Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

МЕМЛЕКЕТ ҚҰРУ ЖОЛЫНДАҒЫ ТАРИХИ ҚАДАМ

МЕМЛЕКЕТ ҚҰРУ ЖОЛЫНДАҒЫ ТАРИХИ ҚАДАМ
ашық дереккөз
МЕМЛЕКЕТ ҚҰРУ ЖОЛЫНДАҒЫ ТАРИХИ ҚАДАМ
Кеше 25 қазан – Республика күні мерекесіне орай Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен салтанатты жиын өтті. Жиынға мемлекеттік қызметшілер, ардагерлер кеңесінің өкілдері, жоғарғы оқу орындарының ректорлары, мәдениет саласының ардагерлері, зиялы қауым, ғалымдар мен БАҚ өкілдері де қатысты. Алдымен қонақтар А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры әртістерінің «Тұлғалар бейнесі» атты көрмесін тамашалады. Салтанатты кештің шымылдығы студенттер мен оқушылардан құралған хордың орындауындағы Мемлекеттік Әнұранмен ашылды. Мұнан соң сахнаға шығып, сөз алған өңір басшысы Ербол Қарашөкеев еліміздің жеткен жетістіктері, әлеуметтік экономикалық дамуы, қазіргі қазақстандық қоғам үшін тарихи және рухани маңызы бар мәселелерге басты назар аударып, атқарылып жатқан шаралар туралы сөз қозғады. Жиналған көпшілікті мерейлі мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін арнады. Расында да бұл күні мемлекет ретінде қалыптасуымызға бастау болған Егемендік туралы декларацияның қабылданғандығы – мерекенің мазмұны терең, маңызы жоғары екендігін айшықтап тұрғандай. Өткен кезеңге  ой көзімен қарасақ, еліміз түрлі дағдарысқа қарсы тұрып, біртұтас мемлекет, еркін ел екендігін көрсете білді. Шекарамыз бекітіліп, Ата Заңымыз халқымыздың бас құжатына айналып, төл рәміздеріміз төрге шығып, ұлттық теңгеміз қолданысқа енді. Еліміз осы кезең ішінде толағай табыстарға жете білді десек, оған қасиетті Жамбыл жерінің, облыс тұрғындарының да қосқан үлесі орасан. Әрине, өркениет көші тоқтаусыз алға жылжуда. Бұл тұрғыда әлемдік аренада Қазақ елінің мәртебесін арттыру – болашақ үшін аса маңызды қадам болмақ. Қазіргі таңда әділетті Қазақстанды құру жолында баршамызға үлкен жауапкершілік, маңызды міндет жүктеліп отырғандығы ақиқат. Бұл игі мақсатқа жұдырықтай жұмылғанда да биік белестерді бағындыра аламыз. Салтанатты жиында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев  мерекеге орай мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына үлесі үшін бірқатар жамбылдықтарға Мемлекет басшысының Жарлығымен белгіленген мемлекеттік наградалармен марапаттап, «Құрмет», екінші дәрежелі «Достық, «Еңбек даңқы» ордендерін, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медалін табыстады. Сонымен қатар «Жамбыл облысының Құрметті азаматы» атағы тапсырылды. Мерекелік шара  соңы К.Әзірбаев атындағы облыстық филармония өнерпаздарының концерттік бағдарламасына  ұласты. Айжан ӨЗБЕКОВА
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Қысқа-нұсқа
Алдыңғы мақала
Қысқа-нұсқа

Ұқсас жаңалықтар