Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сарбаздар банк алдындағы борыштан уақытша босатылады

Сарбаздар банк алдындағы борыштан уақытша босатылады
ашық дереккөз
Сарбаздар банк алдындағы борыштан уақытша босатылады
Әскерге алынатын азамат атына несие рәсімделген болса, оны кешіктірмей төлеу мәселесіне келгенде уайымдамаса да болады. Қорғаныс министрлігі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өзара меморандум бекітіп, сарбаздарды несие төлеуден уақытша босатып жатыр. Бүгінгі таңда Қазақстанда банк пен микроқаржы ұйымдарында 7 мыңнан астам әскери қызметшінің кредиті бар. Биылғы 1 тамыздағы жағдайға сәйкес, 5 мыңнан астам әскери қызметшінің несие төлемі кейінге қалдырылған. Бұл – «Facebook» әлеуметтік желісіндегі «Қаржылық сауат» парақшасына аталған агенттік ұсынған ресми деректер. Осы парақшада жазылған жазбада: «Әскерге алынған азаматтың уақытында төленбей жатқан проблемалық несиесі болуы мүмкін. Олардың да төлемі кейінге қалдырыла ма, әлде мұндай жеңілдік несие тарихы бүлінбеген клиентке ғана беріле ме?» деп, тиісті агенттік мамандарына сауал жолдағанбыз. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің БАҚ-пен жұмыс істеу бөлімінің бастығы Азамат Кенженің айтуынша, мерзімі өткен берешегі болса да, әскери қызметшінің кредит төлемі кейінге қалдырылады. Елімізде мерзімі өткен несиелер бойынша жалпыға ортақ ереже енгізілгені белгілі. Ол проблемалық несиелерді реттеуге бағытталған. – Қарыз алушының мерзімі өткен берешегі болса, ол мерзімі өткен күннен бастап 30 күн ішінде кредиторға қарызды қайта құрылымдау үшін жазбаша өтінішпен немесе қарыз шартында көзделген өзге де тәсілмен жүгінуі қажет. Кредитор қарыз алушының өтінішін алған күннен кейін күнтізбелік 15 күн ішінде қарыз шартының талаптарына ұсынылған өзгерістерді қарайды. Қарыз алушының қаржылық, әлеуметтік жағдайын жан-жақты талдайды. Өзара қолайлы шешімге қол жеткізілмеген жағдайда, қарыз алушы кредиторды да хабардар ете отырып, агенттікке жүгінуге құқылы, – дейді Азамат Кенже. Әскери қызметшінің кредитіне қатысты ақпаратты әрі қарай тарқатып көрейік. Бұл процесс қалай жұмыс істейді? Негізі екі ведомствоның арасында меморандум бекітілген. Қорғаныс министрлігі мен агенттік соған сүйене отырып, өзара іс-қимыл алгоритмін әзірлеген. Министрлік аталған агенттікке әскери қызметшілер туралы деректер ұсынып отырады. Агенттік оны банктер мен микроқаржы ұйымдарына жолдайды. Сол тізімге сәйкес кредитор берешекті өндіріп алу жұмысын тоқтатады. Мерзімді әскери қызметтің уақыт мерзімі – 12 ай. Осы аралықта әскерге алынған әр сарбаз кредиттік төлемнен уақытша босатылады. Азамат немесе оның сенімхат бойынша бекітілген заңды өкілі кредит алушының әскерге алынғанын растайтын анықтаманы кредиторға, яғни банкке немесе микроқаржы ұйымына тапсыруы керек. Сол арқылы кредит шартының талаптарын өзгертуге өтініш білдіреді. Оны онлайн да, офлайн да жүзеге асыруға болады. Компьютерге немесе смартфонға жүйрік болсаңыз, анықтамасы бар өтінішті электрондық пошта, я болмаса банктің мобильдік қосымшасы арқылы жіберуге болады. Ал, классикалық үлгіні таңдасаңыз, керек құжаттың бәрін жинап, өз аяғыңызбен кредитордың кеңсесіне баруға тура келеді. Сонда ғана Отан алдындағы борыш – банк алдындағы борыштан уақытша босатады», делінген. Біз бір керегі болар деген оймен осы жазбаны оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар