ТӘУЕЛСІЗДІК ТӨЛҚҰЖАТЫ
Түп тарихымыздың түгін түркіге барып тірелетін дәуірлерден тартпай-ақ, өз алдымызға ел болып, Қазақ хандығы құрылған 1465 жылдардан кейінгі өмірімізден іздесек те кезінде біздің кім болғанымызды тану қиын емес. Әр күнін аттың жалы, түйенің қомында өткізген қазақтың ғұмыры жаугершілікпен, дархан даламызға көз тіккен жауын іргеден аулақ қуумен өткені осы уақыт аралығында да айқындала түседі. Сол заманда елді алаңдатқан қылышын жалаңдатқан жоңғар секілді азулы елдер еді. Ата-бабамыз азаттық үшін басын қатерге тіккен алмағайып замандарда ұлт тағдыры жолайрыққа тірелген сындарлы сәттер аз болмаған. Бірақ халқымыз одан жасымады. Сөнбеген үміт, үгілмеген жігер, жоғалмаған сенім ата-бабаларымызды үнемі алға жетелеп, ұрпақ бүгінгі бейбіт өмірмен қауышты. Ұшы-қиырына көз жетпейтін осынау кең байтақ даланы ұрпағына мұра етіп қалдыру жолында еліміз сан түрлі шапқыншылық пен басқыншылықты бастан өткерді. Бірде жеңіп, бірде жеңілген «итжығыс» өмірде аз қан төгілген жоқ. Өмірі осындай аумалы-төкпелі күн кешумен өткен қазақ халқына бір кездері жер бетінен жойылып кету қаупі шындап төнген еді. Алты Алаштың азаттығынан бұрын амандығын ойлаған сол дәуірдегі саясаткерлер 1730 жылдардан бастап орыстың қол астына кіруге қам жасады. Алайда, ұлт зиялылары орысқа бодан болған жылдарда халқымыздың тіл, дін, діл, әдеп-ғұрып, салтдәстүрінен біртіндеп ажырап, өз болмысынан мақұрым бола бастағанын түйсінді. Одан бөлек қуғын-сүргін, қолдан жасалған аштық, соғыс секілді нәубеттер қазақты қынадай қырды. Ойы озық, көзі ашық азаматтар жазықсыз атылып, атылмағаны итжеккенге айдалды. Қазақтың өзін-өзі қорғаудағы қарсылығы, бетке шығар қаймақтарымыздың болашақ, әділдік үшін жүргізген күресі тарихта бұрмаланып, қағаз бетіне қате түсіріліп жатты. Елім деген ерлер «халық жауына» айналды. Ашығын айтқанда, патшалық Ресей де, КСРО да қазаққа қарсы озбыр саясат жүргізді. Ұлттық иммунитетіміздің бойымызда бұлқынып жатқанын білдіретін бір дәйек – озбыр саясатты құптамаған мінезді қазақтың ауық-ауық болса да билікке қарсылығын ашық көрсетуі еді. Оған әр жылдарда орын алған түрлі ұлт-азаттық көтерілістер, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі нақты дәлел бола алады. Қазақ бодандықта жүріп, бұғаудан мойны босамағанымен еркіндікке «елес» деп қарамай, оның жүзеге асуы мүмкін екенін санасымен түйсінді, жүрегімен сезінді. Бүгінде кейбіреулер тәуелсіздікті КСРО-ның ыдырауына байланысты қазақтың басына опоңай қона қалған бақ деп ойлайды. Ал негізінде еліміз алғаш азаттық алғанда халқымыздың езгіде жүргенін жан-тәнімен сезінетіндер көзіне қуаныштың жасын алды. Бұл күні жанын азаттық жолында құрбан еткендердің де рухы бір аунағаны анық. Өйткені бұл шын мәнінде еркіндікке қол жеткізу үшін ата-бабамыздың, кешегі Желтоқсан көтерілісінде құрбан болған қайраткерлердің төгілген қанының өтеуі еді. Осыны ұрпақ ұмытпауы керек. Біздің тәуелсіздікті тілге тиек етуіміздің өзіндік себебі де бар. Өйткені 1990 жылы 25 қазанда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасында ең елеулі оқиға ретінде «Қаз ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларацияға қол қойылды. Бұл қазақ елінің азаттығын айқындайтын маңызды құжат. Осы арқылы егемен еліміздің тарихында тәуелсіз Қазақстанның жаңа парағы ашылды. Осы құжат арқылы ұлттық салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртуға, қазақтың тілі мен дінін, тілін түлетуге, тәуелсіздігімізді жариялап, елдігімізді айғақтайтын Мемлекеттік Рәміздерімізді бекітуге, өз қазынамызға өзіміз ие болып, дербес мемлекет ретінде өз саясатымызды өзіміз жүргізуге, халықаралық қатынастарды нығайтуға, төл теңгеміз – өз валютамызды айналымға шығаруға мүмкіндік туды. Осы тектес көптеген игіліктерге ие болуымызға аталған декларация негіз болды. 1995 жылдан бастап Республика күні ұлттық мереке ретінде тойланғанымен, 2001 жылы бұл мәртебе жойылып, Республика күні мемлекеттік мерекеге ауысты. Ал 2009 жылы осы атаулы күн мемлекеттік мерекелер тізімінен мүлде сызылып тасталды. Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Өйткені бұған дейін 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні елімізде ұлттық мереке ретінде тойланып келген еді. Сол жиында Мемлекет басшысы: «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның 25-ін жыл сайын еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын» деп, Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтарудың мән-маңызын ашып көрсетті. Осылайша Президенттің бастамасымен Республика күні ұлттық мерекесі бірнеше жылдан кейін елімізде алғаш рет қайта аталып өтті. Сол салтанатты іс-шарада Президент: «Енді бұл мейрамды күллі ел болып жаңа мазмұнда атап өтетін боламыз. Қайта жаңғырған Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам», деді. Еліміз егемендікке қол жеткізген жылдарда тәуелсіз жас мемлекетіміздің иығына биік белестерді бағындырудың, халықты бақыт мекеніне бастаудың үлкен жауапкершілік жүгі артылды. Әлемді қыспаққа алған қаржы дағдарысы, тоқыраудағы қиынқыстау кезең елді етегінен тартып, мемлекетіміз тығырықтан шығудың қамымен болды. КСРО тарап, азаттық алғанда халықтың қажетін қамтамасыз ететін өндіріс орындарының негізгі көзі Қазақстаннан тыс аймақтарда орналасуы, алғаш жекешелендіру саясатының дұрыс жүргізілмеуі, жұмыс орындарының қысқаруы, айлық-жалақының уақытылы берілмеуі, халық күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларының көзден бұлбұл ұшуы секілді қиындықтар ел еңсесін түсірген жоқ. Өзгелер де біздің өз бетімізше күн көре алатынымызға, мемлекет болып кететінімізге күмәнмен қарады. Бірақ тағдырлы халықты сабырлылығы талай тығырықтардан аман алып шықты. Анығын айтқанда, ұзақ жылдар бойы тар қапаста, бұғауда болған ұлттық рухымыз сол кезде оянып, еркіндік ұғымы бұқараның санасын серпілтті. Халқымыз бастысы өз тәуелсіздігіміз өз қолымызда болғанына жұбанды, болашаққа сенді, осылайша бір адамның соңынан еруге бекінді. Сол сәттен бастап Қазақстан өзіндік көзқарасы бар дербес мемлекет ретінде әлемге таныла бастады. Жоғарыда атап өткеніміздей, қабылданған декларация Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасы саналды. Жалпы, дербес мемлекет атанған тәуелсіз Қазақстанда Елтаңба, Ту, Әнұран секілді Мемлекеттік Рәміздеріміздің дер кезінде арнайы заңмен бекітілуі тәуелсіздігімізді нығайтты. Бүкілхалықтық талқылау өткізу арқылы Ата Заңымыздың қабылдануы да азаттығымызды айшықтай түсті. Егемен ел атанған алғашқы жылдардың өзінде-ақ республикамыздың алғашқы сом алтыны шығарылып, елімізде алтын қорын жинау ісі қолға алынды. Елдің тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында ішкі істер әскері құрылды, жеріміз ядролық қарудан босап, 1993 жылы ұлттық төл теңгеміз тұңғыш рет айналымға енді. Тағдыршешті тірліктерді табандылықпен атқару арқылы мемлекеттік шекараларымыз шегенделді. Қаржылық дағдарыс қанша қыспаққа алса да, ғарышқа бір емес, үш мәрте қазақ азаматын ұшыру қай-қайсысымыз үшін де орны бөлек мақтаныш. Жастардың шетелде білім алуы үшін дайындалған «Болашақ» бағдарламасы немесе білім саласында жүргізілген реформалар өскелең ұрпақтың өрісін кеңейтуге мүмкіндік сыйлады. 1997 жылы Арқа төсінен әсем Астана тұрғызу ел абыройын асқақтатумен қатар, ауыл тұрғындарының құрылыс немесе басқа да салалар бойынша Елордадан нәпақа табуына жол ашты. Мұның солтүстік аймақты қазақыландыруға да үлкен септігі тигені анық. Қазақстанның 2003-2015 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасының қабылдануы секілді басты міндеттердің жүзеге асырылуы халықтың әл-ауқатының көтерілуіне негіз болды. Жалпы Қазақстанда 1997 жыл – Жалпыұлттық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу, 1998 жыл – Халықтар тұтастығы мен ұлттық тарих, 1999 жыл – Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы, 2000 жылы – Мәдениетті қолдау жылы болып жарияланып, ауқымды іс-шаралар атқарылды. 2001-2010 жылдары Тілдерді қолдану мен дамытудың он жылға арналған мемлекеттік бағдарламасы және «Тілдің үш тұғырлығы» ұлттық мәдени жобасы іске асырылды. 2002 жыл – Денсаулық жылы болып бекітілсе, 2003-2005 жылдар ауылдарды дамытуға арналды. Әрбір атаулы жылға ерекше көңіл бөлініп, негізгі бағытта жұмыс жасаудың нәтижесінде етек-жеңімізді жинап, ел экономикасының қалыпты дамуына оң бағыт алдық. Рухани, мәдени, экономикалық және әлеуметтiк тұрғыдағы құнды қазынамыздың толыса түсуіне «Мәдени мұра» ұлттық жобасының 2009- 2011 жылдарға арналған тұжырымдамасының тигізген септігі де мол. Қазақстанда ішкі тұрақтылықты сақтау мен оны нығайтуға баса мән беру халқымыздың бейбітсүйгіш ел екенінің айғағы. Қазақы болмысымызды көпке танытып, даңқымызды асқақтатқан ең негізгі оқиғаның бірі – Қазақ қандығының 550 жылдығының кең көлемде аталып өтілуі. Бұл тәуелсіздіктің отыз жылдығына дейін мемлекет тарихында болған елеулі оқиғалардың бірі. Сол секілді қазақтың атын әлемге танытуда елде өткен әралуан тақырыптағы халықаралық жиындар, спорттық жарыстар, сан түрлі әлемдік додаларда топ жарған қазақстандықтар елеулі рөл атқарды. Жалпы тәуелсіздіктің отыз екі жылдығында атқарылған татымды тірліктерді тізбелесек жалғаса береді. Мемлекет тарихындағы осындай елеулі оқиғаның бірі – Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ретінде ел басқару ісіне кірісуі. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бүгінгі таңда іс жүзінде жүйелі жүргізіле бастады. Әсіресе «Қаңтар оқиғасынан» кейін халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, барлық азаматтардың мүддесін бірдей қорғау басты шартқа айналды. Мемлекетіміз «Әділетті Қазақстан» құруға бет алды. Президенттің бастамасымен ел-жұртты ортақ мақсатқа ұйыстыратын Ұлттық құрылтай екінші жыл қатарынан шақырылып, онда ұлттың болашағына оң әсер ететін елдік мәселелер талқыланып, жүзеге асырыла бастады. Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда және халыққа арнаған Жолдаулары мен басқа да жиындарда айтқан ұсыныс, тапсырмалары арқылы қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартудан бастап, елдік деңгейдегі мәселелерге дейін біртіндеп шешімін тауып келеді. Оның қатарында мұғалімдердің, дәрігерлердің, өртсөндірушілердің, мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбекақысын арттыру, халыққа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға жағдай жасау, тұрмысы төмен отбасыларды қолдау, жастарға төмендетілген пайызбен несие беру, тұрғын үй мәселесін шешу, ауылдық жердегі халықтың тұрмысын жақсарту жобасын жүзеге асыру секілді толайым тірліктер бар. Абай, Ұлытау, Жетісу секілді үш облыстың құрылуы, жердің шетелдіктерге сатылуына тыйым салу, заңсыз берілген жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, оны шын мұқтаждарға беру, «Жайлы мектеп», «Ұлттық қор – балаларға» секілді тағы да басқа жобалардың жүзеге асуы да халықтың ойынан шыққан ұтымды бастамалардың бірі болды. Сонымен қатар ауыл және аудан әкімін халықтың өзі сайлауына мүмкіндік беру, облыс әкімін баламалы негізде тағайындау, Парламент Мәжілісі мен облыстық мәслихаттар депутаттарын аралас жүйе бойынша сайлау да елімізде ашықтықтың қамтамасыз етіліп жатқанын көрсетеді. Мемлекеттік қызмет жүйесінің тиімділігін арттыру, Президенттік Жастар кадрлық резервін жалғастыру, білікті және отаншыл, кәсіби азаматтардың мемлекеттік қызметке келуіне мүмкіндік беру секілді іргелі істер сәтімен жүзеге асырылуда. Ел мүддесі үшін қолға алынған жүйелі реформалар мен бастамалар халқымызды ұшпаққа шығаратыны анық. Дегенмен біз бір нәрсені ұғынуымыз керек. Ол – қайткен күнде де тәуелсіздіктен ажырамау. Ендігі жерде бабалар ерлігі мен олардың қайраткерлігіне, мықтылығына, мемлекетіміздің бүгінгі қол жеткізген жетістігіне масаттанып, малдану аздық етеді. Әр адам өз жұмысын сапалы атқаруға, заманның, қоғамның ыңғайына қарай өзгеріп, бәсекеге қабілетті болуға тырысса, Отанды, елді, жерді сүюге сөзбен емес іспен кіріссе, сонда ғана елдік туымыз көкте желбірей береді. Бастысы тәуелсіздіктің баянды болмағы елдің еңбекқорлығы мен бейбітсүйгіштігіне, адалдығы мен бірлігіне байланысты. Қазақы қалпымыз бен салиқалы салтымыздан танбай, еркіндіктің қадірін үнемі есте ұстасақ, асқақ рухымыз аласармайды.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ
nurymsyrgabaev28@gmail.com