлі айтып береді. Бұл барша тұтынушыға пайдалы болуы мүмкін және аса қиын да емес. Өйткені біз барлығымыз тұтынушылармыз және өз құқықтарымызды біліп, оларды қорғай білуіміз керек. Шағым дегеніміз – міндеттемені орындаудағы бұзушылықтарды жоюға арналған жазбаша талап. Шағым 2 данада жазылады. Ол үшін сіз бірнеше жолды білуіңіз керек. Біріншіден, тауар иесінің немесе қызмет көрсететін ұйымның нақты атауын білуіңіз қажет. Өйткені сатушы немесе қызметті орындаушы тек жалдамалы қызметкер бола алады. Сіз бұл деректерді төлем құжатынан (чек, түбіртек, шот-фактура және басқа құжаттар) ала аласыз. Екіншіден, нақты мекенжайы, әдетте сату, тапсырыс беру немесе қызмет көрсету орны керек. Үшіншіден, шағым мәтінінде жағдайды егжей-тегжейлі сипаттау, құқықтардың нақты бұзылуына назар аудару, заңның тиісті нормаларына сілтеме жасау және бұзушыға қойылатын талаптарды нақты тұжырымдау қажет. Төртіншіден, шағым жасағаннан кейін оның бір данасын тауардың меншік иесіне немесе көрсетілетін қызметті берушіге тапсыру қажет. Ал екінші шағымды қабылдайтын адам өз қолын қойып, шағымның кіріс нөмірі мен қабылданған күнін, лауазымы, тегі, аты-жөні туралы толық мәліметтерді көрсетуі керек. Бесіншіден, егер меншік иесі немесе оның өкілі шағымды қабылдаудан бас тартса, онда шағымды кез келген пошта бөлімшесі арқылы хабарлама жіберілген хатпен жіберу керек, шағымды жіберу туралы пошта бөлімшесінің түбіртегін сақтаңыз. Егер 10 күнтізбелік күн ішінде сіз шағымға жауап алмасаңыз немесе жауап сізді қанағаттандырмаса, сіз тұтынушылардың құқықтарын қор­ғау саласындағы уәкілетті орган­ға жазбаша өтінішпен жүгінуге құқы­лысыз, – деген Т.Федосова тұты­ну­шылардың департаменттен консуль­тация алуға болатынын жеткізді. Ол үшін тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша «жедел желіге», яғни 8(7262) 54 21 69 телефон нөміріне хабарласуға болады. ТҮЙІН: «Тегін дүниенің де сұрауы бар» демекші, әр хабарлама мен қоңырауға ойланып жауап беру керек. Егер де мұндай жағдайға тап болсаңыз, облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің мамандарына көмекке жүгініңіз. Аяулым Жаманқара  
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар