Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қысқа-нұсқа

Қысқа-нұсқа
ашық дереккөз
Қысқа-нұсқа
КӨРСЕТКІШ КӨҢІЛ КӨНШІТПЕЙДІ ҚР Туризм және спорт министрлігінде Қытайда өткен жазғы Азия ойындарындағы көрсеткішке байланысты есеп беру жиыны өтті. Спорт түрлері бойынша федерация басшылары мен бас бапкерлер қатысқан жиында Мемлекет басшысының тапсырмасына сай атқарылуы тиіс жұмыстың жайы пысықталды. Ең алдымен грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының өкілдері есеп берді. Спорт функционерлері палуандардың көрсеткен өнері туралы, сондай-ақ орын алған жағдайды баяндады. Есеп беру жиынына грек-рим күресінен бас жаттықтырушы Юрий Мельниченко қатыспады. Туризм және спорт министрі бас жаттықтырушының қатыспауына байланысты ескерту жасап, спортшылардың көрсеткен нәтижесі көңіл көншітпегенін атап өтті. «Палуандар бірінші кезеңде тәуір-ақ күреседі, ал екінші кезеңде демігіп қалады. Жеке дайындық бағдарламасы жоқ. 2024 жылғы Париж Олимпиадасында медальға ілігеді деген спортшылардың тізімін құрып, жаттығуына толыққанды жағдай жасау қажет», деді Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев. Су добынан да ерлер мен әйелдер құрамасы жазғы Азия ойындарынан қола жүлдені місе тұтты. Құраманың бас бапкері Дамир Темірханов ойыншылар арасында буын алмасу жүргенін, жасы келген спортшылардың орнын жастар басқандықтан командалық ойнау жүйесінде ағаттық кеткенін жасырмады.   ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК БОКСШЫСЫ Кәсіпқой боксшы Мейірім Нұрсұлтанов Бүкіләлемдік бокс ұйымының (WBO) нұсқасы бойынша орта салмақтағы осы жылдың үздік боксшысы деп танылды. 2016 жылдан бері кәсіпқой бокста жұдырықтасып келе жатқан отандасымыз бүгінге дейін 19 жекпе-жек өткізіп, 11 қарсыласынан мерзімінен бұрын басым түскен. Биылғы сәуір айында Оңтүстік Кореяда жеңілістің кермек дәмін татпаған жапониялық Кадзуто Такесаконы сегізінші раундта техникалық нокаутпен жеңген еді. Қазіргі таңда жерлесіміз кәсіпқой бокстағы ең маңызды төрт белбеудің ішінде WBC нұсқасы бойынша – екінші, IBF бойынша – бесінші, ал WBO бағыты бойынша үшінші сатыға жайғасқан. Сонымен қатар боксшылардың статистикасын жүргізетін «BoxRec» басылымының мәліметіне сәйкес, М.Нұрсұлтанов дәл қазіргі таңда Қазақстандағы ең мықты боксшылардың көшін бастап тұр. ОЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫНА 5 ЖАҢА СПОРТ ТҮРІ ЕНГІЗІЛДІ Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) Атқарушы комитеті жалаулы футбол, крикет, лакросс, сквош және бейсбол/софтболды 2028 жылы ЛосАнджелесте (Калифорния, АҚШ) өтетін жазғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізуді мақұлдады. «Бұл ұсынылған бес спорт түрі америкалық спорт мәдениетіне толығымен сәйкес келеді және әлемге әйгілі америкалық спорт түрлері. Олардың қосылуы Олимпиадалық қозғалысқа Америка Құрама Штаттарындағы және бүкіл әлемдегі спортшылар мен жанкүйерлердің жаңа қауымдастықтарымен араласуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге АҚШ-қа халықаралық спорт түрлері де келеді», дейді Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бах. Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты 2028 жылдың 14 шілдесінде өтеді. Жарыс 30 шілдеде аяқталады.   ВЕЛОСПОРТШЫЛАРДЫҢ ТАРИХИ ЖОЛДАМАСЫ Халықаралық велосипедшілер одағы шосседегі велоспорттан Олимпиада ойындарына жолдама беретін іріктеу жарыстарының аяқталғанын мәлімдеді. Іріктеу қорытындысы бойынша Қазақстан ұлттық құрамасының велоспортшылары UCI рейтингінде 19-орынға ие болды. Бұл нәтижемен жерлестеріміз Париж Олимпиадасына тағы екі жолдаманы ел қоржынына салды. Атап айтқанда, ерлер және әйелдер арасындағы топтық жарыста – 1, ерлер сайысында уақытқа жарысуда 1 жолдама олжалады. Бұған дейін биылғы Азия чемпионатында топ жарған Глеб Брусенский де Олимпиада жолдамасына қол жеткізген еді. Осылайша, еліміздің әйелдер құрамасы 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасынан кейін алғаш рет Париждегі додада топтық жарыста бақ сынамақ. Рината Сұлтанова, Махаббат Үмітжанова, Фаина Потапова, Марина Кузьмина, Ангела Соловьева бірігіп, бір лицензияға қол жеткізді. Халықаралық велосипедшілер одағының ережесі бойынша, UCI рейтингінде алғашқы бестікте тұрған құрамаларға – төрт, 6-10-орынға дейінгілерге – үш, 11-20-орындардағы құрамаларға – екі, 21-45-ке дейін бір жолдама беріледі. Талғат НҰРХАНОВ
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар