Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Әлеуметтік қорғау – ел игілігі үшін

Әлеуметтік қорғау – ел игілігі үшін
ашық дереккөз
Әлеуметтік қорғау – ел игілігі үшін
2011 жылы қазан айының соңғы жексенбісі елімізде Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні болып белгіленген болатын. Кәсіби мерекені сала қызметкерлері он үшінші жыл қатарынан атап өткелі отыр. Жалпы мемлекетімізде әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері үшін кәсіби мереке күнінің белгіленуі маңызды деп ойлаймын. Бұл – осы салада қажырлы еңбек етіп, қарттар мен мүгедектігі бар жандарға, көпбалалы және күнкөрісі төмен отбасыларға аянбай қызмет етіп жүрген адамдарға деген зор құрметтің, шынайы алғыстың белгісі. Себебі қоғамның тұрақтылығы мен халықтың әл-ауқаты көп жағдайда халықты әлеуметтік қорғау мен әлеуметтік кепілдіктердің деңгейіне байланысты болады. Ел егемендігін алған сәттен бері Қазақстанда халықты әлеуметтік қорғаудың ұлттық көпдеңгейлі үлгісі қалыптасты, ол мемлекет, жұмыс беруші және қызметкерлердің арасында жауапкершілікті бөле отырып, базалық мемлекеттік-әлеуметтік қамсыздандыру, міндетті әлеуметтік сақтандыру, жинақтаушы зейнетақы жүйесін және әлеуметтік көмекті қамтиды. Бұл орайда еліміздің орнықты дамуының негізгі ұзақмерзімді басымдығы халықты әлеуметтік қорғау жүйесін дамыта отырып, масылдықты тоқтатып, атаулы және тиімді негізде қызмет көрсету арқылы қоғамның әлеуметтік тұрақтылығын нығайтуды көздейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған өзінің Жолдауларының бірінде ел алдындағы маңызды міндеттердің бірі ретінде жаңа әлеуметтік саясат – әлеуметтік жаңғыртуды айқындады. Мәселен Президент «Сындарлы қоғамдық диалог-Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында: «Мемлекет мұқтаж жандарға көмек көрсету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда. Алайда, бірқатар шешімдер жан-жақты сарапталмай қабылданды. Нәтижесінде бұл патерналистік пиғылдың айтарлықтай артуына әкеп соқтырды. Соңғы 5 жылда Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны 77 мыңнан 1,4 миллионнан астам адамға артқан. Әлеуметтік көмекке бюджеттен бөлінетін қаражат көлемі 2017 жылдан бері 17 есе көбейді және одан да арта түсті. Басқаша айтқанда, жұмыс істегісі келмейтін адамдар немесе әлеуметтік көмек алу үшін өздерінің табысын жасыратындар көбейді. Жағдайы бар отбасылардың әлеуметтік көмек алатыны туралы деректер бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған болатын... Атаулы әлеуметтік көмекке қайта оралайық. Үкімет оны бөлу тәртібін реттеуі керек. Бұл жүйе ашық әрі әділетті болып, адамдарды бейқамдыққа емес, еңбек етуге ынталандыруы тиіс. Көмек, негізінен, жұмыс істейтіндерге берілуі тиіс. Сонымен бірге, аз қамтылған отбасылардың балаларына қамқорлық көрсету керек. Олар үшін кепілдендірілген әлеуметтік көмекті енгізу қажет. Бұл дегеніміз – мектеп жасына дейінгі балаларға үнемі қолдау көрсету, барлық оқушыға тегін ыстық тамақ беру, оларды оқу құралдарымен және мектеп формасымен қамтамасыз ету, медициналық, соның ішінде стоматологиялық көмек алу және қоғамдық көліктерде жүру шығындарын өтеу» деп, Үкіметке нақты тапсырма берді. Осындай жүйелі істерді қолға алудың арқасында тәуелсіз еліміздің тарихында халқымыздың әл-ауқаты мен тұрмыс деңгейін көтеруде қол жеткізген орасан зор жетістіктерден әлеуметтік сала қызметкерлері де сырт қалған жоқ. Жалпы, біздің басқарма халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің жұмыстарын негізгі үш бағытта жүзеге асырып келеді. Олар – халықты жұмыспен қамту, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына әлеуметтік жәрдемақылар төлеу және мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету. Ел тәуелсіздігімен қатар дамыған әлеуметтік саланың осы үш бағытында ауыр да қиын кезеңдерді бастан өткеріп, қол жеткізген жетістіктеріміз де аз емес. Мемлекетіміздің ең пәрменді әлеуметтік саясаты – жұртшылықты өнімді еңбекке ынталандыру және жаңа жұмыс орындарын ашу. Осы қағиданы ұстану негізінде халықты жұмыспен қамту мен оның табысын арттыру бағытында бүгінгі таңда жеткен жетістіктеріміз айқын көрініс тауып отыр. Өткен тарихқа қысқаша көз жүгіртер болсақ, халықты жұмыспен қамту саласында сонау 1991 жылы «Жұмыспен қамтуда ықпал ету» мемлекеттік қоры құрылып, осы қорға мекемелер (бюджеттен қаржыландырылатындардан басқасы) еңбекақы қорынан 3 пайыз мөлшерінде міндетті жарналар аударып тұрған болатын. Бірақ, Кеңес одағы ыдырағаннан соң, көптеген мекемелер мен кәсіпорындардың жұмыстарында қиыншылықтар орын алып, тиісті жарналар қорға уақытылы аударылмады. Осының салдарынан сол кезеңдегі заңнамада көрсетілген жұмыссыздарға төленетін жәрдемақылар төленбей, берешек қарыздар жинақталып, жұмыссыздық белең ала бастады. Осыған байланысты Қазақстан Республикасындағы еңбек нарығын және жұмыспен қамту саласын реттеуде 1991 жылдан бері негізінен халықты жұмыспен қамтудың арнайы бағдарламалары жүзеге асырылып келгенімен, олар да мәселені толық шеше алмады. Осы қордаланған мәселелердің шешімі ретінде 1999 жылдың 4 сәуірінде Қазақстан Республикасының «Жұмыспен қамту туралы» Заңына өзгерістер енгізіліп, 2000 жылдан бастап жұмыссыздарға берілетін жәрдемақы тоқтатылып, кедейшілік деңгейінен төмен тұратын жұмыссыздарға атаулы әлеуметтік көмек төлене бастады. Ал, басқа жұмыссыздарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту мақсатында «2000-2002 жылдарға арналған Жамбыл облысында жұмыссыздық және кедейшілікпен күрес» атты өңірлік бағдарлама қабылданып, жұмыспен қамту жүйесінде жоспарлы іс-шаралар қолға алынды. Жүргізілген осындай жұмыстардың нәтижесінде жұмысыздық деңгейі 1999 жылғы 14,6 пайыздан 2002 жылдың қорытындысы бойынша 12,3 пайызға дейін төмендеді. Жалпы 2000 жылдан 2010 жылға дейін жұмыссыздықты төмендету бойынша кезең-кезеңімен 4 бағдарлама жүзеге асырылды. Осы жылдары 70 мың жаңа жұмыс орындары ашылды. Сонымен қатар жыл сайын 15 мыңнан астам адам маусымдық жұмыстарға тартылып тұрды. 2008 жылы басталған экономикалық дағдарыс кезеңінде еңбек рыногындағы жағдайды шиеленістірмеу мақсатында жүзеге асырылған «Жол картасы» аясында 2009-2010 жылдары барлығы 497 жобаны жүзеге асыруға 15,9 миллиард теңге қарастырылып, 21 545 адам жұмыспен қамтылды. Осының нәтижесінде 2009 жылы жұмыссыздық деңгейін 2008 жылғы 6,5 пайыз деңгейінде тұрақтандырсақ, 2010 жылы 5,7 пайызға дейін төмендетуге қол жеткіздік. 2011 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап пилоттық режимде жүзеге асырыла бастаған «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы халықты тұрақты жұмыспен қамту мақсатын көздеді. 2011-2016 жылдары бағдарламаға 35397 адам тартылып, атқарылған жұмыстар нәтижесінде 2016 жылы жұмыссыздық деңгейі 2011 жылғы 5,5 пайыздан 4,9 пайызға дейін төмендеді. Бизнес ортаны және халықты жұмыспен қамту мәселелерін түбегейлі жақсарту мақсатында 2017 жылдан бастап мүлдем жаңа бағдарлама, яғни «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы қолданысқа енгізілді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту. Ал оның негізгі міндеттері – еңбек нарығының қажеттілігін есепке ала отырып, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау, еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылар бойынша жұмысшы кадрларды қысқамерзімді кәсіптік, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту. Ауылда және қалада микрокредит беруді кеңейту, жұмыссыздарды және өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарды жұмыспен қамтамасыз етуге жәрдемдесу, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру және жұмысқа орналастыру бойынша бірыңғай цифрлық алаң құру да аталған бағдарламаның басты мақсатының бірі. Бұл бағдарлама қолданыста болған 2017-2021 жылдары 69,3 миллиард теңге қаражат бөлініп, жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен барлығы 241,5 мың адам қамтылды, оның ішінде 181,0 мың адам жұмыспен қамтамасыз етілді. Осы аралықта 15986 адам түрлі жұмысшы мамандықтары бойынша қысқамерзімді кәсіптік оқыту курстарын аяқтап, олардың 58,6 пайызы жұмысқа тұрды. Бағдарламаның «жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағыты бойынша шағын несиелендіру – халықтың әл-ауқатын көтерудегі ең тиімді, әрі өнімді құралдардың бірі. «Еңбек» бағдарламасы аясында 6093 тұрғын 26 миллиард теңгенің шағын несиесін алып, қосымша 3594 жұмыс орындары ашылды. Осы бағыт аясында қайтарымсыз гранттар беру – шағын несие алуға кепіл мүлкі жоқ, өз ісін жаңадан бастағысы келетін жұмыссыздар мен өз бетінше жұмыспен қамтылған азаматтар үшін әлеуметтік қолдаудың таптырмас құралы. Барлығы 16956 адам 9,2 миллиард теңгенің қайтарымсыз грантын алып, өз істерін ашты. Шағын несие мен гранттар алушыларға «Бастау бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне оқу басты талаптардың бірі болып белгіленді. 2017-2021 жылдары осы жоба аясында 15256 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды. Осы жылдары Жамбыл облысынан солтүстік өңірлерге барлығы 853 отбасы, 2786 адам қоныс аударып, қоныс аударушы отбасылар толығымен қабылдаушы өңірлік квотасына енгізіліп, барлық мүшелеріне субсидиялар төленді. Сондай-ақ олар жалдамалы тұрғын үймен және жұмыспен қамтылды. «Еңбек» бағдарламасының осындай құралдарының тиімділігі ескеріліп, 2022 жылдан бастап қолданысқа енгізілген Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобада да бұл қолдау тетіктері сәтті жүзеге асырылуда. 2022-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында былтыр және биыл жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 125790 адам тартылды. Олардың ішінде 86326 адам жұмысқа орналастырылды. Қысқамерзімді кәсіптік оқыту курстарына – 2202, онлайн оқыту курстарына – 4257, «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 29846 азамат жолданды. Бүгінде мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарының жаңа тетіктері қолданысқа енгізіліп, жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, еш жерде жұмыс істемейтін, кәсіби білімі жоқ жастарды қолдауға арналған «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 654 жас жұмысқа орналасты. Зейнетке шығуға 6 ай қалған білікті мамандардан тәлім алу арқылы жастарды жұмысқа орналастыруды көздейтін «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша 62 өрен еңбек етуде. Зейнет жасы алдындағы адамдарды жұмыспен қамтуға бағытталған «Күміс жас» жобасы бойынша 1061 жамбылдық еңбекпен қамтылды. Сондай-ақ әлеуметтік жұмыс орындары арқылы 2239 адам жұмысқа тұрса, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында 3974 түлек еңбек жолын бастады. Ақылы қоғамдық жұмыстарға 19693 жұмыссыз жолданып, екі қолға бір күрек тапты. Бұл есептер бір қарағанда жай ғана сандар сияқты болып көрінгенімен, оның артында өз табысын арттырып, әлеуметтік хал-ахуалын түзеген, мемлекеттік саясатқа өз алғыстарын білдіріп отырған сан мыңдаған жамбылдықтардың тағдыры тұр. Халықты жұмыспен қамту бағытында атқарылған жұмыстар нәтижесінде еңбек рыногында тұрақтылық