Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«FACT CHECKING» ТЕТІГІ БІЗГЕ АУАДАЙ ҚАЖЕТ

«FACT CHECKING»  ТЕТІГІ БІЗГЕ  АУАДАЙ ҚАЖЕТ
ашық дереккөз
«FACT CHECKING» ТЕТІГІ БІЗГЕ АУАДАЙ ҚАЖЕТ
Осыдан біраз уақыт күн бұрын ғана «Facebook» әлеуметтік желісінде бір видеоның әсерінен дүрбелең туды. Бейнежазбада адам өлімінің орын алғаны көрініп тұр. Бірақ ақпаратты таратушы адам мұнда Қырғызстанда жұмыс істейтін қытайлықтар қырғыздарды өлтіріп, етін жеген деген ақпарат таратқан. Осы арада халық пікірі екіге жарылды. Бірі: «Бұлар жауыздар, біздің елде де қаншама қытай жұмыс істейді. Қаншама қазақтың із-түссіз жоғалуының артында осылар тұруы мүмкін. Көздерін құрту керек» деді. Екіншісі: «Қырғыздар қытайларға жауап қайтаруы тиіс. Қарап қалмасын, қандастар» дегенге саятын пікір жазды. Осылай кете береді. Бірақ ең соңында мұның Қырғызстанның шахтасындағы апаттық жағдайдан болған адам өлімі екені анықталды. Міне бүгінде осы сынды ел ішінде қандай да бір қайшылық тудыратын не соңы үлкен дүрбелеңге алып келетін рас-өтірігі ай­қын­далмаған ақпарат көп. Бұл ‒ жалпыға ортақ мәселе. Сондықтан бүгінде халық арасындағы негізсіз ақпараттың тарауынан туындауы мүмкін қателіктің алдын алу үшін «fact checking» қабілетін меңгеру қанша­лықты маңызды екеніне зер салып көрдік. Әлеу­­меттік желі бетіндегі, ғаламтордағы кейбір пікір­­­лерді сараптап көрген едік. – Мен ең әуелі оның оқыр­манға әсерін, одан не алатынын ойлаймын. Ақпараттың ұлттың, мем­лекеттің мүддесіне сәйкес келуіне баса назар аудару қажет. Кейбір әріптесіміз кейде байқамай, кейде әдейі өзге бір мемлекеттің саясатының сойылын соғып шыға келеді. Бұл әсіресе орыс­тілді басылымдарға тән көрініс. Кейде осындай ақпа­раттардың соңында ке­тіп қалатынымыз бар. Осы­дан сақ болғанымыз жөн. Кезінде мынадай бір жайт болған. Бір кісі «Арал қоғамдық қорына» 100 мың рубль аударғанын айтып, дүниеге жар салған. Сол уақыттағы басы­лым­дар бұл әңгімені жа­рыса жазады. Мұны тек «Ленин жолы» газеті ғана баспады. Сол кездегі газет редакторы Нұрділдә Уәлиев анықталмаған ақпаратты жариялаудан бас тартып, зерттеп келгенде әлгі ақпа­рат жалған болып шыққан. Міне солай. Жалпы жалған ақпаратқа тосқауыл қою үшін «fact checking» деген тетік бар. Баспа өнімдері мен басы­лым­дардағы мәліметтің анық-қанығын тексеретін бұл сала өкілдері қазір үлкен сұранысқа ие. Мысалы, Ресейде бұл сала жақсы дамыған. Сондағы беделді баспалар мен басылымдар мәтіндерін тексертіп алатын белгілі фактчекерлердің бірі Сырлыбай Айбосынов ‒ біздің отандасымыз. Фактчекинг соңғы жыл­дары Қазақстанға да жетті. Менің ойымша, бізге осы саланы дамыту керек. Әр саланың белді мамандарын осыған тартып, ақыл-кеңестеріне құлақ түргеніміз жөн. Кейде рас-өтірігі ай­қын­далмаған ақпа­рат­қа бақылаудың әлсіздігін айта­мыз. Бұл жерде көп мәселе әлеуметтік желілер мен сайттарға байланысты болып отыр. Жылт еткен дүниені жылдам жариялаймын деп жанық­қандар ақпа­ратты тексер­местен жұртқа ұсына қояды. Оны тағы бір сайт іліп алып кетеді. Осылайша жалған мәлімет жарты сағатта жер әлемді шарлап шығады. Қазіргі бас ауыртар мәселенің бірі осы болып отыр. Мұның алдын қалай аламыз де­генді ойлап отырғандар аз емес. Бірақ жалғандықтың жалауын көтергендер әлі де жеңілмей келе жатыр, – дейді белгілі журналист Мұрат Жетпісбаев. Ал «Naqty aqparat» порталының редакторы Абай Тағыберген дәл қазір кімнің қолында смартфон болса, сол ақпарат тарату жағынан қауқарлы екенін айтуда. – Дәл қазіргі ақпараттық кеңістікке қарайтын болсақ, бізге фактчекинг керек. Себебі қолына смартфон ұс­таған әрбір әлеуметтік желіні қолданушының ақпа­ратты қолдан ұйымдас­тырып, қоғамдық пікір қа­лыптастыруға қауқары бар. Бірақ нақ ақпаратқа жетпей, жарты жолдан есті­ген «ақпараттар» өкінішке қарай оқырман үшін өтімді болып отыр. Себебі жеңіл әрі алыпқашпа мәтіндегі месседждер тұтас аудиторияны жаулап ала­тынын практика дәлел­деп отыр. Дегенмен оның бәрі шындыққа негізделген деп айта алмаймыз. Ақпаратқа деген жауапкершіліктің жоқ­тығынан жалған ақпарат таратқан тұрғындар бізде де бар. Заң аясында жауап­кершілікке тартылып та жатыр. Бұл өзгелердің аяғын тартып жүруіне жол салса дейсің, – дейді А.Тағыберген. Әрине, көрші Украина секілді «ақпараттық со­ғыс­тың» шырмауынан фактчекинг арқылы жол табу бізге әлі ерте. Себебі ақпараттың анық-қанығын, рас-өтірігін жіліктеп бере­тін фактчекинг бағыты Қа­зақстанда дамыған деп айта алмаймыз. Ал аймақтарда фактчекингпен айналысатын орта жоқ. Сондықтан да бізде фактчекинг аса қажет деп баға­лана бермейді. Бірақ түп­тің түбінде журналисті құт­қаратын осы фактчекинг бағыты. Тосқауылды қою ең әуелі заңмен реттеледі. Мұнан кейін әрбір оқырман, әрбір азамат медиа кеңістікте орны қалыптасқан БАҚ-тың мәліметіне, сарыжағал емес, дерекке негізделген ақпарат тарататын ресурсқа сенуі керек. Әрине, бұл тағы да оқырманның талғамына келіп тіреледі. Екінші тұсы – сауатты контентті қалып­тастыруды күшейту керек. Қазіргі ең тиімді алгоритм осы. Бұл тұрғыда белгілі блогер, қоғам белсендісі Ерлан Мұсаевтың да өз айтары бар екен. – Өз басым қандай тақырыпта сөз қозғасам да әуелі ақпарат­тың шы­­найылығын жан-жақты тексеріп аламын. Бұл ‒ жазудағы ең ма­ңызды деталь. Жалпы, журналистің, блогердің басты қаруы – кез келген ақпа­­­ратқа күмәнмен қарау. Ба­рлығына бейтараптылық және нақтылық керек. Өзі осы қағидаларды ұс­танған жағдайда ғана кез келген медиа ресурстың репутациясы және оның ауди­ториясының сенімі қа­лып­тасады. Қоғам да міне осы қағиданы ұстану қажет. Алайда бұл да уақытты талап етеді. Неге дейсіз бе? Қараңыз. Біздің ел ақпараттық кезеңге енді ғана аяқ басты. Оң-солымызды әлі де дұрыс ажырата алмай жүрміз. Ал Еуропа, Америка елдері ақпараттың ақ-қарасын ажы­ратуда бізден көш ілгері. Олар қаншама зерттеу мен тәжірибе жасады. Ақыр соңында жалған ақпаратпен кү­ре­судің оңтайлы әдісін тапқан. Алайда ол бізге әлі толықтай ене қойған жоқ. Ақпарат саласында жүрген мамандар білгенімен ха­лық бұл жайында бей­хабар. Дұрыс-бұрысы нақ­тыланбаған ақпараттар күн санап көбеюінің де сыры осында. Халық көп шоғырланған «Facebook» желісіндегі кейбір жалған ақпарат құлағыңа түрпідей тиеді. Арасында пиар да жасап, қара бастың қамы үшін өтірік ақпарат тарататындар да көп. Оны тамырымен жұлып алып тастау тағы мүмкін емес. Жалпы, қисынсыз ақпа­раттың әсерінен бола­тын түрлі фактілермен күресу үшін заңды алға тарту керек меніңше. Ол былай. Халыққа қатты есеп-қисаппен не ұзын фактімен сөйлеудің аса бір қажеті жоқ. Оны көпшілік түсінбейді де. Сондықтан қарапайым тілмен кімде-кім дәйексіз ақпарат таратса, оның елге зардабы және заң аясында қандай шара қолданатынын қысқаша жазып, әлеуметтік желілерге тарату керек. Жалған ақпараттың осылай ғана алдын алуға болады. Әрине біздің жағдайда, – деген блогердің сөзінің жаны бар. ТҮЙІН. Бүгінде қоғам күнде бір фейк жаңалықтың құрбаны болып жүргені рас. Ал медиа қызметкерлерінің бұл тараптан қателікке бой алдыруы тіпті сорақы деуге болады. Журналистің міндеті – шынайы ақпаратты жал­ған ақпараттан ажы­ратып, факті­нің шынайылығын тек­серіп, оны оқырмандарға не көрерменге еш бұрма­лаусыз жеткізу ғой. Жур­налистер үшін ақпарат­тың түпкі көзін тауып және оның растығын білу үшін бірнеше дереккөзден іздеу өте маңызды дүние. Оның үстіне дәйексіз ақпаратқа сүйену кәсіби біліктіліктің төмендігін көрсетеді. Қандай жағдайда болма­сын ресми ақпарат көзде­рінен ақпарат алу, оны салыстыру, саралау, зерт­теу, бәрі-бәрі мақала жазуда алғышарт екені даусыз. Сондықтан әрбір мақаланы не мәтінді жазуда әріптестерімізге сыни ойлау мен үлкен қырағылық керек-ақ. Бұдан бөлек, халық та естіген дүниесінің дұрыс­тығына көз жеткізбей жа­тып, шешім шығармауы керек. Жоғарыдағы пікір­лерден түйгеніміз осы. Ақтілек БІТІМБАЙ, журналист
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар