Сөредегі тауар атаулары қазақша жазылуы тиіс
Бүгінде жұрттың көзі тауарлардың шала қазақша атауына үйреніп кеткендей. Тіпті өз тілімізді қорлап, қате жазып жатса да мән бермейтін болдық. Шетелден келген киімнің сыртына «еркек қорқақтар» деп жазып қойған масқараны да көзіміз шалған.
Дүкендердің сыртында, сауда орындарының маңдайшасында, әртүрлі жарнамаларда орын алған қателіктер әлі де кездеседі. Өйткені қазақшамыз оңалмай тұр. Бір көңілге медеу боларлығы, облыста осындай олқылықтардың орнын толтырып, халыққа, әсіресе сауатсыз жазуға жол бергендерге кеңес беретін арнайы қоғамдық бірлестіктер бар. Соның бірі – «Елім-ай Достық» қоғамдық бірлестігі. Олар «Көрнекі ақпарат пен жарнама тілін бір жүйеге келтіруге бағытталған іс-шаралар кешенін ұйымдастыру» жобасын жүзеге асыруда. Осыған орай қоғамдық бірлестік жақында «Magnum» сауда үйіне барып, кеңес беру жұмыстарын жүргізді.
Бір жыл бұрынғы айтылған кемшіліктер бойынша «Magnum» сауда үйі басқа да дүкендерге, сауда алаңдарына үлгі боларлықтай нәтиже шығарыпты.
– Осылай жұмыс істеп келе жатқанымызға екі жылдың жүзі болды. Көбіне аудандарда тиісті тұлғалар қателікті түзетуге талпынбайды. Біз тек ақыл-кеңес береміз. Тұтынушыға сапалы жазылған мәтінді ұсына отырып, біз оның қазақ тіліне деген көзқарасын қалыптастыруға ықпал жасаймыз, – дейді осы ұйымның координатары Айжан Әуелбекова.
Еріктілер мен топ мүшелері кәсіпкерлерді жоба мақсатымен таныстырып, заңнамадағы жаңашылдықтар туралы айтып, түсіндірме жұмыстарын қайта жүргізді.
Осындай түсіндірме жұмыстары өткен аптада бірқатар аудандарда жалғасын тауыпты. Жоба аясында мониторингтік топ мүшелері Шу ауданында сыртқы жарнама өнімдері мен көрнекі ақпараттың Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының нормаларына сәйкестігіне мониторинг ұйымдастырған екен. Аудандағы бизнес нысандарының көбі Шу қаласындағы сауда орындары мен теміржол вокзалының маңында орналасқан көрінеді. Ондағы кәсіпкерлердің заман талабына сай жұмыс істеуге тырысатыны байқалған. Бұған заманауи билбордтар, баннерлер мен жарнама құралдарының көптеп ілінуі дәлел. Бір айта кетерлігі, Шу ауданындағы аталған жарнама құралдарының бірі қатеге толы болса, тағы бірі жыртық, келесі бірі лас көрінеді. Өткен жылдың мониторингілерінің қорытындылары бойынша анықталған ескертпелермен де жұмыс жасалмапты.
Э.Тілеубердіқызы
Келесі мақала