сақталып, жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрады. «Еңбек» бағдарламасы басталғанға дейінгі 2016 жылмен салыстырғанда осы жылдың екінші тоқсанында әйелдер жұмыссыздығы 5,8 пайыздан 5,1 пайызға төмендеді. Жастар жұмыссыздығы деңгейі 4,3 пайыздан 3,5 пайызға кеміді. Сонымен қатар осы аралықта өз бетінше жұмыспен қамтылғандардың экономикалық белсенді халық санындағы үлесі 42,9 пайыздан 31,8 пайызға түсті. Жұмыспен қамтылғандардың санындағы үлес 45,1 пайыздан 33,4 пайызды көрсетіп отыр. Ал, өз бетінше жұмыспен қамтылғандар ішіндегі нәтижелі жұмыспен қамтылғандар үлесі 65,3 пайыздан 94,3 пайызға артса, нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар 34,7 пайыздан 5,6 пайызға дейін төмендеген. Бұл да өңіріміз үшін үлкен жетістіктің бірі болып есептеледі. Халықты әлеуметтік қорғау саласының және біздің басқарма жұмысының бір бағыты – мұқтаж жандарға әлеуметтік жәрдемақылар төлеу. Кеңес одағы ыдырап, бабалар аңсаған азаттықтың ақ таңы туған, яғни Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін жариялаған жылдардан бері әлеуметтік қолдау жүйесінде бірнеше кезеңдегі реформалар жүзеге асты. 2002 жылдан бастап әлеуметтік көмектің бірнеше түрінің орнына кедейлік шегінен төмен отбасыларына отбасы мүшелерінің барлығын ескере отырып тағайындалатын мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек енгізілді. 2006 жылдан бастап табысы азық-түлік себетінен төмен отбасылардың 18 жасқа толмаған балаларына мемлекеттік жәрдемақы төлене бастады. Аталған төлемдерге қосымша табысы төмен отбасыларға тұрғын үй көмегі, өмірдің қиын жағдайында қалған азаматтарға әлеуметтік көмек беру қаралды. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы әлеуметтік жүйені реформалау мақсатында, облыста 2014 жылдан бастап «Өрлеу» пилоттық бағдарламасы енгізіліп, жоба аясында шартты ақшалай көмек тағайындалып төленді. Ал, 2018 жылдың қаңтарынан бастап жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек жүйесі енгізілді. Жаңа форматтағы жүйе әлеуметтік көмектің атаулылығын күшейту мақсатында аз қамтамасыз етілген отбасыларға шартты және шартсыз болып екі түрде беріліп отыр. Егер отбасында жұмыс жасындағы еңбекке қабілетті азаматтар болса, онда олар міндетті түрде жұмыспен қамту шараларына қатысуы тиіс. Яғни, еңбекке қабілетті әр азаматқа берілетін атаулы әлеуметтік көмекке қосымша мемлекет тарапынан оқып, мамандық алып, жұмысқа тұруына немесе грант, микрокредит алып, өз ісін ашуға қолдау жасалады. Еңбекке қабілетті азаматтар мұндай қолдаудан өз еркімен бас тартса, атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмайды, ал жұмысқа тарту шараларына қатысуды өз бетінше тоқтататын болса, онда төленіп жатқан атаулы әлеуметтік көмек те тоқтатылады. 2018-2022 жылдары атаулы әлеуметтік көмек 85262 отбасындағы 438969 адамға 37,3 миллиард теңге сомасында төленді. 2023 жылдың басынан атаулы әлеуметтік көмек 7344 отбасындағы 38948 адамға 2,7 миллиард теңге көлемінде берілді. Атаулы әлеуметтік көмек (шартты ақшалай көмек) алушылар қатарындағы 1904 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың ішінен жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылғандардың үлесі 77,1 пайызды құрады. Осындай бағытта атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өткен жылғы есепті мерзіммен салыстырғанда атаулы көмек алушылар 4879 адамға немесе 11 пайызға төмендеген. 2020 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар енгізіліп, ол кепілдік берілген әлеуметтік пакет ретінде беріліп келген болатын. Кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы алушылардың ұсыныстары ескеріліп, биылдан бастап кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы монетизациялау туралы шешім қабылданды. Монетизация АӘК алатын әрбір балаға ай сайынғы негізде 1,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қосымша ақшалай төлем түрінде жүзеге асырылуда. Бұл ата-аналарға балалардың жеке қажеттіліктеріне байланысты керекті тауарларды өз бетінше таңдауға мүмкіндік беруде. Жыл басынан АӘК алушы отбасыларындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 12 144 балаға қосымша 360,4 миллион теңге төленді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде Әлеуметтік кодекс қолданысқа енгізіліп, соның негізінде аз қамтылған отбасыларға жәрдемақылар төлеу бағытында да түбегейлі оңды өзгерістер орын алды. Атап айтқанда, осы салада отбасының цифрлық картасы қолданысқа енгізіліп, жұмыс істеуде. Бұл карта – әлеуметтік мәртебесіне қарай кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алу құқықтары туралы әрбір азаматқа ақпарат берудің құралы. Яғни, азаматтардың күн сайынғы «электрондық жаршысы». Осы карта әлеуметтік көмек алатын азаматтарға тиісті органдарға жүгінбей-ақ мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алуды өзі ұсынатын болады. Мемлекеттік қолдау шараларын алу құқығы белгіленген жағдайда, мемлекеттік қызмет көрсетуге келісім алу үшін әлеуетті алушыға СМС-хабарлама жіберіледі. Келісім алғаннан кейін әлеуметтік жәрдемақы, төлемдер немесе мемлекеттік қолдаудың басқа түрлері тағайындалып, кейін алушының банк шотына аударылады. Қазіргі уақытта әлеуметтік жәрдемақылар осы жүйе арқылы тағайындалып төленуде. Басқарманың сан салалы жұмысының негізгі бағыттарының бірі – мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік оңалту шараларымен қамтамасыз ету. Яғни, мүгедектігі бар адамдардың тіршілік-тынысының шектелуін жеңіп шығуы үшін жағдай туғызуға, олардың әлеуметтік мәртебесін қалпына келтіруге, әлеуметтік-тұрмыстық және ортаға бейімделуіне бағытталған іс-шаралар кешені облыста өз деңгейінде жүргізілуде. Халықты әлеуметтік қорғау саласында осындай жетістіктерге салада жұмыс істеген ардагерлеріміз бен бүгінде қызмет атқарып жүрген әріптестеріміздің қажырлы еңбектерінің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Алдағы кәсіби мереке қарсаңында халықты әлеуметтік қорғау жүйесі қызметіне өздерінің ұзақ жылғы еңбектерімен зор үлестерін қосып, кейінгі толқынға үлгі-өнеге бола білген ардагерлерімізге айтар алғысымыз шексіз! Біздің барлық күш-жігеріміз ең алдымен, халықтың мұң-мұқтажына толық жауап беретін және қазіргі заманғы халықаралық стандарттарға сай келетін әлеуметтік қорғау жүйесін дамытуға бағытталады. Бұл орайда біздің барлық әріптестеріміз барынша аянбай еңбек етіп, мұқтаж жандардың игілігі үшін қызмет етіп келеді. Әлеуметтік салада қызмет ететін тұлғалар аса маңызды қайырымды миссияларды орындайды. Мемлекеттік қамқорлыққа мұқтаж жандарға күн сайын көмек көрсетіп, оларды қоршаған ортамен байланыстырады. Бүгінгі негізгі міндеттердің бірі – кадрлық потенциалды құру. Бөгде адамның жан жарасын өз басына түскен істей сезінуге қабілетті және бақытсыздыққа ұшыраған жандарға, қарт адамдарға, мүгедектігі бар жандарға, ата-анасының мейірімінсіз қалған балаларға көмек көрсету үшін әрдайым дайын, нағыз профессионалдарды даярлау қазіргі заман талабы. Осы орайда, әлеуметтік қорғау саласында мамандығын мақтаныш санап, қалың елдің құрметіне бөленіп жүрген әріптестеріме әлеуметтік қорғау саласындағы қажырлы еңбектері үшін ризашылық білдіремін. Саладағы қыруар жұмыстардың ыстығы мен суығына төзіп, аянбай қызмет етіп келе жатқан оларға зор денсаулық, қиын да қастерлі қызметтерінде мол табыс тілеймін. Гүлдана Жауынбекова, облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар