Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕКТЕН БАС ТАРТҚАН ӘЛИЯ

АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕКТЕН БАС ТАРТҚАН ӘЛИЯ
ашық дереккөз
АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕКТЕН БАС ТАРТҚАН ӘЛИЯ
Ақыл-есі бүтін, аяқ-қолы сау адам ризығын адал еңбегімен тауып жеуі керек. Өмір болғаннан кейін қоғамда әртүрлі пиғылдағы адамдар болатынын жасырып қайтеміз? Еңбек етуге қабілетті бола тұра саусағының ұшын қимылдатқысы келмей, мемлекеттен жәрдем тілейтіндер өкінішке қарай өз арамызда да бар. Рас, қазіргідей қымбатшылық заманда ауыз жарымайтын айлық арқылы тапқаны бала-шағасының ішіп-жеміне жетпейтіндерді түсінуге болады. Ал денсаулығы бола тұра «жұмыс жоқ» деп қол қусырып, жергілікті жердегі жұмыспен қамту орталықтары ұсынған жұмысты менсінбей немесе ол жұмысқа өзін қор санайтын, бірақ әлеуметтік көмек алуға келгенде арланбайтын азаматтар азаймай, қоғам ілгері баспайды. Әркімнің қалауындағы жұмысты тауып бере алмағаны үшін өзін айыпты санап, оларға жылдар бойы әлеуметтік төлем төлеп отыратын болса, онда мұндай мемлекеттің де шегі ағармайтыны белгілі. Қайсыбір жылдары әр бала үшін төленген 21 мың теңгенің кезінде жағдайы бар бола тұра, сол көмекті есебін тауып алып қалғысы келген адамдардың саны күрт өскенін қоғам бастан кешірген. Бұл енді барып тұрған ашкөздік, қанағатсыздық. Осындай тақырыпта ой қозғағанда атаулы әлеуметтік көмектен бас тартып, кәсіпке бет бұрған көпбалалы аналарды көргенде көңіл шіркін кәдімгідей демделіп-ақ қалады. Қоғам өзгелерге осындай адамдарды үлгі етуі керек. Атаулы әлеуметтік көмектен бас тартып, бақытын бизнестен тапқысы келген нәзікжандының бірі – Әлия Шектібаева. Кейіпкеріміз Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылында тұрады. Кейіпкеріміз осыдан екі-үш жыл бұрын қыз-келіншектерге арналған «Әлия» сұлулық салонын ашып, бүгінде өзінен басқа төрт адамды жұмыспен қамтып отыр. 29 жастағы келіншек кәсіпке бет бұрғанға дейін бір емдеу мекемесінде медбике болып еңбек еткенін айтады. – 2014 жылы тұрмысқа шықтым. Қазір 4 баланың анасымын, балаларымның барлығы да мектеп жасында. Іскер адамдардың арасында «Күн көріс үшін бір айлық жетеді, бірақ байығың келсе басқа идея ойлап тап» деген нақыл сөз бар. Балалардың жас кезінде және бойымызда қажыр-қайрат барда жағдайды түзеп алу ең басты мәселе. Осыны отағасы екеуміз ойлана келе, сұлулық салонын ашуға бел будым. Бұрнағы жылдары мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алуға болатынын естіп, аудандық жұмыспен қамту орталығына бардым. Ондағы мамандар грант жайлы егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Атаулы әлеуметтік көмек алатындардың оқымай-ақ қайтарымсыз қаржы алатын мүмкіндігін пайдаланып, 2020 жылдың маусым айында мемлекеттен 530 мың теңге грант алдым. Ол қаржыға айна, кресло, шаш жуатын, шаш кептіретін, стол, күтушілерге арналған орындық секілді құрал-жабдықтар сатып алдым. Қазір кәсібім өзім ойлағандай дөңгелеп тұр, 4 шеберді жұмыспен қамтып отырмын, – дейді Әлия Қуандыққызы. Кәсіпкер аудан орталығында бір нысанды жалға алып отыр екен. Қасына жұмысқа алған Аружан Алтынбай, Бурул Жикшенова, Роза Молдажанова, Жанерке Берікова сынды сұлулық салонының шеберлері бір күнде 15-20 мың теңге табыс табады. Мұнда клиенттерге қызмет көрсету ақысы да жүйелі. Мәселен, шаш үлгісі – 3500-6000 мың теңге, шаш қырқу – 1000-1500, макияж – 4000-5000, маникюр – 1000-2000, шаш сәндеу – 1500-2500, кірпік жалғау секілді ұсынылатын қызметтер бағасы 5000 теңге аралығында екен. – Мен әркез «Әлия» сұлулық салоны ұсынатын қызметті пайдаланамын. Салон қызметкерлері өте ұқыпты, жұмысына тиянақты, бір сөзбен айтқанда, өз ісінің нағыз шеберлері. Мұндағы Әлия, Роза, Бурул, Жанерке, Аружан қыздарымызға айтар алғысым шексіз. Өйткені олар ұсынған қызмет сапалы әрі қолжетімді, – дейді Құлан ауылының тұрғыны Гүлсім Фермебайқызы. Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Жаннұр Кексрауовтың айтуынша, былтыр аудан бойынша атаулы әлеуметтік көмек алушы 607 отбасы болған екен. Оның ішінде 91 азамат бизнеспен айналысуға бет бұрып, мемлекеттік грант алып, өз ісін ашқан. Ол үшін қазынадан 53 миллионнан астам қаржы жұмсалыпты. Соның арқасында атаулы әлеуметтік көмек алатындардың саны азайып отыр. Қайтарымсыз қаржы алғандар қаражатты дұрыс мақсатта пайдалана білсе, мұның мемлекет үшін де, кәсіпкер үшін де тиімділігі мол. Қазіргідей нарық заманында кәсіпке бет бұрғандардың тасы өрге домалап тұр. Себебі мемлекет «Кім немен айналысса да өз еркі, тек заңға қайшы әрекет етпесе болды» деген қағиданы ұстанғалы жұрттың қолынан іс келетіндері бақытын бизнестен іздей бастады. Әлияның сұлылық салонын ашуы осы сөзімізге дәлел. Ол айына кем дегенде 300 мың теңге табыс табады екен. Кәсіпте ойға алған ісің алға жылжуы үшін ақыл-қайрат, еңбексүйгіштік керек-ақ. Түрлі кедергілер мен дауылдарда қайраңға шығып қалмай әрі болашақты болжай отырып, табысқа жету үшін адамға бүгінгі заман қажет етіп отырған талап үдесінен шыға алатындай қасиет керек. Осындай артықшылықтарға ие адамдар ғана кәсіпкер атанатыны белгілі. Қалай десек те мемлекетке алақан жаймай, тәуір тұрмыс кешуге талпынып, мақсатына жеткен Әлия Шектібаева кімге болса да үлгі.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ, Т.Рысқұлов ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар