Спорт кешені пайдалануға берілді
Республика күніне орай Жамбыл ауданы Айшабибі ауылында дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешені ашылды. Кешеннің ашылу рәсіміне облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
– Қай елдің, қай халықтың болмасын ең құнды да қымбатты дүниесі – мемлекеті мен тәуелсіздігі. Ендеше Республика күні баршамызға құтты болсын! Отанымызда тыныштық пен бейбітшілік болсын! Бүгінгі ашылып отырған спорт кешені де осы мерекеге орай қолданысқа берілгелі тұр. Бұл спорт кешені сіздердің ұрпақтарыңыздың игілігіне жарасын. Мемлекет басшысы да ауыл халқының тұрмыстық сапасын арттыруға айрықша назар аударатынын білесіздер. Біз сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Бұгінгі пайдалануға беріліп отырған нысан да соның айғағы. Бұйыртса еліміздің атын әлемге танытатын спорт шеберлері осы жаттығу алаңында дайындалып шығады деп сенемін. Біз кейінгі ұрпақ пен жастарымыздың алға қойған мақсаттарына жетуіне, жақсы өмір сүруіне жағдай жасау үшін бәрін де жасай береміз, – деді аймақ басшысы Е.Қарашөкеев.
Айта кету керек, жалпы Жамбыл ауданында 174 спорттық нысан бар. Ал Республика күніне орай пайдалануға беріліп отырған бұл нысан заманауи үлгідегі спорттық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Жаңа нысанда ауыл тұрғындары спорттың 10-ға жуық түрімен айналысатын болады.
Шапағат ӘБДІР,
Жамбыл ауданы,
Айшабибі ауылы
Келесі мақала