Ұлт батырларына Құран оқылып тұрса...
Биыл Ұлы Отан соғысы жеңісі тойланбай қалды. Бұл әлемде болып жатқан геосаясатқа байланысты болса керек. Әлеуметтік желіде жұртшылықтың бірі «Тойлау керек еді, жылдағыдай шеру ұйымдастыру, бұл – майданда қан төккендерге құрмет» десе, енді бірі «Тойланбағаны дұрыс, олардың құрметіне тек Құран бағыштау керек» деген пікірді алға тартуда. Екі жақтың пікірін таразыласақ, екеуі де құлаққа кіреді.
Иә, бұл соғыста да қаншама жанның қаны төгілді, қаншама боздақ қапыда көз жұмды десеңші. Жалпы, қан-төгіс бар жерде кісі өлімі болатыны хақ. Қандай соғыс, қандай қақтығыс болмасын ол сол елге ауыр қайғы-қасірет әкелетіні белгілі. Енді сондай қайғы-қасіретті мерекеге айналдырған елде ата-бабамыздың аруағына бағыштап неге бүкіл Қазақстанның әр мешітінде Құран оқылмасқа?
Жалпы, Үкімет бұрын жақсысын асырып, жаманын жасырғысы келді. Бұл да дұрыс шығар. Әйтсе де бұл ретте «шаш ал десе, бас алатын» асыра сілтеп жіберуге бейім тұрудан аулақ болуымыз керек. Яғни жақсы жағын шектен асырып, мадақтап, оны ресми түрде тойлап, ал жаман жағын мүлде ұмыттырып тастағысы келді. Бірақ халықтың ойынан алып тастай алмайды ғой, бұл тарих қой. Осындай тарихи да қайғылы жағдайларды атап өтер болсақ, «Ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» (31 мамыр), «Ұлы Отан соғысының жеңісі» (9 мамыр), «Желтоқсан көтерілісі» (16 желтоқсан), «Жаңаөзендегі қантөгіс» (16 желтоқсан), «Қаңтар көтерілісі» (45 қаңтар) осының барлығы да халқымыз бастан өткерген ұлы нәубет.
Ертең осы «Қаңтар көтерілісін» де Жаңа Қазақстанның басталуы деп Үкіметіміз мерекеге айналдырып, оны елдік деңгейде атап өтпеуімізге кім кепілдік бере алады деп ойлайтынмын. Бірақ біз құрып жатқан Жаңа Қазақстанда бұл күмәнім айтарлықтай сейілді. Нақты айтқанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше ғана Ұлттық құрылтайдың I отырысында: «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек.
1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды.
Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», деп ашып айтты.
Осы ретте мен көтеріп отырған мәселе Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына бағытталатынын жеткізгім келеді. Жоғарыда айтылған жағдайдың бәрінде кісі өлімі болды. Ал осындай қазақ азаматтарының бақилық болған қаралы күнінде аталған діни басқарма үнсіз қалмауы керек деп ойлаймын. Әрине, бақилық болған жандардың артында қалған үрім-бұтағы, ағайын-бауырлары өздері молда шақырып діни жоралғыны өз үйлерінде жасай берер. Дегенмен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына осы күндерге арнайы пәтуа шығарып, Ораза, Құрбан айт намазындай жалпы барша Қазақстандағы мешіттерде неге Құран оқымасқа? Мысалы, ашаршылық, қуғын-сүргін кезінде, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан ата-бабаларымыздың аруақтарына бағыштап, таң ата бір уақытта барлық мешіттерде Құран-намаз оқылады десе бұл көрегендік болар еді. Осы намаздан кейін биліктің саяси тармағы ескерткіштерге гүл шоқтарын қою рәсімін жасай ма, шеру ұйымдастыра ма, қайтсе де жарасады. Әрі қарай бұл күндерді мереке ретінде тойлай ма, жоқ па ол халықтың өз еркінде болар еді. Десе де діни басқарма әруақтардың алдында өз міндетін ақ ниетпен орындауы керек деп есептеймін. Ораза айт, Құрбан айт намазынан кейін де халық өздері әрі қарай құрбан шалатыны құрбан шалып, айттайтыны әрі қарай айттап, қыдырып мейрамдайды емес пе?
Елдік деңгейде назар аударарлық тағы бір мәселе бар. Киелі де қасиетті Түркістан қаласын бүкіл ел біледі. Ол жерде Қожа Ахмет Ясауи бастаған қаншама ғұламалар мен әулиелер жатқаны да әмбеге аян. Ясауи кесенесінің маңында Түркия мемлекеті тарту еткен жаңа мешіт көркейіп тұр. Кесене мен мешіттің алды жақсы көгалдандырылған. Енді осы әулиелер жатқан киелі жерге музыкалық шоу орналастырғаны дұрыс па? Әулиелер жатқан жер былай тұрсын, жай зират маңында айқайлап сөйлесуге, ән айтуға, ысқыруға, ойын ойнауға болмайды деп неге Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы имамдар арқылы халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізбейді? Мұның бұрыстығын өзіміздің ата-бабамыз, әке-шешеміз айтып келген. Зират басында дауыс шығарып жылауға да болмайды дейміз де, осындай ғұлама әулиелер жатқан жерге ойын-сауық орталығын орналастыруға келгенде ләм-мим демейміз. Қазір зиярат етушілердің көпшілігі сол шоуды – жасанды «Венецияны» бір көруге және де күн батқандағы түрлі түсті музыкалық фонтандарын қызықтауға барып жатқандары да анық. Осындай әулиелер, ғұламалар жатқан жерге кәсіпкерлер бірдеңе салар кезде әкімшілік өкілімен, архитекторлармен, ҚР Үкіметімен келісім жасайтыны да белгілі. Сонда ҚМДБ бұл жерде әулиелер, ғұламалар жатыр. Мұнда айқай шу шығатын құрылысты ең болмаса бір-екі шықырым қашықтықта салу керек деп айта алмай ма? Жоқ әлде еліміздің бас муфтиі аруақтарды, әулиелерді сыйламайтындай басқа ағымда жүр ме екен? Таразда отырып Түркістан үшін сөйлесем, бұл біріншіден, түріктердің киелі бесігі. Екіншіден, іргеде болып жатқан бассыздық бізге де жетуі ғажап емес.
Жалпы, қоғамда базбіреулер Түркістан қаласы ел астанасы болуы керек деген пікір айтып қалып жүр. Мен бұған түбегейлі қарсымын. Себебі Түркістан онсызда еліміздің рухани астанасы. Оның үстіне оңтүстік қазақтар көп шоғырланған жер екені белгілі. Салынған қымбат үйлер бос тұр. Біріншіден, көп шенеуніктер әлі де Шымкенттен барып-келіп қызмет атқарып жүр. Ол жерді көркейтуге, қызметкер ұстауға кеткен қаржыға сонау Петропавл, Павлодар облыстарынан бірнеше заманауи ауыл соғып, қазақтарды сол жерлерге шоғырландыруға болады. Жақсы, сапалы үйлер тұрғызып, суын, газын, электр қуатын жүргізіп беріп, шаруашылық үшін жер берсе, оңтүстіктен солтүстікке талай отбасы қоныс аударар еді.
Бұл да сыртқа айтылмайтын саясат деп үлкен кісілердің айтқаны бар еді, бәлкім солай да шығар. Не де болса, елімізде тыныштық орнап, бейбітшілік заман болсын!
Ұлы Қазақ елінде тіліміз, дәстүріміз, егемендігіміз тұғырлы болсын. Ұлы Қазақ елі өркендеп, Жаңа Қазақстан жасасын!
Амантай ДОСМАХАМБЕТОВ, ҚР Жүргізушілер одағы облыстық филиалының төрағасы
Келесі мақала