Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Шын ақшаны ажырату оңай

Шын ақшаны ажырату оңай
ашық дереккөз
Шын ақшаны ажырату оңай
Қағаз ақшаның қолдан жасалғанын ажырата алудың маңызы айрықша. Өйткені ҚР Ұлттық Банкінің мамандары жалған ақшаны шын ақшадан ажырата алған адам алаяқтарға алданбайтынын айтады. Бұл пікірмен келісуге болады. Негізі банкнот дегеніміз – қағаз ақша. Монета – тиын. Қаржы жүйесінде жолға қойылған әр елдің өз ақшасы болады. Бізде ол – теңге. Айналымға енгеніне биыл 30 жыл толғалы отыр. Осы жылдар ішінде өзге елдердегідей теңгені де қолдан жасаушылар көп болды. Заман талабына тез бейімделген алаяқтар түрлі технологияларды жетік меңгеріп алғаны сондай, қолдан жасалған ақшаны түпнұсқадан айыра алмайтындай етіп жасап бағуда. Банктердің мобильді қосымшалары келмей тұрғанда жұрт қолма-қол ақшамен есеп айырысатын. Сол уақыттарда қолдан ақша жасаушылар көп болды. Әлі күнге дейін де кездеседі. Өмірімізге онлайн аударым жүйесі еніп кетсе де, қағаз ақша айналымнан алынған жоқ. Сондықтан алаяқтар бұл заңсыздықпен әлі де айналыса беретіні сөзсіз. Шын ақшаны ажырата алудың үш тәсілі бар көрінеді. Бұл туралы «Жалған ақшаны қалай ажыратамыз?» деген сауалымызға орай Ұлттық Банктің банкноттар мен монеталар сараптама басқармасының бастығы Асқат Мұқамадиев айтып берді. – Біріншіден, банкнотты қолмен ұстағанда адам оның шын ақша екенін сезінуі керек. Себебі банкнот қағазының өзіне тән арнайы шытырлақ дыбысы болады. Екіншіден, банкнотқа мұқият қарау керек. Шын ақшаны жарыққа тосып қарағанда одан номиналдың цифрмен жасалған белгілерін көруге болады. Үшінші әдіс – банкнотты аударып көру. Онда түрлі-түсті ауыспалы бояумен басылған сурет түріндегі бейнелер бар. Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге әлемде қолдан жасаудан барынша қорғалған валютаның бірі. Айтпақшы, елімізде қағаз ақшаны Ұлттық Банктің Банкнот фабрикасы басып шығарады. Ол Алматыда орналасқан. Фабрика соңғы үлгідегі заманауи технологиялармен жабдықталған. Ақшаның қолдан жасалуына жол бермес үшін отандық мамандар көптеген қорғаныс элементтерін енгізіп келеді, –дейді А.Мұқамадиев. . Мамандардың сөзіне сенсек, қағаз ақшаны ұстап, тексеріп көргіңіз келсе, бұл әдістер 5 секундтан артық уақыт алмайды. Оны меңгеріп алған адам банкноттардың түпнұсқа немесе жалған екенін лезде анықтай алады. Жалпы, Қазақстанда жалған ақша жасаушылар көп жағдайда компьютерлік техника мен кәдімгі сиялы принтерлерді қолданады екен. Көбіне олар көзбен көрінетін қорғаныс элементтерін ғана салуға тырысады. Сол себепті, бір қарағанда, жалған ақшаның өзі қолда тұрғанда шынайы болып көрінуі мүмкін. Бірақ біз жеткізген әдістерді меңгерген адам мұқият қараса, ақшаның қолдан жасалғанын тез анықтайды. Сонымен қатар, барлық банкноттарда көзі нашар көретін адамдарға арналған белгілер бар, олар банкноттың төменгі бөлігінде орналасқан. Ол – ұстап көргенде ақшаны айқын ажыратуға болатын жоғары бедерлі элементтер. Бастапқыда ақша белгісінің таза, айқын, контрастты немесе лас болуын, дақтарының болуын жалпы көзбен көріп зерделеу қажет. Банкнотты жарыққа қаратып, ондағы «Самұрық» құсы түріндегі су белгісін және номиналдың сандық бейнесін көруге болады. Дәл осы сияқты жазулары бар нүктелік сызықтар түрінде қағаз бетінде пайда болатын магнитті (металдандырылған) үзік жіпті тексеру қажет. Ол біртұтас болуы керек. Үшіншіден, банкнотты аударып көру керек. 1000 теңгеден 20 000 теңгеге дейінгі банкноттарда банкноттың көлбеу бұрышына қарай жасыл түстен алтын түске өзгертетін ерекше элемент бар. Банкнотты әрлі-берлі баяу бұрған кезде элемент бойындағы түсті жолақтың қозғалысын көруге болады. 2000 және 5000 теңгелік банкноттардың сырт жағында голографиялық жолақ бар. Голограммадағы суреттер жар­қы­рай­ды және динамикалық әсер етеді. Жоғарыда айтылған үш әдіс бізге банкноттың шынайылығын арнайы жабдықсыз анықтауға көмектеседі. Айсана Тымбаева, қаржы маманы
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар