Министр: Мұғалімнің біліктілігі тәжірибесіне қарай бағалануы тиіс
- author AR-AY
- Бүгін, 10:47
- 8
Астанада орталық атқарушы органдар мен ауыл әкімдерінің қатысуымен өткен диалог-платформада Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдерді аттестаттау қағидаларын қайта қарау бағытында жұмыстар жүріп жатқанын мәлімдеді.
Талқылау барысында ауыл әкімдері магистратура бітірген педагогтерге біліктілік санатын автоматты түрде беру жөнінде ұсыныс көтерді. Министр бұл мәселе бойынша өз ұстанымын білдіріп, педагогтердің кәсіби деңгейі нақты тәжірибесімен бағалануы керектігін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздарды қолдауды күшейтуді тапсырды. Осыған сәйкес «Педагог мәртебесі туралы» заңға түзетулер енгізіліп жатыр. Ұсыныстарды ескере отырып, аттестаттау қағидаларын қайта қарау мәселесі пысықталуда. Соның ішінде авторлық бағдарлама әзірлеуге қатысты да қоғамда пікірталас бар. Ал магистратура бітірген мұғалімдерге бірден біліктілік санатын беру – дұрыс шешім емес. Себебі мұғалімнің шеберлігі оның практикасымен, сабақ беру деңгейімен бағалануы тиіс», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Кездесуде министр шағын жинақты мектептерді қолдау шаралары күшейтілетінін де жеткізді. Ауылдық білім сапасын арттыру, оқу үдерісінің тиімділігін көтеру мақсатында педагогтерді тарту және оларды қолдау бойынша жаңа бастамалар іске асырылмақ.
Айта кетейік, министрлікке қазіргі уақытта аттестаттау қағидаттарын қайта қарауға қатысты педагогтер тарапынан көптеген ұсыныстар түсіп жатыр. Бүгінде елдегі білім беру саласында 600 мыңға жуық мұғалім еңбек етеді.


